Accessibility links

Орта Азияда СПИД ауруының таралу жайы: Өзбекстанда жезөкшелік өрістеген сайын аталған ауру түріне шалдығушылар саны да өсе түсуде


Ресми деректерге қарағанда, Өзбекстанның шамамен 11 мыңдай азаматтары ВИЧ және СПИД ауруына шалдығып отыр. ВИЧ деген адам ағзасында сырқатқа қарсы тұру қабілетінің төмендеуі екендігі, ал ол дами келе СПИД-ке апаратыны белгілі. Өзбек ресми деректері бойынша сол сырқаттардың 20 пайызы жезөкшелер екен.

Бұл кәсіп түрі Өзбек жерінде ел тәуелсіздік алғалы бергі онжылдықта өрши түскен. Оған себеп ретінде елде, әсіресе әйелдер арасында жұмыссыздықтың тым кең орын алып отырғандығын сарапшылар атап көрсетуде. Оның үстіне бұл ел жүк таситын көліктердің жолында, яғни тоғыз жолдың торабында тұр. Көршілерімен салыстырғанда Өзбекстанда жезөкшелік кең етек жайған, сондықтан да СПИД-ке шалдығу қаупі де мұнда басым, дейді мақала ауторы. Мысалы, ел астанасы Ташкентте 6 мыңдай әйел азаматтар жыныстық қызметтерін ұсынады екен.

Гүлия деген жезөкше әйелдің айтуынша ол жыныстық ауруларға бірнеше рет шалдыққан екен. Оның себебін келушілердің ережені сақтамауынан, дейді ол. Қорғану тәсілдерін қолдаушылар Өзбекстанда орташа айлық көлемі 15 доллар болғандықтан да, үш жыныс қап салынған бір қораптың бір долларлық бағасы, оны қолданушылар үшін қымбатқа түсуде, дейді.

Уашингтонда орналасқан Тұрғындарға қызмет көрсететін халықаралық ұйым ВИЧ және СПИД ауруларына шалдыққандармен Орта Азияның Түркменстаннан басқа елдерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ұйымның Өзбекстандағы қызмет басшысы Артур Ниязовтың айтуынша, олар жастар арасында жыныстық қатынас кезінде сақтана білу шараларын жүргізуде екен. Бұл ұйым жезөкшелікпен, есірткі қолданумен айналысатын жастар арасында ақпараттар таратып, сондай-ақ төменгі бағамен мүше қап сатумен айналысуда. Олар тіпті мұндай үдеріс барысында “мама Розаларды”, яғни жезөкшелікке адамдарды тартатындарды да пайдаланады екен. Яғни аталған ұйым мүше қаптарды өз бағасынан үш есе арзанға сатуда. Ниязовтың айтуынша ол ұйым жезөкшелердің әлгіндей сақтандыру заттарын сатып алуына қаржылай жәрдем де көрсетеді екен. Сондай-ақ, 10 қорап мүше қап сатып алған жезөкшелерге медициналық тексеруден тегін өтуге мүмкіндік жасайтын боп шықты.

Өкімет өкілдері де бұл орайда біраз шаруалар тындырып жатқандығын айтуда. Денсаулық сатқау министрлігі жанындағы СПИД-пен күрес орталығы басшысының орынбасары Бахтияр Мадаминовтың айтуынша, 1999-шы жылы елде ВИЧ-тің алдын-алу тұрғысында арнайы заң қабылданған болатын. Соған орай, СПИД-ке шалдыққандарға тегін дәрігерлік көмек ұсынылатын болған. Соның нәтижесінде елдің түрлі түкпірлерінде көмек орталықтары және “сенім бөлмелері” ашылған. Сондай-ақ, елдегі көптеген өкіметтік емес ұйымдар да аталған ауру түрлерімен күресуде. “Сенім және өмір” атты қызмет орталықтарында психологтар, заңгерлер және дәрігерлер жұмыс істеуде.
XS
SM
MD
LG