Accessibility links

Үкіметте Ұлттық қорды дамыту мәселесі сөйлесілген


Қазақстан үкіметінің экономикалық саясат жөніндегі кеңесі Ұлттық қорды дамыту жөнінде мәселе қарап осыған орай дайындалған тұжырымдаманы талқылап мақұлдар отыр. Бұл тұжырымдама бойынша осыдан былай мұнай-газ саласынан түсетін қыруар табыс, салықтар енді бюджетке түспейді, тікелей Ұлттық қорға бағытталып отырмақшы. Биылғы бюджет кірісінің 26 проценті яғни шамасы 250 млрд теңгенің осы мұнай газ саласынан түскенін ескерер болсақ болашақта мемлекеттік қазына осынша қаржыға кемімек дейді мамандар.

Ұлттық қор құрылғалы міне 4 жыл болып отыр. Қәзір қорда 4 млрд 400 млн АҚШ долларына тең қаржы жиналған. Үкімет қабылдап отырған жаңа өзгеріс Қазақстанның мұнайсыз бюджетін қалыптастырады яғни экономиканың нақты шама-шарқын анықтап бере алады деп мамандар көріп отыр. Қазақстан үкіметінің экономикалық саясат жөніндегі кеңесінің мұнай мен газ саласынан түсетін табыс, салықтарды бюджетке бермей, оны Ұлттық қорға салып отыру жөнінідегі шешімін кейбір экономист мамандар дұрыс шешім ретінде көріп отыр.

Сондай пікір білдірушілердің бірі Республикалық Экономикалық зерттеулер институтының директорының орынбасары экономика ғылымдарының докторы Сайлау Байзақов. Ол Қазақстан экономикасы тек қана мұнай газ саласына ғана бағынышты болып қалмауы керек, өндірістің басқадай саларын дамыту керек, ішкі қаржы қорларының жұмыстарын жақсарту керек дейді. Ал, Эвразиялық Нарық Институтының ректоры, экономика ғылымдарының докторы Айтқали Нұрсейіттің пікірінше мұнай бағасы әлемдегі ең тұрақсыз бағалардың бірі сондықтан да оған аса сене қоюға болмайды. Дүние жүзі елдерінің тәжірибесі бойынша мұнай-газдан түскен қаржыны ең алдымен білім, ғылым, денсаулық салаларын дамытуға жұмсау керек.

Қазақстан үкіметінің бұрынғы вице-премьері Балташ Тұрсынбаевтың айтуынша мұнай –газдан түсетін табысты бюджетке жібермеу ол дұрыс емес, бәрібір бюджет тапшылығы орын алады, ақыры үкімет Ұлттық қордан ақша бөлуге мәжбүр болады.
XS
SM
MD
LG