Accessibility links

Солтүстік Қазақстан облысында жас қыздарды жыныстық қызмет үшін құлдықта ұстаған бір адамның қылмысы әшкереленді


Петропавловск қаласының тұрғыны 26- жасар Татьяна есімді әйел бірінің жасы мүлдем кәмелетке толмаған төрт жас қызға қаладан айлығы 10 мың теңгелік бала бағушының жұмысын тауып беруге уәде етеді деп баяндайды «Азаттық» радиосына Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер басқарамасының баспасөз хатшысы Қабденов Спартак: - Аудандардан қыздарды: «Ақша төлейміз, жәрдемдесеміз. Жұмыссыз отырсыңдар, бала күтесіңдер», - деп алып келген. Кейбір қыздардың шешелері бірге келген. Оларға балаларды, пәтерді көрсетіп, нандырған.

Алайда, қыздардың әке-шешелері кетісімен, оларды екі ай бойы жалдамалы пәтерде ұстап, шақыру бойынша қызмет көрсететін жезөкшелікке салады. - Қыздарды ерлердің тапсырыстары бойынша сауналарға апарып, жыныстық қатынасқа түсірген. Сол үшін олардан ақша алып, қыздарға бермей, өзі алып отырған. Қыздардың бірінің қашып шығуға әрекет етуі сәтсіздікпен аяқталады. Оларды үнемі ұрып-соғып, қорқытып-үркітіп отырған: - Қыздарға: «Егер біреулерге айтсаңдар немесе қашсаңдар, арттарыңа кісі салып, жағдайларың одан әрмен жаман болады», - деген.

Қылмыс кейбір қыздардың әке-шешесінің алаңдашылық танытып қалаға іздеп келуінің нәтижесіне әшкере болады. Жалпы мұндай құлдық жағдайға түсетіндердің көпшілігі әлеуметтік-құқықтық жағынан қорғалмаған, әлсіз топтардан болып келеді дейді Қазақстандағы адам саудасы мәселесін зерттеуші Айнұр Сыдықова: - Мысалы әйелдер. Олар әлеуметтік-саяси жағынан қорғаны жоқ. Балалар. Оның ішінде – қыздар. Ұл балалар да бар. Діни-этникалық азшылық. Жалпы менің сүйеніп отырғаным – дүниежүзілік зерттеулер құлдыққа сондай әлеуметтік азшылықтар түседі деген маңызды қорытындыға келген.

Құлдыққа түсетіндердің шамамен 80 пайызы - әйелдер, олардың арасында 16-17 жастағы божеткендер де бар дейді халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің қызметкері Карима Жанболатова.

Алайда, құлдыққа түсетіндердің көпшілігі арызданғысы келмейді. Себебі, олар бір жағынан оларды құлдыққа ұстағандардың әрі қарай қудалауынан қорықса, екінші жағынан, әсіресе жыныстық қызмет көрсететін құлдыққа түсушілер өз жағдайларының жақындарына жария болғанын қалмайды - дейді Алматыдағы дағдарысқа түскен әйелдер мен балаларға телефон арқылы тегін әрі құпия ақпараттық-психологиялық көмек көрсететін орталықтың қызметкері Валерия Сухачева.

Зерттеуші Айнұр Сыдықованың айтуынша, қазір Қазақстандағы құлдықты қызмет көрсету сипатына қарай екіге бөлуге болады: - Біріншісі – жыныстық қатынасқа түсетін құлдар, екіншісі – еңбек мигранттары, еңбегі қаналатындар.

Бұл тұжырымды дағдарыс орталығының қызметкері Валерия Сухачева да растайды. Мысалы, оның айтуынша, соңғы кезде Өзбекстаннан келген бір бала мен бірнеше қыздар өздерінің құлдық жағдайға түскендерін айтқан.

Құлдыққа түсушілердің барлығы бірдей арыздана бермейтіндіктен, әлі күнге дейін олардың нақты саны белгісіз. Бірақ кейбір даулы деректер Қазақстанда жылына шамамен 70 мың адам құлдық жағдайға тап болады дейді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG