Accessibility links

Қазақстанда «Қазғарыш - астрофизикалық зерттеулер институты» деп аталатын жаңа кәсіпорын құрылады


Жаңадан құрылғалы отырған мемлекеттік кәсіпорын құрамына «Радиоэлектроника институты» «Астрофизикалық институт» және тағы бірнеше кәсіпорын кіреді деп жоспарланған. Бұл жоба ғарыш саласын дамыту жөніндегі бағдарлама мақсаттарын біріктіріп, басқарып жүзеге асыру үшін, арнайы жасалған. Бұған дейін, Қазақстан президенті дәстүрлі елге жолдауында «Байқоңыр» ғарыш кенішін жалға берумен шектелмей, Ресеймен ғарыш жобаларына бірлесіп қатысу керек деген болатын. Содан кейін, ғарыш саласын дамыту жөніндегі ауқымды бағдарлама жасалды. Осы құжатта көрсетілгендей, болашақта, Қазақстанда ғарыш аппараттары жасалып, жіберілетін болады.

Ол үшін, ғарыш саласындағы инфрақұрылымды дамыту жоспары алға қойылған. Қазақстанның ұлттық аэроғарыш комитетінің маманы Нұрлан Өтембаевтің пікірі де осыған саяды:

- Ғарыш инфрақұрылымын салу үшін, маман керек. Мамандар Қазақстанда бар, бірақ, көп емес.

Қазақстан өз күшімен ғарыш серіктерін жасаудан үміттеніп отыр. Бұл өз кезегінде байланыс, теледидар, жердің экологиялық бақылауы, радиациялық қауіпсіздік, карта жасау саласын дамыту және тағы бірнеше мақсаттарға қол жеткізіледі делінген. Бірақ, бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін, орасан жұмыс атқару керек, дейді білім және ғылым міністрі Жақсыбек Құлекеев. Ғарыш саласына қажет мамандарды оқыту және мамандардың біліктілігін шет елдерде көтеру осы жұмыстардың қатарындағы маңыздысы. Жалпы, ғарыш саласын дамыту бағдарламасын жүзеге асыру үшін, 42 миллиард теңге сұралған. Оның сыртында, үш ірі жоба алға қойылды. Теледидар және байланыс саласын дамытуға қажет «ҚазСат» атты жасанды жер серігімен орбитаға ғарыш апараттарын шығаратын «Бәйтерек» зымыран кешені жобасына 41 миллиард көзделіп отыр. Алматыдағы астрофизикалық зерттеулер орталығының маманы Есмаханбет Исмаилдің пайымдауынша, орбитаға ауыр аппараттарды шығаратын ғарыш кешендері әлемде тек бірнешеу ғана, демек, «Бәйтеректің» Қазақстан үшін тиімділігі арта түспек:

- «Бәйтерек» ғарыш кешенін пайдаланып біз өзіміздің жасанды жер серіктерін ғана емес, өзге елдердің де серіктерін орбитаға жібере аламыз.

Ал, «ҚазСат» жасанды жер серігі 10-12 жыл қызмет етіп, жұмсалған қаражатты 3 жылда өтейді, деген болжам жасалған. Ал, Қазақстанның ұлттық аэроғарыш комитетінің маманы Нұрлан Өтембаевтің пікірінше, қаржы өтелуінің мерзімі ұзарып кетуі мүмкін:

- 3 жылдан көбірек, бірақ, салған барлық қаржы қайтіп келеді.

Экономика міністрінің мәліметінше, ғарыш бағдарламасына қажет қаражат 2005-2006 жылдардың бюджетіне енгізіліп те қойған. Ғалымдардың пікірінше Қазақстан бұл жасанды жер серігін Ресей мамандарына жасатып шығындалған, дегенмен бұл коммерциялық жоба емес, Қазақстан үкіметінің жаңадан қолға алынған ғарыш саласына жасаған қолдауы, дейді ғалымдар. Үкімет өкілдерінің пікірінше, бұл жобаның іске асырылуы телекоммуникация әсіресе интернет саласын дамытуға себін тигізеді. Алматыдағы астрофизикалық зерттеулер орталығының маманы Есмаханбет Исмаилдің пайымдауынша, жер серігінің пайдасы мұнымен шектелмейді:

- Мұнай, энергетика, тау-кен, телемедицина салаларын дамыту.

Ғарыш саласын дамыту жөніндегі бағдарламадағы үшінші жоба талаптары бойынша, жаңа кәсіпорын құрамында арнайы құрастыру бюросы мен ғарышты бақылау орталығы құрылады деп хабарланып отыр. Осылайша, ғарыш саласын 2005-2007 жылдарға дейін дамыту жөніндегі бағдалма көмегімен Қазақстан ірі ғарыш мемлекетіне айналуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде, Қазақстан экономикасын жаңа жоғары орбитаға шығарады деген жорамал жасалған.
XS
SM
MD
LG