Accessibility links

Қазақстан үкіметінің отырысында 2005-2007 жылдарға әлеуметтік реформаларды әрмен қарай тереңдету бағдарламасы мақұлданды


Келер жылдан бастап, Қазақстанда әлеуметтік қамтамасыз етудің үш деңгейлі жүйесі енгізіледі. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсованың айтуына қарағанда, аталмыш жүйенің бірінші деңгейі әлеуметтік қолдауды қажет ететін топтарға мемлекеттік жәрдемақы төлеу базаларына сәйкес жүзеге асырылады. Ал, екінші деңгейінде, келер жылдан бастап енгізілетін міндетті әлеуметтік қамсыздандыру қорына байланысты төлемдер тәжрибеге енгізілсе, үшінші деңгейде, қамсыздандырудың қосымша, әрі ерікті жинақ жүйесі жүзеге асырылады. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсованың айтуына қарағанда, ең төмеңгі тұтыну корзинасының деңгейі де көтеріледі :

- Бұған дейін, ең төмеңгі тұтыну корзинасында 20 түрлі тағам болған. Енді, 43 болады. Мысалы, бұрын тек сүт тағамдарынан сүт болған, қазір сүт те, қаймақ та бар. Еттен қой еті, сиыр еті, соғым қосылды және жеміс қосылды.

Ал, Астана қаласының мүгедектер одағының төрағасы Бақтыбай Мырзабековтың айтуынша, үкімет жәрдемақы деңгейін тым баяу көтереді, ал сақтандыру мәселесі бойынша, өздеріне тиімді жолдарды қарастырады дейді:

- Жәрдемақысы дәнеңе де емес, екі есеге көбейтсе де көп емес мүгедектерге. Бізге келіп, пікірлесіп, ешкім ақылдасқан жоқ, сақтандыру қорынан.

Үкімет отырысында Қазақстан премьер-министрі Даниал Ахметов бұл бағдарламаға сәйкес қажетті қаржы көздері 2005 жылға арналған бюджетте қарастырылғандығын айтты. Үшініші шақырылған Парламенттің ашылуында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылдан бастап, үкіметке барлық әлеуметтік төлемдерді бұрыңғыдай айлық есеп көрсеткіші негізінде емес, ең төмеңгі күн-көріс шегінің индикаторы негізінде белгілеуді ұсынған. Президенттің ойынша, бұл өзгеріс зейнетақыны бағдарламаның бірінші кезегінде 20 пайызға көтеруге мүмкіндік береді. Осыған орай, барлық зейнеткерлерге 2006 жылдан бастап, оның еңбек өтіліне, зейнетақы көлеміне қармастан, жаңадан белгіленген ең төменгі күн көріс шегінің 20 пайызына сәйкес, ай сайын, 1500 теңге көлемінде қосымша жәрдемақы төленетін болады. Болашақта, мұндай базалық зейнетақы төлемдерінің көлемін 70-пайызға дейін жеткізу қарастырылып отыр. Астана қаласының ардагерлер одағының мүшесі Хайдар Меңдіқұловтың айтуынша, Қазақстан президентінің зейнетақыны бірінші кезекте 7 пайызға көтеруінің өзі жағымды жаңалық:

- Ел басының сөзіне қуанып қалдық. Қазір инфляцияның 7 процентіне қосқанның өзіне ризамыз.

Оның сыртында, 2006 жылдан бастап, 18 жасқа дейінгі балаларға ай сайын төленетін жәрдемақы беру ұсынылып отыр. Саясатанушы Әзімбай Ғалидің айтуынша, әлеуметтік салаға бұрынғыға қарағанда, көбірек қаражат бөлінгелі отырғандығының негізгі екі себебі бар:

- Бюджет дефициті жоқтың қасы, мұнай бағасы көтеріліп тұр. Ал, экономиканың 9 пайызға көтеріліп дамуы, экономиканың қызыуына әкеп соғады. Саяси себептер бар. Президент сайлауы келе жатыр, саяси популистер мал шашпақ пиғылды күшейтті. Енді, президент жауап беру керек. Халықтың еңсесін көтеру керек.

2005-2007 жылдарға әлеуметтік реформаларды әрмен қарай тереңдету бағдарламасында айтылғандай, көп балалы аналарға беріліп келген жәрдемақыны екі еседен артық көтеру жоспарланған. 2007 жылы 1 жасқа дейінгі балалары бар аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы енгізу де көзделген. «Азаттық радиосы үшін, Астанадан Бауыржан Шаяхмет.
XS
SM
MD
LG