Accessibility links

“ЮКОС”-ты сату арқылы Кремль мұнай саласына бақылау орнатпақшы


Ресейде мемлекет меншігіне қарайтын монополистік ГазПром компаниясы ЮКОС мұнай компаниясының аукцион арқылы үкімет сатқалы жатқан ең ірі шикізат өндіретін еншілесін компаниясына өз бағасын ұсынатынын жариялап отыр. Бұл сауда, сарапшылардың ортақ пікірінше, күні кеше ғана Ресейдің мұнай бизнесіндегі жеке кәсіпкерліктің үлгі-өнегесі болған ЮКОС-тің таяу болашақтағы күйреуін жеделдетіп, мемлекет меншігіне қараған алып мұнай мен газ компаниясының дүниеге келуі ықтимал.

Сейсенбі күні ГазПром компаниясының алып ЮКОС мұнай компаниясының ең бағалы еншісін сатып алуды көздейтінін жариялауы - Кремль елдің энергетика саласының ең болмағанда бір бөлігін өз меншігіне қайта алуды көздеп отыр деген болжамды растайды.

Елдегі ең ірі мұнай компаниясының жетекшісі Михаил Ходорковскийді өткен жылы абақтыға қамап, салықтан берешегін өтетуді желеу етіп оның банктегі есеп-шоттарын жапқан кезінде, сарапшылар, Кремльдің түпкілікті мақсат-мүддесі – “ЮКОС” компаниясын бөлшектеп, оның активтерін мемлекет меншігіне қайтарып алу болса керек деп күдіктенген-ді. “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында Ресейдің бұрынғы экономика министрі Евгений Ясин былай дейді:

“Ең басты мақсат - “ЮКОС”-ты мемлекеттің бақылауына қайтарып алу болғаны оның маңайындағы “науқан” басталған өткен жылдың шілде айында-ақ айдан-анық болған”. Е.Ясиннің атап көрсетуінше, сол күдік енді ақталып отыр:

Кремль осы мақсатына жету үшін мемлекеттің қадағалауындағы ГазПром компаниясын пайдаланбақшы.

ГазПром – табиғи газ өндіретін әлемдегі ең ірі компания. Өткен айда ГазПром мемлекеттік “Роснефть” компаниясымен бірікпек ниетін жариялады. Ал енді ГазПром “ЮКОС”-тың еншілесі - “ЮганскНефтьГаз” компаниясының 19 желтоқсанда аукционда сатылатын акцияларының басым үлесін сатып алатын болса, онда аталмыш компания қасқағым сәтте әлемдегі мұнай өндіретін ең ірі 5 компанияның біріне айналады. Сөзсіз солай болатын түрі бар. Сарапшылардың пікірінше, аукционда “ЮганскНефтьГаз” акцияларының үлесінің алғашқы құны, тәуелсіз есеп бойынша, 2 есе жоғары болуына қарамастан, 8.6 млрд. долларға бағаланып отыр. Ол – Ресей үкіметінің “ЮганскНефтьГаз”-ды ГазПром-ның сатып алуын қолдап отырғанын байқатады. Оған қоса, Мәскеуде орналасқан маклерлік компанияның мұнай және газ бойынша сарапшысы Адам Лэндстің пікірінше, “ЮганскНефтьГаз”-дың үлесін сатып аламын деген кез-келген жеке-меншікті инвесторлар “ЮКОС” акционерлерінің сотқа шағымдануына душар болуы мүмкін. Сондықтан өзге инвесторлардың көбі аталмыш компанияның үлесіне басқа баға беруге бара қоймайды.

ГазПром компаниясының мұнай саласының жетекшісі Сергей Богданчиковтің сейсенбі күні айтқан сөзіне қарағанда, бұл Ресей үшін әлемдегі алып “Exxon-Mobil” және “British Petroleum” сынды “дүниежүзілік деңгейдегі” компания құра алатын кезі. Одан туатын сауал: мемлекет меншігіне қарайтын орасан зор мұнай және газ компаниясын құру – Ресейдің мүддесіне жауап бере ме? - Экономика тұрғысынан солай бола қоюына сарапшылар онша сенімді емес.

Ресейдің ішкі қолданысындағы мұнай мен газдың бағасы әлемдік нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен және ол, көп жағдайда, мұнай шикізаты өндірісінің шығынын да ақтай алмайды. Бұл экономикалық бұрмалаушылыққа соқтырып, мемлекет қазынасын салықсыз қалдырып, отандық мешел өнеркәсіптің өндірісті жетілдіруден қашуына түрткі болады. Мұнай сарапшысы Адам Лэндстің пікірінше, мұнай өнеркәсібі саласын мемлекет меншігіне қайта тарту ондай ахуалды түзей алмайды:

А.Л.: "ЮганскНефтьГаз”-ды сатып алу – газдың ішкі төменгі бағасын ұзақ уақыт бойы ынталандыруға көбірек қаржы бөлу қажет болатынын білдіреді де, “ЮганскНефтьГаз” сыртқы акционерлер үшін пайдасыз болып қалады. Бұл – оның саяси акционеріне, яғни үкіметке ғана тиімді болуы ықтимал”.

Бұл да, қорыта айтқанда, мақсат болуы ықтимал. Бүкіл әлемде көмірсутегі шикізатына деген сұраныстың теңдессіз қарқынмен өсіп келе жатқан кезде, онымен қарама-қатар Ресей президенті В.Путин елдің ең маңызды табиғи байлықтарына Мәскеудің геосаяси билігін орнатып, нығайтуды есептеп отырған тәрізді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG