Accessibility links

Айткүл Самақова: «Kез-келген шет елдік компания ең алдымен Қазақстан заңдарын сыйлауға тиіс.»


Дүйсенбі, желтоқсанның 6-сы күні қоршаған ортаны қорғау министрі Айткүл Самақова Алматы қаласында Қазақстанның 9 өңірінде жұмыс істеп жатқан Қазақстандық және шет елдік 25 кәсіпорын басшыларымен кездесіп, қоршаған ортаны қорғау турасындағы заңдар мен осы салаға тартылатын инвестиция жайында пікір алмасты.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда табиғатты қорғау жөніндегі заңдық құжаттар толық жазылған, тек кейбір кәсіпорын өкілдері сол талаптарды сақтауда немқұрайлылық танытуда. «Осыған орай, алдағы жылдан бастап қоршаған ортаға заңсыз залал келтірген кәсіпорындарға салынар айыппұл көлемі ұлғаятын болады» дейді министрі Айткүл Самақова. Ал экологиялық «Табиғат» қозғалысының төрағасы Мэлс Елеусізовтың айтуынша, табиғатты сақтау үшін арнайы қор құру қажет.

Қазақстан республикасының қоршаған ортаны қорғау министрі Айткүл Самақованың айтуынша, бүгінде Қазақстанның Балқаш, Өскемен, Шымкент және Қарағанды қалаларының экологиялық ахуалы алаңдатарлық күйде. «Осы мәселелерді шешуде бір ғана министрлік дәрменсіз. Оны Үкіметтік емес Ұйымдармен, сосын қоршаған ортаға зиян тигізіп жатқан кәсіпорын басшылығымен бірлесе отырып шешуге тиіспіз» дейді министр:

- Бүгінде бәрі «заң-заң» деп жатыр. Заңдар бар. Жуырда ғана Үкімет «экологиялық сақтандыру туралы» заңды шығарды. Күні ертең премьер-министр «экологиялық аудит туралы» заңды ұсынады. Сондай-ақ арнайы экологиялық кодекспен жұмыс істеп жатырмыз. Менің ойымша, бүгінде экологиялық мәселелерді реттеуде заң жағынан ешқандай кедергі жоқ. Ең алдымен табиғатта жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар жаңа технологияларды сатып алып, өз қалдықтарын өңдеумен айналысу керек. Қазір осы мәселені қалай дұрыс жолға қоямыз деген сауал талқыланып жатыр.

Ал «Аджип» консорциумының кеңесшісі Майра Жүнісованың айтуынша, Қазақстан Үкіметі экологиялық мәселелерді реттейтін заңдарын Еуропалық Одақ құжаттарына бейімдеуде белсенділік танытпай отыр. «Біз қазір халықаралық, Еуропалық заңдарға көшеміз деп жатырмыз. Ал ол жақта бүгінде экологиялық мәселелерді әкімшілік реттеуден гөрі, бағыт-бағдар беру тәсілімен жүйелеу формасы қолға алынуда» дейді «Аджип» КСО-ның кеңесшісі. Айткүл Самақова бұл ретте министрліктің «Аджип» консорциумына Қазақстанның жер қойнауын игеруге лицензия бермегендігін алға тартты. «Халықаралық талаптар жайында әңгіме қозғамас бұрын, өзіміздің ұлттық заңдарымыздың орындалуын қадағалап алғанымыз абзал» дейді қоршаған ортаны қорғау министрі Айткүл Самақова:

- Біз «Аджип» компаниясымен жұмыс істеп жатырмыз. 1-2 рет бас директорымен де кездестік. Біз қазір консорциумды сотқа беріп отырмыз. Оны бас директоры да біледі. «Аджип»-қа біз жер қойнауын игеру үшін рұқсат берген жоқпыз, алдағы уақытта да бермейтін боламыз. Оны қай жаққа барып шағымданамын десе, өз еркі. Біз бүгінде экологиялық жағдайды қарап отырып, «Аджип» болсын, мейлі басқа компания болсын, ең алдымен біздің елімізді сыйлау керек, тиісінше заңдарымызды орындау керек деп ойлаймын.

«Аджип» консорциумының кеңесшісі Майра Жүнісова: «қоршаған ортаға келетін зиян мөлшерін анықтау үшін, кәсіпорын шығаратын қалдықтардың мағынасын бір жүйеге түсіріп алу қажет» дейді. Оның айтуынша, Қазақстан заңында «қалдық» сөзіне берілген мағына өте көп, әрі шұбалаңқы болып келеді. Экологиялық «Табиғат» қозғалысының жетекшісі Мэльс Елеусізов: «экологияны қорғау үшін эколгиялық қор құру қажет. Ол кәсіпорындарға салынатын айппұлдар есебінен түзілсін» деп отыр:

- Бұрын бізде сондай ақша жинайтын жер болған. Қазір ешқандай ғылыми зерттеусіз, ойланбай ақша жинап жатыр. Одан күннен-күнге экологиялық зиянын төмендетсе де, төлейтін ақшасы көбейіп бара жатыр. Анығында, қазір сол ақшаның қайда кетіп жатқанын ешкім білмейді. Бүгінде барлық қаржыны жергілікті әкімшіліктерге бөліп жіберген. Оның ішінде 10-20 пайызы ғана халық игілігіне жұмсалады, яғни, табиғат мәселелерін реттеуге кетеді. Қалғанын ешкім білмейді. Сондықтан, сол ақшаның бәрін 1 жерге жинауымыз керек. Сосын жаңағы қор алдағы уақытта инвестициялық бағдарламалар ашуға мүмкіншілік береді. Қазір көптеген зауыт-фабрикалардың өз қалдықтарын тазалауға щамасы жетпейді. Оларға айыппұл төлеп жүре берген тиімді. Үкімет те оны аса талап етіп отырған жоқ. Сондықтан, экология жағынан көп мәселелерді қайта қарау керек.

Қоршаған ортаны қорғау министрімен кездесу барысында қоғамдық ұйым өкілдері мен кәсіпорын жетекшілері экологиялық жағдайды жақсарту жолында ортақ бағдарлама жасалу қажет деген ұсыныс айтты. Эколог-мамандар мен кәсіпорын басшыларының бұл талаптары қанағаттандырылады деген Айткүл Самақова: «2005-ші жылдан бастап қоршаған ортаға заңсыз зиян келтірген кәсіпорынға салынатын айыппұл мөлшері едәуір өседі» деп отыр.
XS
SM
MD
LG