Accessibility links

Экс-спикер Ж.Тұяқбай Қазақстанның Демократиялық күштерінің үйлестіру кеңесіне мүше болып кірді


Қазақстанның демократиялық күштерінің үйлестіру кеңесін құру туралы мәселе осы қараша айының 12 сі күні Қазақстандағы оппозициялық бағыттағы үш партия: «Ақ Жол» демократиялық партиясы, Қазақстанның коммунистік партиясы және Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының жетекшілері Лондон қаласында өткен «Евразиядағы демократия» атты халықаралық конференцияға қатысқан кездерінде сөйлесіліп, келісілген болатын. Сейсенбі күні Алматыда өткен Қазақстанның демократиялық күштерінің үйлестіру кеңесінің отырысында Қазақстан парламенті мәжілісінің бұрынғы төрағасы Жармақан Тұяқбай осы кеңеске мүше болып кірген.

Ж.Тұяқбай өзінің бұдан бұрынғы мәлімдемесінде президенттің «Отан» партиясынан кетсе де президент командасында қала беру ойым бар деп айтқан еді.

Ол өзінің демократиялық күштердің үйлестіру кеңесіне кіргендігін былайша түсіндірді: «Өзімнің мәлімдемде айтқан жуырдағы парламент сайлауының заң бұзушылықтармен өткендігін ескертіп бұған президент тарапынан қандай бір іс шара болар деген сенімде болдым. Алайда президент оған ешқандай көңіл бөлмеді, сондықтан оның командасынан кетуге бет бұрдым». Алайда Ж.Тұяқбай, демократиялық күштердің үйлестіру кеңесінің құрамына мүше болып кіргені болмаса оппозициялық саяси партиялардың ешқайсысына мүше болып кірмейтіндігін айтып отыр.

Ол демократиялық күштердің үйлестіру кеңесі жанынан құрылатын конституцияға реформа жасау жөніндегі жұмыс тобын басқаратын болады. Ж.Тұяқбай өзіне қойылған сіз алдағы президент сайлауына кандидат ретінде өзіңізді өзіңіз ұсынар ма едіңіз деген сұрағымызға қәзір ондай ойым жоқ, ал егерде демократиялық күштердің үйлестіру кеңесінің мүшелері ақылдаса келіп, президент сайлауына сіз кандидат ретінде түсесің деген шешім шығарса онда оған көнуге дайынмын деді.
XS
SM
MD
LG