Accessibility links

«Ақжол» партиясының парламент сайлауын қайта өткізу мәселесіне қатысты референдум өткізу туралы бастамасы заңсыз деп табылып, аталған партияның талап-шағымы қанағаттандырылған жоқ


Сот төрешісі Ұлбосын Сүлейменованың екі жақ өкілдеріне «істі бейбіт келісіммен аяқтауға қалай қарайсыздар» деген сауалына “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Болат Әбілов «қарсымын» деп жауап берді. Өз кезегінде орталық сайлау комиссиясының хатшысы Владимир Фоос шағымданушылардың пікірімен келіспейтіндігін мәлімдеді. Болат Әбіловтің пікірінше, орталық сайлау комиссиясы қазақстандықтардың дауыс беру және сайлану құқығын ескермей отыр. «Біз референдум өткізіп, халықтан сайлауға қатысты пікірін білгіміз келді», - дейді Әбілов. Ал, Владимир Фоос референдум туралы заңға сәйкес, жиналыс өткізгенде оған әр облыстан кем дегенде 30 адам жиналу керек, бұл талап орындалмаса референдум өткізу туралы ұсыныс заңсыз деп табылады деді. “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Болат Әбіловтің айтуынша, Алматы, Астана және басқа жерлерде өткен жиналыстарға 30 дан астам адам қатысқан және олардың барлығының сол жерде тұрады деген құжаттары бар дейді:

- Заң бойынша жазылып тұр, тұратын жері деп, бітті. Басқа заңда жоқ.

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Владимир Фоос болса, өз кезегінде жиналысқа қатысқан адамдарда әр қалада бірнеше пәтерлері болуы мүмкін, бірақ, олардың жергілікті жерде ішкі істер органдарында тіркелуі шарт, деді.

“Ак жол” партиясының тең төрағасы Болат Әбіловтің айтуынша, бұл адамдардың төлқұжаттарында белгілі бір қалада тұрады деген жазуы бар, демек референдум өткізу және ондағы көтерілген мәселелер орынды. Ал, орталық сайлау комиссиясының хатшысы Владимир Фоос референдум туралы заңның үшінші бабына сәйкес, әкімдерді сайлау, шикізаттан түсетін табыс және сайлаудың заңдылығы сияқты мәселелер референдумға шығарылмуы тиіс.

Фоостың айтуынша, әкімдерді тағайындау президенттің құзырында, ал, шикізат табысы бюджеттік мәселе. “Ак жол” партиясының тең төрағасы Болат Әбіловтің айтуынша, орталық сайлау комиссиясы референдумды өткізуге әдейі кесірін тигізіп отыр. Өйткені, билікке президенттік сайлау өтпей тұрып, әкімдердің сайлануына рұқсат беру тиімсіз, деді ол.

30 қазанда “Ақ жол” партиясының бастамасымен жасалған жалпы республикалық референдум өткізу қажет деген ұсынысқа 548 адам қол қойған. Бұл референдумға бірнеше сұрақ шығарылмақшы болған. Біріншісі жер мәселесі: “Ақ жол” партиясының тең төрағалары жерді қосалқы жалға беру мәселесін қайта қарастырып, оны тағы екі жылға созуды ұсынған. Екіншісі: әкімдерді сайлау мәселесі. Үшіншісі: шикізаттан түсетін табыс. “Ақ жол” партиясы жаңа жылдан бастап, шикізаттан түсетін табысты Қазақстан тұрғындарына бөліп беруді ұсынған. Олар Кувейтті мысал еткен. Онда жуырда ғана елдің әр тұрғынына 680 доллар көлемінде бір реттік үстемақы төлеу шешімі қабылданған, яғни Кувейтте мұнай бағасының шарықтап тұрған кезінде одан түскен табыстың бір бөлігі халыққа беріліп отыр дейді ақжолдықтар. Сонымен қатар олар Парламент сайлауы заңсыз өткендіктен оны қайта өткізу керек деп есептейтіндіктерін білдірген. «Азаттық радиосы үшін, Астанадан Бауыржан Шаяхмет.
XS
SM
MD
LG