Accessibility links

Денсаулық саласына бөлінетін қаржы 2010 жылы ішкі жалпы өнімінің 4 пайызын құрамақ


Қарашаның 22-і күні Парламентте өткен үкімет сағатында депутаттар денсаулық сақтау саласын дамыту және реформалаудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысымен танысты. Денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаевтің айтуынша, бірінші рет мемлекеттік бағдарлама жеткілікті деңгейде қаржымен қамтамасыз етілген.

2005-2007 жылдары 165,7 миллиард теңге бөлу және қаржыландыру деңгейін 2010 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің 4 пайызына дейін жеткізу көзделіпті.

Денсуалық сақтау министрі Ерболат Досаевтің айтуынша, жергілікті атқарушы органдар 2005-2007 жылдарға арналған өңірлік бағдарламаларды дайындауда. Ал, биылғы жылдың соңына дейін халыққа амбулаторлық және стационарлық деңгейде тегін мединциналық көмек көрсетудің кепілді көлемі анықталатын болады. Халыққа тегін мединциналық көмек көрсетудің кепілді көлемін қалыптастырудағы негізгі қағидалар тұрғындарға медициналық көмектің қол жетімділігі және оған мемлекет қаржылық мүмкіндігінің сәйкестілігі дейді министр Досаев.

Қазіргі уақытта министрлік тегін медициналық көмек тізімінің кепілді көлемін бекіту туралы үкімет қаулысының жобасын дайындауда екен. Министр дамыған елдерде халықтың 80 пайызы алғашқы медициналық санитарлық көмек деңгейінде тиімді дәрігерлік көмек алады. 2010 жылы біз қаржыландырудың жалпы көлемінің 40 пайыздан кем емес бөлігін алғашқы шепке бағыттауды, яғни аурудың алдын алуға жұмсауға жоспарлап отырмыз дейді.

Министрдің айтуынша, бағдарлама аясында бекітілген тізімге сәйкес 1 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды, сондай-ақ жүкті әйелдерді темір және құрамында йоды бар дәрілермен 2005 жылдан бастап тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету көзеділген. 2005 жылы 20-дан 34 жасқа дейінгі, 2006-2007 жылдары 49 жасқа дейінгі әйелдер, сондай-ақ 18 жасқа дейінгі барлық балалар, ал 2008-2010 жылдары басқа да халық медициналық тексеруден өткізілмек.

Алайда, депутаттар басқа да мәселелерді көтерді. Депутат Бекболат Тілеухан министрліктің жұқпалы аурларға қарсы қандай шара қолданатынын сұрады.Оның айтуынша, студент жастардың 37 пайыздан астамы жыныстық аурулармен ауырады. Министр болса келер жылдан бастап медициналық тексеру жұмыстарының жасалатынын айтып отыр. Ал ауылдағы медициналық ұйымдардың жағдайына келсек, министр оның нашар екенін мойындайды.

Депутат Оңалбай Аяшев халықтың 40 пайызы тұратын ауылда санитарлық машина жоқ. Отырған ғимараттары құлағалы тұр дейді. Ал, министр алдағы үш жылда бұл мәселелер шешімін табады деп отыр.

Депутат Амангелді Айталы бағдарламаны үлкен кемшілігі бар теориялық құжатқа теңеп отыр. Қазақстанның 400 елді-мекеніндегі мекемелер талапқа сай емес. 11 елді-мекенде медициналық мекемелер болуы керек олар жоқ дейді депутат. Депутаттар дәрі сапасы жайын да қозғады. Ал, Досаев мырза бұған Қазақстан дәрі сапасы жағынан 2007 жылдан бастап халықаралық стандарттарға көшеді деп жауап берді.

Бағдарламада Қазақстан аумағын санитарлық жағынан қорғау шаралары да қаралыпты. Бұл орайда темір жол және әуе көлігімен мемлекеттік шекараны кесіп өтетін жерлерге 2005 жылы 26 санитарлық-карантин бекеттерін қайтадан ашу көзделіпті.
XS
SM
MD
LG