Accessibility links

Мерзімді басылымдар 5 желтоқсанда түнде “Испат-Кармет” акционерлік қоғамына қарасты “Шахтинская” шахтасының көмір алынып жатқан лавасында күшті жарылыстың болғандығына баса назар аударыпты. Осы жарылыстың салдарынан 23 кенші қаза тапқан.


“Егемен Қазақстан” басылымында жарық көрген мақалада Шахтинск шахтасындағы орын алған жарылыстың кесірінен 23 кеншінің қаза тапқандығы хабарланыпты. Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Шахтинск” шахтасындағы қайғылы оқиғаға байланысты Қарағанды облысының әкіміне жеделхат жолдаған. Мемлекет басшысы зардап шеккендерге және қаза болғандардың отбасына барлық қажетті көмек көрсету үшін Үкімет пен Қарағанды облысының әкіміне тапсырмалар берген. Газет тілшісінің хабарлауынша, мұндай қайғылы оқиғаның Қарағанды көмір бассейнінде кездесуі бірінші рет емес. Осыдан біраз жылдар бұрын Қазан төңкерісінің елу жылдығы атындағы және “Соқыр” шахтасындағы жарылыстан бұдан де көп адам опат болған. Алдын-ала болжамдарға қарағанда, лавадан шамадан тыс жинақталып қалған метан газының тұтануы жарылысқа әкеліп соққан. “Егемен Қазақстан” газетінің хабарлауынша, осы суыт хабарды ести салысымен шетелден дереу жеткен “Испат Кармет” компаниясының қожайыны Лакшми Миттал қаза тапқандардың отбасыларына барып, көңіл айтыпты. Компания асыраушысынан айырылған әр отбасыға 6-7 миллион теңгеден көмек беруді ұйғарыпты. Аман қалғандардың бірі Александр Ақмаевтың айтуы бойынша, жарылыс кенеттен болған. “Жас Алаш” басылымының сейсенбі күнгі санында жарық көрген Ерік Рахымның мақаласында “Шахтинскіде” орын алған қайғылы оқиғаға байланысты Үкімет жанынан арнайы комиссияның құрылғандығы хабарланыпты. Мақала авторының айтуынша, көп жағдайда шахта басшылығы жұмыс сапасы мен кеншілердің амандығын ойлаудан гөрі, жеке бас пайдаларына көбірек көңіл бөлуі осындай қайғылы жағдайға әкеліп соқтырған. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, бұған дейін де бір емес, бірнеше рет “Испат –Карметте” жұмыскерлер жазым болған. “Экспресс К” басылымы газетінің тілшісі Светлана Коханованың мақаласында “Шахтинскінің” осы аймақтағы ең қауіпсіз шахталардың бірі саналып келгендігі айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, соңғы он жылдың ішінде ылғи да осы аймақтағы басқа шахталарда жарылыс орын алып келген. Газет тілшісі сондай-ақ таяуда ғана “Шахтинскінің” жаңа құралдармен жабдықталғандығына және шахтадағы бригадалардың көмір өндіру жағынан жарысқа түскендігіне да айрықша тоқтала келіп, бұл қайғылы оқиғаның орын алуына осы жағдайдың да ықпал етуі мүмкін деген болжам жасапты. Мамандардың айтуынша, жаңа техниканың қолданылуы жарылыс болу мүмкіндігін күшейте түседі екен. “Казахстанская правда” газетінің тілшісі Владимир Рыжковтың мақаласында осы апат себебін тексеруге қатысты құрылған қомиссияның басшысы Владимир Школьниктің зардап шеккен отбасылардың қамқорлыққа алынатындығына айрықша тоқталғандығы айтылыпты. . “Испат-Кармет” Акционерлік қоғамының кәсіподақ комитетінің төрағасы Вячеслав Сидоровтың айтуынша, қаза тапқандардың отбасы ұжымдық шарттың негізінде асыраушысының он жылдық айлығы көлемінде материалдық көмек алады. Ол шамамен алғанда бес-алты миллион теңгені құрайды. “Известия” басылымының “Қазақстан” қосымшасында жарық көрген мақалада жарылыс орын алған кезде шахтада 87 жұмысшының болғандығы баяндалыпты. Мақалада сондай-ақ бұл жарылыстың себеп-салдарларын тексеру үшін Ресейден арнайы мамандардың шақырылғандығы да айтылыпты. Осы жарылысты тексеру үшін құрылған комиссияның басшысы, энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьниктің айтуынша, трагедияның себеп-салдарын зерттеу үшін, жұмыс істеп жатқан комиссияның қарамағынан тағы да жеті комиссия құрылған. “Испат –Кармет” акционерлік қоғамының көмір өндірісі департементінің директоры Григорий Презенттің айтуынша, жарылыстың орын алуына газдың атылуы себеп болған. Мақала авторының айтуынша, қайғылы оқиғаның кесірінен отыз екі бала жетім қалған. “Испат Кармет” акционерлік қоғамының басшысы Лакшми Миттель қаза тапқан жұмысшылардың балаларын қамқорлыққа алуға және қаза тапқандардың отбасындағылардың жұмысқа орналасуына көмек көрсетуге уәде беріпті. “Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасы болса, осы жарылыс кезінде 23 адамның қаза тапқандығын айта келіп, жарақат алған екі азаматтың ауруханада ауыр халдің үстінде жатқандығына тоқталыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, “Шахтинск” шахтасы “Шахтинск” қаласынан он шақырым қашықтықта орналасқан. Шахта 1958 жылы іске қосылған. 1973 жылдан бері шахтада екі миллионнан астам көмір өндіріле бастаған. Мамандардың айтуынша, шахтада екінші рет те жарылыс болуы ықтимал. Газет тілшісінің хабарлауынша, қазіргі кезде жарылыстың салдарын тексеру жұмысы аяқталғанша, шахтадағы жұмыстың бәрі тоқтатылған.
XS
SM
MD
LG