Accessibility links

Қазақстан президентінің жанындағы Азаматтық қоғамды демократияландыру жөніндегі ұлттық комиссияның бірінші отырысына оппозиция өкілдері қатысудан бас тартты.


Комиссия мүшесі болып тіркелген 20 ұйымнан тек 17 қатысып отыр. Комиссия төрағасы Болат Өтемұратов отырыста «Коммунистік партия», «Ақ жол», және «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партияларының қатыспағандығына өкініш білдірді.

«Мен олардың кейінгі уақытта комиссия жұмысына қатысуына үміт артамын, қалай болғанда да біз комиссия жұмысы кезінде олардың пікірін ескереміз»,-деді Өтемұратов. Комиссия төрағасының айтуынша, елді әрмен қарай демократияландыру жөніндегі бағдарлама жасалады. Онда бірнеше жылға әр қадам жазылады. «Президент маған комиссия пікірін ескермей бірде-бір маңызды саяси шешім қабылдандайды деп сендірді»,-деді Өтемұратов: Оппозиция өкілдері болса, демократияландыру жөніндегі ұлттық комиссия жұмысына қатыспаймыз деген мәлімдеме жасаған. Қазақстанның демократиялық күштерінің үйлестіруші кеңесінің төрағасы Жармахан Тұяқпай айтып өткендей, оппозиция билікпен диалог жүргізуге қарсы емес. Бірақ бұл диалог тең құқылы болу керек дейді ол. Қазақстанның демократиялық таңдауы партиясының өкілі Асылбек Қожахметовтың айтуынша, біріккен оппозиция күштері демократияландыру жөніндегі ұлттық комиссияға қатысты пікірін әлдеқашан білдірткен:

- Қазақстандағы демократиялық күштердің көзқарасы бойынша, мынадай комиссияның керегі жоқ. Оның ешқандай билігі жоқ. Сөйлесетін болсақ, тек қана президентпен сөйлесеміз. Барлығы олайда-бұлайда соған келіп тіреледі.

Бұған дейін, оппозиция өкілдері қамауда отырған демократиялық партиясының лидері Ғалымжан Жақияновты босатуды талап еткен болатын. Ол кезде «Ақ жолдықтар» бұл қадам президенттің демократиялық құндылықтарды көздейтіндігінің айғағы болар еді деген. Қазақстанның демократиялық партиясының лидері, Павлодар облысындағы Шідерті қоныс колониясында жазасын өтеп жатқан Ғалымжан Жақиянов оппозициямен билік арасындағы диалог төңірегінде дамыған елдерден мысал келтірді:

- Мысалы Америкада оппозиция деген сөзді естімиміз. Оларда демократтар және республикандықтардың партиялары бар. Бүгін республикандықтар билік басында яғни, демократтар оппозиция. Бірақ, оларды оппозиция деген біреу бар ма? Билік басындағылар ақылды болса, оппозицияны заңды түрде қолдап, саяси жүйеге шақыруы керек.

Қазақстанның демократиялық күштерінің үйлестіруші кеңесінің төрағасы Жармахан Тұяқпай болса, биліктен ең алдымен қазіргі парламенттің заңдылығын шешіп алуды талап еткен. «Азаттық» радиосына берген сұқбатында ол оппозиция күштерінің алға қойған мақсаттарын айтып берді:

- Бүгінгідей емес, тек қана заңмен реттелетін, заң ғана ең жоғары билік болатын жағдай жасауымыз керек. Ол үшін, билік тармақтарының арасындағы ара-салмағын бір-біріне бірдей болып, бір-біріне тежегіш құралдарын қосып, олардың осы тепе-теңдігі мәселесін іске асыру.

Қазақстанның коммунистік партиясының бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдин болса, билікке мүлде сенбейтіндігін білдіртті:

- Барлық олардың қан тамырына сіңіп кеткен жағдай, өтірік айту, парақорлықпен алдап, сатып алуменен жұмыс істеу. Билік тіпті оппозиция ұсыныс айтпайды дегенді қойып, оппозиция жұртқа іріткі салады деп жариялайды. Іріткі салған билік.

Өз кезегінде, Демократияландыру мәселелері жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Болат Өтемұратов оппозициямен диалог орнатуға дайын екендігін, бірақ, оны теріске шығаратын күштердің бар екендігін алға тартқан.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG