Accessibility links

Владимир Козак: Астанада ресми тіркелген қытайлықтардың саны екі мыңға жуықтады


Қазақстанда қытай диаспорасының саны көбейіп барады. Осыған байланысты Астана мен Бейжің полиция мекемелерінің басшылары ынтымақтаса жұмыс жүргізу жайын келісіп отырған көрінеді. Өйткені өз елінде қылмыстық не басқадай жауапкершіліктен қашып, Қазақстанда бой тасалап жүрген қытайлықтар болуы мүмкін. Астана қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Владимир Козактың айтуынша, Астанада ресми тіркелген қытайлықтардың саны екі мыңға барады. Ол, сондай-ақ, қарашаның 21-28 аралығында Бейжінде сегіз елдің астаналарының полиция мекемелері басшыларының мемлекетаралық көші-қон, барыс-келістен туындайтын қылмыстардың алдын алу жөнінде өзара уағдаластыққа қол қойғанын мәлімдеді. Қытаймен екі арадағы көші-қон, барыс-келіс жиілеп, қазақстан-қытай бірлескен кәсіпорындары көптеп құрылуда. «Осының салдарынан Қазақстанға қарай ағылған қытайлықтардың легі айлап, күндеп арта түсуде»,-дейді Владимир Козак.

Астана тұрғыны Әлімбек Берстен қытайлықтарды Қазақстан Республикасына енгізу жайын мемлекеттік деңгейде ойластыру қажет деп біледі. Қарашаның 21-28- аралығында Бейжіңде болып қайтқан Владимир Козак болса, «Бейжің қаласында шетелдік азаматтарға келу-кету мерзімі, мақсаты бойынша 18 түрлі куәлік беріліп, олар қатаң қадағалауда болады. «Куәліктің түсі де азаматтың нендей мақсатпен жүргендігін көрсетеді. Ол қызыл, сары, жасыл түске боялады. Біз де көші-қон полициясымен осы жайында ойласуымыз керек болар»,-дейді Владимир Козак.

Астанадағы «Сарыарқа» базарының бастығы Саян Қажкеновтың сөзіне қарағанда, көтерме сауда базарында 27 қытайлық еңбек етсе, олардың 25-інің Қазақстанның азаматтығын алып үлгерген. «Мен өз басым Қазақстанда қытайлықтардың көбейіп кетуі жақсылыққа апарады деп ойламаймын. Алматыға жиі барып тұрамын. Қазір Алматының көшесінде базарында қаптаған қытайлықтардың ертең ақ Астанаға келетіндігі даусыз»,-дейді Саян Қажкенов.

Қытайдан көшіп келген оралман Әлжан Құдияр болса, Қазақстанға шетелдіктердің ағылып келуі, мемлекет аралық келісімдер негізінде жүзеге асырылып отыр деп есептейді. Қытайлықтардың Қазақстанға келуін мемлекетаралық келісіммен негізінде шектеуге болатындығын айтады.Бұл ретте Владимир Козак мемлекетаралық барыс келіс, көші-қоннан туындайтын қылмыстардың алдын алу мақсатында Астана, Алматы, Бейжің, Анкара, Стамбұл, Душанбе, Бішкек, Ташкент қалаларының полиция мекмелері басшылары өз ара уағдаластыққа қол қойғандығын айтады. Хаттамада террорлық топтардың, трансұлттық топтардың іс әрекеті, көші-қон ағыны және екі жаққа да қажетті ақпарат алмасу мәселелері енгізілген көрінеді.

Астана қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Владимир Козактың айтуынша, хаттамадан туындайтын міндеттерді атқару үшін аталған сегіз қаланың полиция мекемелері басшылары жауапты адамдарды белгілеп, ақпарат алмасу жайын тиянақтаған.
XS
SM
MD
LG