Accessibility links

Ішкі істер министрі: Қазақстанда әрбір үшінші қылмыс тіркелмей келген


Бұл қылмысты жүз пайызға есепке алу және тіркеу кезінде анықталған. Бұл орайда 237 жетекші басшы және 3 ішкі істер басқарамасының бастығы жазаға тартылған. Қылмысты тіркеуге кедергі келтіргені үшін 23 басшы қызметтен босатылған. Ал, қазіргі уақытта қылмысты тіркеу 28,7 пайызға артқан. Бұл туралы Ішкі істер министрі Зауытбек Тұрысбеков желтоқсанның 6-ы күні парламентте өткен үкімет сағатында айтты.

Министрдің айтуынша, соңғы бес жылда із-түссіз жоғалған 72 адам еш жерде есепке алынбаған. Ал, өткен жылы кісі қолынан қаза тапқан 20 адам өз ажалынан өлді деп тіркеліпті. Ауыр қылмыстар ауыр емес қылмыстар ретінде тіркелген. Көбіне ұрлық қылмысы тіркелмеген. Ал, қылмыстың ашылуы өткен жылы ел бойынша 75,3 пайызды, ал бүгінгі күні 60,4 пайызды құрайды екен. Ұялы телефон ұрлау қылмысы да өршіп отырғанға ұқсайды. Жарты жылда осындай 35 мың қылмыс тіркеліпті. Сондай-ақ заңсыз мигранттармен жұмыс істейтін қызмет қажеттілігі де аталды. Өйткені, қанша заңсыз мигранттың келіп жатқаны жайында министрдің өзі де жауап беруге қиналады. Ішкі істер министрі Зауытбек Тұрысбеков осы саладағы басқа да жұмыстар барысын айтты. Алайда, депутат Амангелді Айталы министр тоқталмай кеткен мәселелер бар деп біледі. Оның айтуынша, ішкі істер министрлігінің қызметкерлері мен қоғам арасында коммерцияланған байланыс басталды. Көптеген тіпті қылмыстық топтар кадр мәселесін таңдауға араласып, көптеген мәселені өздері шешіп, ішкі істер министрлігі мен қылмыстық топтар, «балықшы балықшыны алыстан таниды» дегендей, былықшы былықшыны алыстан көріп араласып кеткен. Ресейдің бір тәуір жері өз ауруын өзі біледі. Біздің қиын жеріміз, біз оны айтқымыз келмейді. Айналып өтеміз. Бүкіл былық мал ұрлау, есірткі саудасы басқа да көптеген жағдайлар ең бірінші себеп болып отырған ішкі істер министрлігінің өзінің былығы мен шылығы. Өзінің жемқорлығы және бұл қатардағы полицейлер емес генералдар, ірі адамдар дейді депутат Айталы өз сөзінде. Амангелді Айталының айтуынша, Констиуциялық кеңес биылғы жылы есеп бергенде ішікі істер министрлігі 1860 қылмысты жасырды деп көрсеткен. Соңғы уақыттары ішкі істер министрлігі мен осы қылмыстық топтар арасында сыбайластық байланыс тереңдеп кетті. Сондықтан халықтың сенімі билікке азайды. Соның бір себебі ішкі істер министрлігінің ішінде деген ахуал бар. Өкінішке орай, біз зерттемейміз, қоғамдық пікірді білмейміз. Білсек те оны жақсартып айтқымыз келеді деді Амангелді Айталы. Ал, ішкі істер министрі Зауытбек Тұрысбеков сыбайластық мәселесінде министріліктегі ішкі қауіпсіздік қызметі биылғы жылы 317 азаматты ұстағанын айтады және полиция арасында қызметіне адал жандар бар дейді. Депутат Мұхтар Шаханов мектеп жасындағы балалар арасында да қылмыс орын алғанын алаңдайды. Сондай-ақ депутат түнгі клубтарда есірткі сатылады. Бұны полицейлер білмей жүрген жоқ.Олармен кімдердің шұғылданып жатқанын да біледі. Бірақ негізінен айтпайды. Көрсе де көрмегенсиді және мұндай шаруалармен белгілі адамдар да айналысады дейді. Ал, депутат Зейнолла Алшынбаев өз сөзінде діни экстремизммен күрес мәселесіне маңыз берді. Министр болса «Хизб-ут-тахрир» жөнінде әңгіме көп, бірақ, оған әлі де көңіл бөлмей жатырмыз дейді. Депутат Бекболат Тілеухан жол полициясы қызметінде қыздардың көбейгеніне алаңдаушылық білдірді. Ал, министр Тұрысбеков сақшы қыздар жүргізушілермен танысып, күйеуге шығып, жартысы жүкті болуына байланысты демалыста деп отыр. Әрі сақшы қыздардың пара алмайтынын естіп жүргенін айтады. 10 жылдан бері жол полициясы қызметінде жүрген Сайлау Қайроллаұлы сақшы қыздардың адал жұмыс істейтінін айтады.
XS
SM
MD
LG