Accessibility links

Ақтау қаласындағы 8 ай бойы жалақы алмаған химиялық зауыт жұмысшылары алдағы уақытта аштық жариялаймыз деп отыр


Маңғыстау облысында орналасқан тыңайтқыш өндіретін 3 бірдей химия зауытының мыңға жуық жұмысшысы 8 айдан бері жалақы алмай отырғандарына наразылық білдіріп, осы 3 мекемені біріктіріп отырған «Ақтау ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылығына 3 талап қойып отыр. «Егер де алдағы 10 күн шамасында бұл талаптарымыз қанағаттандырылмаса, аштық жариялайтын боламыз» дейді осы зауытта 1988-ші жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Ақсұлу Исимбаева. Маңғыстау облыстық тәуелсіз кәсіподақтар одағының төрағасы Мұхтар Үмбетовтың айтуынша, кәсіпорынның жұмысшылар алдындағы берешегі 500 миллион теңгеден асып кеткен.

Ақтау қаласындағы химия зауытында 16 жылдан бері жұмыс істейтін 43 жастағы Ақсұлу Исимбаева жүргізушілікті кәсіп қылған күйеуінің жалақысы ештеңеге жетпейтінін айтады. «Әйтпесе, зейнетінен бейнеті көп осы жұмыстан шығып-ақ кеткім келеді. Оның үстіне соңғы 8 ай жалақы көрмей әбден қиналдық» дейді Ақсұлу Исимбаева:

- Біздің жұмысымыз өте ауыр. Тыңайтқыш шығарамыз ғой. Оның ішінде қышқыл бар, аммиак бар. Айлығымыз 23-25 мың теңге. Оның өзін бермей жатыр емес пе. 2000-шы, 2001-ші жылдың ақшасын бермей қойды. 2004-ші жылдың ақпан айының ғана жалақысын алдық. Дәл қазір зауытта қанша алашағым бар екенін де білмеймін. Өйткені, ешқандай анықтама құжат бермейді. Сотқа берейік десек, қанша берешек екенін білмей дал болып отырмыз. Зауыт жақында ғана Қытайға тыңайтқыш жөнелтті. Содан түскен ақшадан жалақымызды берсін. Тым құрымаса есеп берсін. Зауыт басшылығы бізбен сөйлеспейді де. Бір жұма күтеміз. Ешқандай әрекет болмаса, 3 зауыттың жұмысшылары аштық жарияламақпыз.

Ақсұлудің бұл сөзін оның зауытта бірге жұмыс істейтін құрбысы Марина Мазурова да қуаттап отыр. «Бұған дейін 3 рет наразылық акциясын өткіздік. Осы жолы облыстық әкімшілік пен кәсіпорын басшылығы қандай да бір оңтайлы шешім қабылдамайтын болса, біздің аштық жариялаудан басқа амалымыз да қалмайды» дейді химия зауытының жұмыскері Марина Мазурова:

- Біз 1 апта күтуге келістік. Осы аралықта бір өзгеріс болмаса, біз аштық жариялауға мәжбүр боламыз.

1 мың 200 адам жұмыс істейтін 3 бірдей зауыт «Ақтау ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамына енеді. Біз жұмыскерлер наразылығына орай кәсіпорын директоры Виктор Даниловқа хабарласқанымызда бастығының орнында жоқ екенін айтқан хатшы қыз сәлден кейін хабарласуымызды өтінді. Осыдан кейін де біз «Ақтау ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кеңсесіне сан рет қоңырау шалдық. Кәсіпорын директоры Виктор Даниловтен түсінік алу мүмкін болмады. Ал Маңғыстау облыстық тәуелсіз кәсіподақтар одағының төрағасы Мұхтар Үмбетовтың айтуынша, аталған кәсіпорынның жұмыскерлер алдындағы берешегі 500 миллион теңгеден асып кеткен:

- Біз осы мәселемен қала әкіміне, облыс әкіміне, прокуратураға, Үкіметке шағымдандық. Ешқандай жауап жоқ.

Ал Маңғыстау облыстық экономика, өнеркәсіп және сауда басқармасының бастығы Әділбек Күшеров: «бізді дәл қазір зауыт жұмысшыларының емес, кәсіпорынның болашағы қатты алаңдатып отыр» дейді:

- Өткен аптада біз «алдағы уақытта қандай әрекеттер жасаймыз» деп, олардың негізгі құрылтайшыларына хат жаздық. Анығында зауыттың тек өзінің жұмыскерлеріне ғана емес, Қазақстан Үкіметіне де 300 миллион теңгедей берешегі бар. Зауыттың басты құрылтайшысы Канадалық фирма. Оның басшысы Гайдамак деген азамат. Өткен жылдары осы кәсіпорынға жап-жақсы ақша салып, оның ахуалын көтеріп тастаған болатын. Өкінішке орай, соңы осылай оңбай тұр. Оның да әртүрлі себептері бар. Біріншіден: зауыт ескі, энергияны көп қажет етеді. Біз өткен аптада 2 рет халықпен кездестік. Оларға зауыттың жекеменшік мекеме екенін түсіндіріп, жұрт шеруге шықты екен деп біздің біреудің ақшасын тартып алып, сіздерге беретін құқымыз жоқ деп айттық.

Ал Маңғыстау облыстық тәуелсіз кәсіподақтар одағының төрағасы Мұхтар Үмбетовтың айтуынша, қазір аймақта Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Сұлтанбек Мәкежановтың басшылығымен 3 жақты комиссия жұмыс істеуде. «Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселенің тек республикалық деңгейде шешілетінін, алдағы аптада 3 жақты комиссия мүшелері, яғни, жұмыс берушілер, жұмысшылар және Үкімет тарапынан өкілдер Астана қаласында бас қосатынын айтты» дейді Мұхтар Үмбетов
XS
SM
MD
LG