Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12-01-2004


Сейсенбі күнгі жарық көрген мерзімді басылымдар экстремизм мен терроризм мәселесіне айрықша назар аударыпты. Сондай-ақ кейбір басылымдар “Отан” партиясының сыртында орын алған жарылысқа байланысты әр түрлі болжам жасап отыр.

Кезінде бірқатар лауазымды қызметтерді атқарған, қазіргі кезде отставкадағы полковник Сәт Тоқпақбаев “Егемен Қазақстан” басылымына берген сұхбатында Қазақстан мемлекетінде басқа жақтан арнайы, жан-жақты, өте жоғары деңгейде дайындықтан өткен лаңкестердік бар екендігі туралы тілге тиек етіпті. Сәт Тоқпақбаевтың айтуынша, біраз уақыт бойында олар жасырын түрде зұлымдық жұмыстарын, дайындықтарын Қазақстанда жүргізген. Негізгі базалары да Қазақстанда болған. Сәт Тоқпақбаевтың пікірінше, Қазақстандағы саяси-әлеуметтік тұрақтылық, демократия мен экономиканың дамуы, халықтың әл-ауқатының жақсаруы, көптеген азаматтардың діннің негіздерін жақсы білмеуі, халықаралық лаңкесшілер мен діни экстремистердің өздерінің дайындық жұмыстарын жүргізуге Қазақстан ыңғайлы деген сыңайдағы қорытынды жасауға себеп болған.

“Діни экстремизмге қарсы заң” жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі туындаса да қалаулыларымыз қазғалыс танытатын ниет білдірмейді” деп жазыпты “Айқын” газетінің тілшісі Айгүл Аханбайқызы. Газет тілшісінің хабарлауынша, Әділет министрлігінде 1360 діни ұйымның тіркелген, алайда олардың қандай жұмыс жасап жатқандығына ешкімнің де жауап бере алмайды.

Сондай-ақ “Айқын” басылымы ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарында Ресейдің Самара қаласындағы базардың бірінде болған террористік актіге Қазақстанның екі азаматының қатысы бар болғандығы туралы ақпардың жарияланғандығын хабарлапты. Самарадағы жарылыс салдарынан 11 адам қаза болып, 40 адам жарақат алған. Мақаладағы келтірілген деректерге жүгінсек, терактіге қатысы бар қазақстандықтардың ұлты шешен және Шешенстандағы сепаратистер жағында федералды күштерге қарсы соғысып жүрген жасақшылар екен. Мақала авторының айтуынша, екі азамат та жасақшылардың лагерінде үлкен дайындықтан өткен.

Ресейлік “Известия” басылымының сейсенбі күнгі санында осы оқиға орай Самарадағы жарылысты ұйымдастырғандар Қазақстаннан табылды деген мақала жарық көріпті. Мақалада мұндай сенсациялық мәлімдемені Самара прокурорының жасағандығы хабарланыпты. Самара облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Валентина Колготинаның айтуынша, Самарадағы жарылысты ұйымдастыруға қатысы бар екі тероршы Қазақстанның азаматы болып шыққан. Мақала авторының айтуынша, Самарадағы орын алған жарылысқа қатысы болуы мүмкін күдікті екі азаматты та Қазақстан территориясында Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тұтқынға алған. Мақалада сондай-ақ екі азаматтың біреуінің түрмеде дарға асылып өлгендігі туралы дерек келтіріліпті.

“Известия” газетінің “Қазақстан” қосымшасында дүние жүзінде бес жүзге жуық экстермистік және терроистік ұйымдардың бар екендігі мысалға келтіріліпті. Сондай-ақ мақалада Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің экстремизмге қарсы күреске бағышталған екі заң жобасын дайындағандығы айтылыпты.

“Аргументы и факты” және “Комсомольская правда” басылымдарының “Қазақстан” қосымшалары мен “Доживем до понедельника” газеті “Отан” партиясының ғимаратының сыртында болған жарылысқа айрықша назар аударыпты.

“Аргументы и факты” газетінің “Қазақстан” қосымшасында жарық көрген Владимир Демидовтың мақаласында Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті тарапынан бұл жарылысты тероршылар ұйымдастыруы мүмкін болуы туралы болжамның түпкілікті зерттеліп жатқандығы хабарланыпты. “Отан” партиясы төрағасының орынбасары Амангелді Ермегияевтың айтуынша, бұл жарылыстың артында Қазақстандағы тыныштықты бұзғысы келетін күштер тұр. Амангелді Ермегияев бұл жарылысты бұзақылар емес, терроризмге қатысы бар нағыз кәсіби мамандар жасады деп есептейді екен.

“Доживем до понедельника” басылымында жарық көрген мақалада тергеу орындарының «Отан” партиясының ғимаратын бұзақылар жарды деген болжам қисынға келмейді деген қорытынды жасалыныпты. Мақала авторының айтуынша, бұл екі жарылыстың артында елдегі тұрақтылықты бұзғысы келетін саяси себеп болуы ықтимал.

“Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасы әзірше “Отан” партиясының сыртында болған жарылысқа қатысты тергеу жұмысының өлі нүктесінен қозғалмағандығын хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, бұл жарылысты «Отан” партиясының қарсыластары, яғни оппозиция өкілдері ұйымдастыруы мүмкін деген болжам да шындыққа үйлеспейді. Оның себебін мақала авторы, алдағы келе жатқан президент сайлауының алдында оппозицияның мұндай мағынасы жоқ қастандық әрекетке бара қоймайтындығымен түсіндіріпті.
XS
SM
MD
LG