Accessibility links

Украинадағы бұқаралық толқуларды қазақстандық саясатшылардың бірқатары демократия жолындағы тарихи қадам деп есептейді


Украинадағы Президент сайлауынан кейінгі саяси ахуалға қазақстандық саясаткерлер де зер салып отыр. Олардың қайсыбірі жағдай бұдан әрі де ушыға берсе Украинаның екіге бөлініп кетуі мүмкін десе, енді бірі оппозиция мен қазіргі билік келіссөздер арқылы тығырықтан шығатын бейбіт жол іздеуге тиіс деген пікірде.

Украинадағы оппозиция өкілдерінің шақыруымен Украинадағы президенттік сайлауға қатысып қайтқан саясаткер Төлен Тоқтасынов Донецк, Луганск, Харков облыстарындағы сайлау барысында бұрмалаушылықтарға орын берілген деген пікірде. Өйткені, оның айтуынша аталмыш үш облыстағы сайлау учаскелеріне оппозиция өкілдері мен халықаралық бақылаушылар жіберілмеген. Парламент Сенатының депутаты Уәлихан Қайсаровтың пікірінше, бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған мемлекеттердегі президенттік сайлаулар АҚШ сценарииімен жүзеге асырылып келе жатқан болып шығады.

Қазақстанның Коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин Укринада болып жатқан бұқаралық толқуларды халықтың өз құқығын талап етуі деп санайды. «Оны ереуіл деп бағаламау керек. Ол билік иелерінің сайлау нәтижелерін бұрмалауларына қарсы жасаған халықтың іс әрекеті,-дейді Әбділдин мырза.

Украинадағы сайлау барысына куә болып қайтқан саясатшы Төлен Тоқтасынов Виктор Ющенко бастаған оппозиция өкілдері жеңіске жеткендіктерін оны енді уыстан шығармайтындықтарын айтып жатыр,-дейді.

Саясаттанушы Әзімбай Ғалидың болжамына қарағанда, алдағы уақиғалар екі бағытта өрбиді. Оның бірі -Виктор Ющенконың, екіншісі -Виктор Януковичтің сценарилеріне орай іс қимылдары негізінде жалғасады. Ющенко штабы көшеге шыққан халықты экстремистік әрекерге жібермей өз мүддесін жалғастыра берсе, Янукович күш құрылымдарын пайдалана отырып ереуілді күштеп басуға әрекет етеді.

Саясатшы Балташ Тұрсынбаевтың айтуынша, Украинадағы оппозиция ақшасының көптігін көрсетіп отыр. « Бұлар Украинаның батыс жағының барлығын жайлап алған сияқты. Бүгінгі күні Шығыс және Батыс Украина болып екіге бөлініп кетті. Бұл елге жақсылық әкелмейді. Янукевич жеңсе де, Ющенко жеңсе де дау басылмайды. Сондықтан оны басудың бір ғана жолы бар.Олар екеуара келісім негізінде озғаны Президент, екінші орын алғаны Премьер министрдің орынтағына келісуі тиіс.Бұл келісім жүзеге аспаған жағдайда Украина екіге жарылады,»-дейді Балташ Тұрсынбаев.

Қазақстандық оппозиция өкілі Төлен Тоқтасынов Украинадағы оппозицияық қимыл бірер жылдан кейін Қазақстанда да қайталанады деген пікірде.Қазақстанның Коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин де Қазақстандағы демократиялық күштердің тығыз топтасып жатқандығынан үміт күтетіндігін айтады. Ал, саясатшы Балташ Тұрсынбаев болса, оппозициялық күштердің Украинадағыдай топтасуы Қазақстанда ешқашан болмайды, өйткені мақсат екі басқа дейді.

Балташ Тұрсынбаев қазақстандық оппозиция Қазақстанда тек демократиялық үрдістердің орындалуын бейбіт жағдайда ғана талап ететіндігіне тоқталады. Қазақстандық саясаткерлер Украинадағы Президентік сайлаудан кейінгі саяси ахуал қандай нәтиже берсе де, Қазақстан мен Украина арасындағы қарым-қатынасқа әсер ете қоймайды деген пікірде. Қазақстанның саясатшылардың кейбірі Украинада болып жатқан саяси толқуларды украиналықтардың демократия жолындағы тарихи қадамы ретінде атап отыр.
XS
SM
MD
LG