Accessibility links

Ресей елбасы Путин өз елінің ядролық зымырандарын дамытуда екендігін мәлімдеді


Елбасы Владимир Путин Ресей елінің жаңа сипаттағы ядролық зымырандарды дамытып жатқаны жөнінде мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай қару түрін басқа бірде-бір ел иемденіп отырған жоқ. Талдаушылардың пікірінше, Құрама Штаттарының қорғаныс жүйесінің дамытылуына орай, жаңа қарулану жарысы басталып кетуі мүмкін деген қауіппен Ресей тарапы осы зымырандарды дүниеге әкеліп отыр. Бұған орай АҚШ тарапы алаңдаушылық таныта қойған жоқ.

Қорғаныс саласы ресми өкілдері және әскери қолбасшылар кездесуінде, Мәскеуде, сәрсенбі күні сөйлеген сөзінде Путин мырза өз елінің жаңа сипаттағы ядролық зымырандарды әзірлеп жатқаны жөнінде хабарлады. “Біз бұдан былай да әскери күштерді жасақтау ісін, оның ішінде оның ядролық бөлігі де бар, табанды түрде және біртіндеп дамыта беретін боламыз. Жаңа тұрпаттағы зымырандық-ядролық жүйені біз зерттеп және табысты түрде сынақтан өткізіп қана қойып жатқан жоқпыз. Сондай-ақ таяу жылдарда олардың әскери салада пайда болатындығына сенімдімін. Және мұндай жүйелер басқа ядролық мемлекеттерде жоқ және таяу жылдарда бола қоймайды”-, деді Путин мырза.

Ресей елбасы істің бұдан былайғы егжей-тегжейін айта қойған жоқ. Алайда, Путин мырза аталған мәлімдемені неліктен дәл осы уақытта және қандай оймен жасады?- деген сауал көбейе түсуде.

Мәскеудегі қорғаныс бойынша сарапшы Павел Фелгенхауердің пікірінше, Ресейдің күштері, оның ішінде ядролық күштері сын көтермейтін дәрежеде. Путин мен Қорғаныс министрлігі үшін “елдің қорғаныс күші әлі мықты дәрежеде, сондықтан әлем бізбен санасады”, деген пікірге Ресей халықын сендіру аса маңызды болып отыр, дейді сарапшы. Бұдан үш жыл бұрын Құрама Штаттары өзінің зымырандық қорғаныс жүйесін дамыту үшін 1972-ші жылы қол қойылған Баллистикалық зымырандар қорғаныс келісімінен шығатыны жөнінде мәлімдегені белгілі. Сарапшы Фелгенхауердің пікірінше, содан бергі аралықтағы өзгерістер Ресейдің жоғарыда аталған қадамға баруына түрткі болса керек.

Сарапшының пікірінше, Путиннің сәрсенбі күнгі мәлімдемесі мынаны аңғартады. АҚШ елбасы Рональд Рейган зымырандық қорғаныс жоспары жөнінде бірінші боп жариялағаннан кейін, 1980-ші жылы ресми Мәскеу шабуыл қару түрлерін зерттеуді бастап кеткен болатын. Путиннің мәлімдемесі осы істі Ресейдің қайта жаңғыртқандығын аңғартып отыр, дейді Фелгенхауер.

АҚШ-тың ядролық қорғаныс жүйесіне қарсы тұрудағы Ресей стратегиясының басты бөлігінің бірі- зымырандарын жаңа және икемді оқтұмсықтармен жабдықтау, дейді сарапшы. Сәрсенбі күні Уашингтонда сөйлеген сөзінде Мемлекеттік департамент өкілі Адам Ерели: “Ресейдің ядролық қарулары мен оның жаңалау шараларын біз қауіп төндіру ретінде қабылдап отырған жоқпыз. Олардың бұл жасап жатқан қадамдары Мәскеу келісімі бойынша екі ел арасындағы өзара міндеттерге сәйкес жүзеге асуда”,-деді.

2002-ші жылы қабылданған Мәскеу келісімі бойынша Ресей мен Құрама Штаттары 2012-ші жылға дейін өздерінің белсенді ядролық қорларының үштен екі бөлігін, яғни қос елдің әрқайсысы 2 мың оқтұмсыққа дейін қысқартуы тиіс болуда. Алайда бұл келісім бойынша екі жаққа да оқтұмсықтардың қорын жасауға рұқсат берілген.
XS
SM
MD
LG