Accessibility links

Украинаның орталық сайлау комиссиясы президенттік сайлауда жеңіске жетті деп тапқан Виктор Януковичке Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау жолдаған


Ресейдің бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Украинаның орталық сайлау комиссиясы президенттік сайлауда жеңіске жетті деп тапқан Виктор Януковичке Қазақстан, Армения және Өзбекстан президенттері құттықтау жолдаған. Бұл құттықтаулар Ресей президенті Владимир Путиннің құттықтауынан кейін жасалып жатыр, дейді кейбір саясаттанушылар.

Жуырда ғана Украинадағы президенттік сайлауда бақылаушы болып келген Қазақстандағы тәуелсіз бақылаушылар желісінің президенті Дос Көшім Украинадағы қазіргі жағдайды былайша суреттейді:

- Украина, дәл қазір, азамат соғысының алдында тұрған сияқты. Алғашқы екі күнде Ющенко жағы шықса, соңғы кететін күні Януковичтің жақтаушылары шыға бастады. Дәл осы уақытта біздің президенттің құттықтау жіберуі менің ойымша, саяси қателік. Ертең Украинадағы жағдай өзгерсе, құттықтағандардың бәрі кейін ыңғайсыз жағдайда қалады.

«Украинаның адам құқығы жөніндегі Хельсинки одағының» мәліметінше, Украинадағы 2004-сайлау барысында адам құқықтарының бұзылғандығы тіркелген. Бұл туралы одақтың атқарушы директоры Владимир Яворский хабарлады. Украинадағы президенттік сайлау жайында мақала жазып жатқан саясаткер-журналист Жұмабай Доспановтың айтуынша, Украинадағы президенттік сайлауда болып жатқан оқиғаларды Грузиядағы президенттік сайлаумен салыстыруға болады:

- Өткен жылы Грузияда оппозиция көтеріліп, ақыры Шеварнадзенің режимі құлады. Қазір, Украинада сол қайталанып жатыр. ТМД елдерінің басшылары жиналғанда орталарына Саакашвили қосылғалы олар бөлек бөлмеге барып, ия болмаса, бір күн бұрын жиналып, бөлек ақылдасып алады екен. Саакашвили естіп қалмасын деп. Енді, Ющенко қосылса, жағдайлары одан сайын қиындайды.

Украинаның орталық сайлау комиссиясы президенттік сайлауда жеңіске жетті деп тапқан Виктор Януковичті Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің кейбір президенттері құттықтап жатқан шақта, бірнеше батыс елдері Украинадағы сайлау нәтижесін мойындамай отыр. Қазақстандағы саясаттанушылардың бірі Берік Әбдіғалиевтің айтуынша, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің президенттері жолдап жатқан құттықтаулар Батыс елдерінің сайлауға қатысты пікіріне жауап ретінде жасалған шара:

- Кучма бұрыннан бері бірін-бірі қолдап жүрген басшылар. Қазір, Кучма өз орнына Януковичті қалдырғысы келгенсоң басқа елдерге хабарласып, батыс елдерінің Юшенконы қолдап жатқанына жауап ретінде жасалған үлкен саяси акция деп ойлаймын.

Украинадағы президенттік сайлауда үміткер болған Виктор Ющенконың Укранианың орталық сайлау комиссиясындағы өкілі Юрий Ключковский хабарлағандай, ол бейсенбі күні жоғарғы сотқа Украинаның орталық сайлау комиссиясының сайлау нәтижесіне қатысты шағым жолдаған. Украинадағы президенттік сайлауға бақылаушы ретінде барған Дос Көшім Украинадағы қазіргі жағдай алаңдатарлық дейді:

- Республиканың ішіндегі қоғам ғана емес, Шығыс Еуропа, Тәуелсіз мемлекеттер достастығының елдері екіге жарылды. Біреуі-демократиялық үлттық бағытты қолдайтын топ, екіншісі-ескі номенклатуралық және державалық бағытты қолдайды.

Ал, саясаткер-журналист Жұмабай Доспановтың айтуынша, қазір қысқа мерзімді демалыста жүрген Нұрсұлтан Назарбаевтің бұл әрекетіне өзінше баға беріп отыр:

- 1 жылдың ішінде үшінші рет қысқа мерзімді еңбек демалысына кетті дейді. Және сөйтіп жатып алып, жарты миллион Украин халқы көшеге шыққанына, халықтың көңіліне қарамастан құттықтайды. Неге, былтыр Саакашвилиді бірінші болып құттықтамады демократ болса?

1 желтоқсанда Еуропарламенттің пленарлық сессиясында Украинадағы сайлау мәселесі қаралады деп хабарланып отыр. Бұл туралы Еуропарламенттің ресми сайтында жарияланған. Ал, Еуропарламенттің бюджет комитеті Еуропаның инвестициялық банкісінің Украинаға қаражат беру мәселесіне қатысты сайлауды тоқтата тұруды шешкен.
XS
SM
MD
LG