Accessibility links

Украинада сайлау қайтадан өтетін сияқты


Украина елінің көтерілгеніне, міне, екі аптадай болып қалды. Дағдарыстың заң жағынан шешілуі жоғары соттың қолында. Еуропа Одағы Украинада сайлаудың екінші турын қайта өткізген жөн дейді, тіпті қаржы шығындарына да көмек көрсетпек.

Еуропа Одағының сыртқы қатынастар үйлестірушісі Бенита Ферреро-Уалднер кеше Еуропа парламентінде сөйлегенде Украина сайлауын қайта өткізуге ақшалай көмек көрсетуге дайынбыз деді. Сайлау қайтадан өтетін болса оның жолы қандай болатыны әзірше анық емес, дегенмен екі қарсылас – Виктор Янукович және Виктор Ющенко қайта дауысқа түскеніміз жөн дегенге келісті. 21 қараша күні өткен президент сайлауының екінші кезеңі саяси дағдарысқа әкеп соқты. Үкімет жағындағы кандидат, бас министр Виктор Янукович жеңіске жетті дегенді оппозиция және оппозицияны қолдаған халық мойындаған жоқ. Заң жағынан қарағанда даудың ақ-қарасын жоғары сот анықтап беруге тиіс, соттың тергеу өткізіп жатқанына міне төртінші күн. Сот барысын Украинаның "Бесінші канал" телекомпаниясы бүкіл әлемге тікелей толқында көрсетіп жатыр, оған өзімізде куә болып отырмыз. Украина оппозициясы осыдан бір-екі жыл бұрын "Кучмасыз Украина" деген бірнеше наразылық науқанын өткізген. Бұл жерде мен Украинаны көршілес Беларуспен салыстыруға аулақпын, дегенмен беларусбасы Александр Лукашенкоға қарағанда Леонид Кучма қызметте қалуға жабысқан жоқ. Ал оның орнын басамын деген екі қарамайшы бағыттағы саясаткердің текетіресі Украинаның тарихи таңдау сәтін белгілеп тұрғандай.

Украина парламенті президенттік сайлауды жарамсыз деп тапқаны аян. Бірақ бұл қаулының заң күші жоқ, бұл тек саяси құжат. Ющенконың жақтастары қаулыны жеңіс басы деп қабылдаған. Ол-олма Украина парламенті кеше тағы бір қаулы шығарып, сайлау жүлдегері деп жарияланған бас министр Виктор Януковичке сенімсіздік танытты. Янукович қызметімнен кетпеймін, парламент қимылы заңсыз деп жауап қайтарды. Ал бұдан бұрын парламент орталық сайлау комиссиясына сенімсіздік танытқан болатын. Міне, осы сәттегі бір елеулі оқиға – Янукович пен Ющенко тектіресті басу мақсатында президент билігінің өкілеттіктерін азайтып, керісінші парламент өкілеттіктерін күшейтуге келісті. Ол үшін заңдарға өзгерістер еңгізу қажет, сондықтан парламент осы сағаттарда өзгерістердің жобасын талқылап жатыр. Кеше президент Кучманың төрағалығымен Янукович пен Ющенко арасында тағы келіссөздер өткізілді, бұл жердегі маңызды нәрсе – екі тарапта жаңа сайлау өткізуге дайындалған жөн деп келісті. Келісім хаттамасын президент Кучма жариялады:

- Тараптар сарапшылар тобын құруға келісті. Бұл топ Украина жоғары сотының үкіміне сәйкес Украинадағы президенттік сайлауды соңына шейін жеткізуге барлық қажет ұсыныстарды жасайтын болады және аса шұғыл заң сараптамаларын жасайтын болады. Украинаның қазіргі заң топтамасына өзгерістерді жасау қажет екенін барлығымыз түсініп отырмыз.

Міне келіссөздердің қысқаша нәтижелері осындай. Екі тарапта сабырлық сақтап жоғары соттың үкімін күтейік, соған көнейік деп келісті. Бұл келіссөздерге Польша және Литва президенттері, Ресей парламенті төменгі палатасының төрағасы және Еуропа Одағының сыртқы саясат үйлестірушісі ара-ағайындық жасаған.

Көпшіліктің пайымдауынша, Украинада сайлау қайтадан өтетін сияқты, мәселе тек оның қандай түрінде болатыны. Ең қызығы, 21 қарашадағы сайлауда бұрмалаушылық болды деп кеше бас министр Виктор Януковичте алғаш рет мойындады. Еуропа Одағының парламенті сайлау қайта өтетін болса онда еркіндікті қамтитын бірнеше шарт сақталу керек дейді. Польшаның Еуропа Одағындағы депутаты Ячек Саусз-Вольский Украинада халық толқуы күшпен басылар не болмаса демократия жеңер, екі жағдайғада дайын болуымыз керек деді.

Еуропарламенттің сыртқы саясат комитетінің жиынана қатысқан Украина парламентінің өкілі Борис Тарасюк сайлауды қайта өткізудің басты шарттары – орталық сайлау комиссия жаңартылу керек, қазіргі үкімет орнынан кету керек деді. Сайлауды халықаралық бақылушылар мейілінше көбірек бақылау керек делінді сонымен қоса.
XS
SM
MD
LG