Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11- 17 - 2004


Тәуелсіз басылымдарда Қазақстандағы саяси жағдайларға қатысты талдау жасалыныпты. Сондай-ақ мерзімді басылымдар терроризм мен экстремизм мәселесіне де айрықша назар аударыпты.

“Орал” қаласында шығатын “Жүздесу” басылымының №46 санында жарық көрген “Қазақстандағы саяси жағдай” атты мақалада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың парламенттің ескі құрамын мерзімінен бұрын таратып жібергендігіне байланысты талдау жасалыныпты. Мақала авторы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Парламенттен орын таппаған депутаттар Спикердің басшылығымен алдағы уақытта Президентке импичмент жариялауы мүмкін деген күдікпен осындай қадам жасауға мәжбүр болды деген қорытынды жасапты. Газет тілшісінің айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев 90 жылдардың басында Жоғарғы Кеңестер тарапынан осындай қадам жасалынбақшы деген суық хабарды естігеннен кейін, оларды таратып жіберген. Сондай-ақ мақала авторы қараша айындағы саяси оқиғаларға талдау жасай келіп, “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменовтың депутаттық мандаттан бас тартуын билікке жасалған үлкен соққы ретінде бағалапты. Мұның себебін мақала авторы бір де бір оппозицияның өкілі жоқ Парламентті әлемдік қауымдастық ешқашан да мойындамайтындығымен түсіндіріпті. “Жүздесу” апталығының хабарлауынша, Орталық Сайлау комиссиясы “Ақ жолдан” Бәйменовтың орнына басқа адамның кандидатурасын, мүмкіндігі болса Алтынбек Сәрсенбайұлына мандат беруге ұсынуды өзі сұрап жүр.

“Азат” газетінде жарық көрген Саржан Қайдауылдың мақаласында уақыт өткен сайын Қазақстандағы оппозициялық партиялардың күшейіп келе жатқандығы сөз болыпты. Мақала авторының айтуынша, әсіресе “Ақ жол” партиясының таза оппозициялық жолға түсуі билік позициясының әлсірей түсуіне септігін тигізген. Газет тілшісі Қазақстандағы оппозициялық партиялардың Мәжіліс сайлауы қарсаңында ширыға түскендігін сөз қылып, оның күшті тегурінінің биліктің біраз жіпті босатуына әсер еткендігіне тоқталып өтіпті. Осыған дәлел ретінде мақала авторы Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының тіркелгендігін, “Ақ жол” демократиялық партиясының аяғынан нық тұрып алғандығын мысалға келтіріпті. Мақала авторы, Заманбек Нұрқаділовтың өткір сындары мен мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбайдың депутаттық мандаттан бас тартып, “Отан” партиясының қатарынан шығуы оппозицияға көп ұпай әкелді деп санайды.

Сондай-ақ сәрсенбі күні жарық көрген мерзімді басылымдар экстермизм мен терроризм мәселесіне де кеңірек тоқталыпты. “Известия” газетінің “Қазақстан” қосымшасында жарық көрген Игорь Воротнойдың мақаласында Қазақстан аумағында “Орталық Азиядағы Жамаат моджехед” ұйымының адамдарының ұсталғандығы хабарланыпты. Ұлттық Қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші оырнбасары Владимир Божконың айтуынша, бұл террористік ұйымның эмиссарлары Ахмет Бекмырзаев пен Жақсыбек Баймырзаев кейбір адамдардың осы ұйымның мүшелігіне кіруіне ықпал жасаған.

“Егемен Қазақстан” басылымының сәрсенбілік санындағы ақпараттар ағымында Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасының Сыртқы Істер министрі Қасымжомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Сыртқы Істер министрлер кеңесінің кезекті мәжілісінің өткендігі туралы дерек келтіріліпті. Газет тілшісінің хабарлауынша, кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар, жаппай қырып-жою қаруларын таратуға белсенді қарсы тұруға бағытталған саясат саласы бойынша мәлімдемеге қол қойған.

“Айқын” басылымы соңғы жылдары Орта Азия аумағында терроризм қаупінің күшейіп келе жатқандығын хабарлапты. “Айқын” газеті келтірген деректерге жүгінсек, Қазақстанда ресми тіркелген 3215 діни ұйым бар екен. Газет тілшісі осы ұйымдардың кейбіреуінің Қазақстан аймағында қандай мақсатта жұмыс жасап жатқандығының белгісіз болып отырғандығына тоқтала келіп, бұл ахуалдың мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер туғызатындығына айрықша тоқталып өтіпті.

“Литер” басылымының бірінші бетінде “Қазақстанға терроризм қаупі төнуі мүмкін бе” деген сауалнама жүргізіліпті. “Легион” атты әскери-партиоттық клубтың төрағасы Батыр Әбдісалымовтың пікірінше, Қазақстанда кез-келген уақытта террорист-жанкештілердің пайда болуы ықтимал. Сенатор Жабайхан Әбділдин терроризм идеологиясына қарсы күресті бастау қажет деп есептейді екен. Жабайхан Әбділдиннің пікірінше, террористер айтып жүрген идеялардың ислам қағидаларымен мүлде үйлеспейтіндігін бүкіл әлемге түсіндіру керек.

“Экспресс К” басылымының сәрсенбілік санында шет елдік “Аль Қайда”, “Шығыс Түркістан” атты исламшыл партияның және Күрд халық конгресі ұйымының Қазақстанның қауіпсіздігіне қатер төнгізуі мүмкін екендігі туралы талдау мақала жарық көріпті.
XS
SM
MD
LG