Accessibility links

БҰҰ-ның ЮНИСЕФ қорының мәліметінше, Қазақстан өзін-өзі өлтіру көрсеткішінен Орта Азия бойынша бірінші орында


Біріккен ұлттар ұйымының ЮНИСЕФ қорының Қазақстан Республикасының статистикалық агенттігінің есебіне сүйеніп жасаған соңғы мәліметтеріне қарағанда, 15 пен 19 жас аралығындағы қыз балалар арасында өз-өзіне қол жұмсау көрсеткішінен Қазақстан Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері бойынша бірінші орында. Бұл әрбір 100 мың адамға есептегендегі коэффициент көрсеткіші. Ал ер балалар арасында Ресейден кейінгі екінші орында, - дейді ЮНИСЕФ-тің «Білім және балаларды қорғау» бағдарламасының үйлестірушісі Татьяна Адерихина.

«15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер саны 2004 жылдың 1 қаңтарында 966, 4 мың адамды құрады. Бұл барлық халықтың 6,5 пайызы. Соңғы бес жылдың ішінде республика бойынша жыл сайын 30-ға жуық адам өз-өзіне қол жұмсау оқиғасының құрбаны болып отыр. 1999 жылмен салыстырғанда 2003 жылы жасөспірімдер арасындағы суицид 13 пайызғы өскен», - дейді Қазақстан Республикасының статистикалық агенттігінің Халық статистикасы бөлімінің бас маманы Гүлнәр Қоқанова.

«Жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау оқиғасының көбеюіне әлеуметтік жағдайдың төмендігі және адамға қойылатын талаптың өте жоғары болуы, адамның сол сыртқы қоғамдық-әлеуметтік талаптарға сай болмай, ішкі күйзеліске ұшырауы да әсер етеді. Тағы бір негізгі мәселе, бойларында психологиялық ерекшеліктер байқалған балаларды тапқаннан кейін олармен жұмыс істеуді жолға қою керек. Мысалы, біз қала бойынша 5-7 баланы тапсақ, олардың бойларынан сондай ерекшеліктерді байқап қана қоя саламыз, басқа ешнәрсе істемейміз. Оларға арналған бейімдеу орталықтары болу керек, ондай орталықтар жоқ. Психологтар ондай балалармен жүйелі түрде жұмыс жүргізуі керек», - дейді психолог Ділдә Сақтағанова.

Ал жұртшылық өкілдерінің пікірінше, бұған телеарналарда көрсетілетін кинофильмдердің әсері де бар. Және ата-аналары тарапынан тәрбиені күшейте түсу қажет.

Мамандардың айтуынша, көптеген жайттар адамның өз-өзіне қол жұмсауына апарып соғады. Сондықтан, кез-келген адам жылына 1 немесе екі рет медициналық тексерістен өтіп, мамандармен әңгіме жүргізіп тұрулары қажет. Ал Қазақстанда 15 пен 20 жас аралығындағы әрбір 100 мың адамның 21-і өзіне өзі қол салып, о дүниелік болатын көрінеді. Бұл Орталық Азиядағы орташа көрсеткіштен әлдеқайда көп.
XS
SM
MD
LG