Accessibility links

Ономастика саласының мамандары тарихи атауларды қалпына келтіру, сақтау және оларды қайта атауды ғылыми тұрғыдан жүйелеу мәселесін қолға алмақ


Зерттеушілердің есебінше, Қазақстанда 20 миллионнан астам жер-су атаулары бар. Олардың жартысынан көбі тарихи атауын жоғалтқан. Ономастика саласы мамандарының айтуынша, бүгінде сол жерлердің байырғы тарихи атауларын қайтарып, бір жүйеге келтірудің өзі қиынға соғып отыр. Қазақстанның 40-қа жуық ғалымдары мен тіл мәселесімен айналысатын құрылымдардың басшылары, мемлекеттік ономастика комиссиясының мүшелері осы мәселені ғылыми тұрғыдан жүйелеу, қалпына келтіру жағын қолға алмақ.

Тараз мемлекеттік университетінің профессоры Мекемтас Мырзахметов: «Тарихи атаулар екі кезеңде, біріншісі, VIII ғасырда Арабтар келген кезде, екіншісі, Орыстардың келуімен өзгеріске ұшырады. Оларда мемлекеттік саясат болды. Халықтың тарихи жадын жоғалту үшін жер аттарын өзгертіп жіберсе, ертеңгі күні ол кімнің жері болып шығады!? Әрине, ол бірнеше ұрпақ ауысқаннан кейін солардікі болып шыға келеді. Мысалы, Павлодардың бұрынғы атын көбі біле бермейді. Осылардың бәрі халықтың санасын сапырылыстырып, өзінің тамырынан қол үздіруден туған. Ендігі күрес – осылардың барлығын орнына келтіру, табиғи қалпымызға келу», - дейді.

Ал Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің Құқықтық насихат, мемлекеттік тіл және жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Сұлтан Оразалинов бір ғана Солтүстік Қазақстан облысында кейбір атаулардың 39 рет қайталанған кездері болғанын айтады. Сұлтан Оразалинов: «Лениннің атында 8, Ильичтің атында 2 , Чкалов, Чапаевтардың атында 8, коммунизм, комсомол деген атаулар да әлі күнге дейін бықып жүр. Кезінде кез-келген жыраға, кез-келген бұтаға, бұлаққа поэтикалық атаулар қоятын болған. Бүгінде осылардың бәрі жойылып оның орнына Пески деген атау 14, «Рыбное» 16, «Соленое» деннің өзі 39 рет қайталанатын кездер кездеседі. Міне, мұның өзі ономастикалық жұмысымыздың, ономастикалық саясаттың дұрыс жүріп жатпағандығын көрсетеді», - дейді.

Патшалық Ресей мен Кеңес Одағы замандарында Қазақстандағы қалалардың барлығында дерлік көше атауларына өзгеріс енгізіліп, бірлі-жарым ғана қазақша атау қалған. Ақмоланың мемлекеттің астанасы болатын жылдары Ономастика комиссиясының ұсынысымен 70-80 көшенің аты жаңартылып, танымал тарихи тұлғалардың аты берілген. «Алайда, қанша өзгертіліп, бекітілсе де қоғамдық көліктерде бұрынғы атаулардың хабарланып жатқанын жиі естиміз. Бұрынғы «Экспресс» дейтін аялдаманы «Ақжайық» деп өзгертті. Автобустардың барлығында әлі күнге дейін ол аялдама «Экспресс» деп аталады. Автобус ол үгіт-насихат құралдарының бірі. Қалаға келген адамдардың бәрі содан естіп, біледі. Сарыарқа көшесінің бойындағы бұрынғы «делегатская» дейтін көше осы уақытқа дейін «делегатская» болып аталып келе жатыр. Осының барлығы заңдық тұрғыда реттелу керек», - дейді «Сарыарқа» журналының бас редакторы Нұрғожа Нарымбайұлы.

«Қалай болғанда да кезінде өзгеріске ұшыраған тарихи атаулардың барлығын қайтаруға күш салу керек. Ол үшін алдымен республикалық ономастикалық комиссияның жұмысын жандандырып, оның құзыретін күшейтуге тура келеді. Министрлер кабинетінің жанынан құрылатын ономастикалық комиссияны премьер-министрдің орынбасарларының біреуі басшылыққа алу керек», - дейді Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің Құқықтық насихат, мемлекеттік тіл және жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Сұлтан Оразалинов.
XS
SM
MD
LG