Accessibility links

Арқалық қаласының әкімі өзін сынаған журналист үш жыл түрмеге отырғызылсын деп талап етіп отыр


Жергілікті тәуелсіз журналист Жұмат Әнесұлы Арқалық қаласының одан ары құлдырауына қала әкімі Жомарт Түбекбаев кінәлі деп зерттеу мақала жазды «Жас Алаш» газетінде 28 қазан күні. Әкім айтылған сынды жеке намысымды қорлау деп қабылдады да журналисті сотқа берді. Республикалық «Жас Алаш» газеті сотқа тартылған жоқ, автор ғана жазалау алдында тұр. Соттың алғашқы мәжілісіне әкім өзі келді, мұндай адамдардың сазайын тартқызу керек, журналист үш жыл түрмеге отырғызылсын деп талап қойды.

1997 жылы Торғай облысы таратылғанда Қазақстан ресми пропагандасы «Облыстың бұрынғы орталығы Арқалық қаласы – совет заманында қолдан жасалған қала еді, мұнда боксит кен басқармасы ғана болатын, Жерге оралатын ғарышкерлер Торғай даласында қонып, алдымен Арқалықта аялдайтын - әйтпесе Арқалықтың қала дәрежесіне жетер-жетпесі екі талай» - дейтін. Алайда, «Жас Алаш» газеті мұны жоққа шығарады. Арқалықта «Арна» радиоқұрастыру зауытында автокөлік магнитолалары өндірілетін, Арқалық қаласында автомашина құрастыру зауыты болды, керамика өнімдері фабрикасы болды, екі асфальт зауыты, 20 шақты автокөлік базасы, оншақты құрылыс кәсіпорны, сүт, ет, нан комбинаттары, құс фабрикасы, сусын зауыты болды. Айналдырған бір-екі жыл ішінде осы кәсіпорындардың барлығы елдің көз алдында ізім-ғайым жоғалды, - дейді «Жас Алаш».

Жергілікті тәуелсіз журналист Жұмат Әнесұлының мақаласында жығылған Арқалық қаласына әкім Жомарт Түбекбаевтың жұдырығы одан сайын тиіп отыр делінеді. Журналистің пікірінше, әкім коррупциялық сипаттағы істерге бейім, қала құлдырауын жеке пайдасына бұрды. Мәселен, 70-мыңдық қала тұрғындарының жартысы көшіп кеткен соң әкім жаңадан салынған жетінші және тоғызыншы микрорайондарды жапқызды, қалған халықты ескі микрорайондарға көшірді, ал көне үйлердің сантехникалық жөндеуіне миллиардтаған теңге қаржыны алды да оны жеп қойды, - дейді журналист. Арқалықты тұйықтан шығарамыз деп басталған басқа жобаларда талан-тараждың сырт бейнесі боп шықты; құс фабрикасын жандандырамыз деген сияқты жобалар іске аспай қалды; несиелерді алған кәсіпкерлер қашып кетті, - делінеді «Жас Алаш» газетінде. Мақалада келтірілген деректер бойынша әркім өз тұжырымын шығара береді жалпы. Әкім көп ойланбай журналисті сотқа тартты. Алғашқы мәжіліс 7-ші желтоқсанда өтті. Журналист Жұмат Әнесұлы мақаламдағы деректер негізі расталды дейді «Азаттық» радиосына берген сұхбатында. Журналист Әнесұлы сөзімнен қайтпайпын, ел санасында жүрген шындықты айттым дейді:

- Әкім өзі қатысып, мені соттатамын, жапқызамын деді ғой. "Менім уақытым жоқ, сені бүгін соттау керек, үш жылға қамау керек" - деп отырып алды ғой сол жерде. Өзім келсем – айтқанымды істетемін деп ойлаған ғой.

Біз осы мәселемен Арқалық қаласының әкімі Жомарт Түбекбаевқада телефон жалғадық. Алайда бірнеше мәрте телефон соққанымызда әкімді орнынан таба алмадық, әкім көмекшісі Нұрлан Сейтбеков әкім жалдаған адвокаттыңда телефонын бере алмады:

- Бұл қиындау жағдай. Әкімнің өзімен сөйлесуіңіз керек. Себебі бұл өте қиын сұрақ, үйтіп-бүйтіп жауап беруге ешқандай жағдайым жоқ. Бұған менім өкілеттігім жоқ.

Арқалық сотының келесі мәжілісі 22-шы желтоқсанға белгіленді. «Жас Алаш» газетін жергілікті әкім сотқа тартқан жоқ, тек автордың үстінен ғана арызданды. «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Жүсіпбек Қорғасбек журналистің мақаласынан соң әкімнің де пікірін жариялағанбыз, пікірталаста тепетеңдік қамтылды, соттасудың жөні жоқ еді дейді «Азаттық» радиосына берген сұхбатында:

- Қала әкімі ондай қадамға бармауға тиіс еді. Менім ойымша, бұл жерде әкімнен өш алайын деген ана азаматымыздың, жергілікті жерде хат жазушының ойы болмауы керек. Бұл әйтеуір шаруа түзелсін деген мағнада айтылған ғой.

Халықаралық демократиялық ұйымдар Қазақстан үкіметін, президент Нұрсұлтан Назарбаевты сөз бостандығын қамтымағандары үшін жиі сынайды. Мәселен, өткен айда ғана «Фридом Хауз» ұйымы Қазақстан – еркін мемлекет емес деп тағы баға берді. Алматыда орналасқан «Әділ сөз» ұйымының директоры Тамара Калеева журналист Жұмат Әнесұлының үстінен өтіп жатқан сот жағдайынан хабарсыз болып шықты, бірақ жалпы әкім журналисті соттатып жатыр дегенге таң қалмады:

- Журналист жала жапты деп айыптайтын мемлекет - өркениетті мемлекет емес. Журналисті түрмеге отырғызу – ол совет заманынан қалған жаман әдет. Оған мүлдем жол беруге болмайды. Біз жала жапты деген журналистердің істерін бақылап отырамыз. Айыптардың дені жоқ жерден жасалады. Былтыр Қазақстанда осындай айып бойынша 12 журналист сотталды, менімше. Олардың біреуіне ғана айыптау үкімі шығарылды. Ол үкімнің өзін "Әділ сөз" ұйымы заңсыз деп біледі.

Арқалықтың құлдырауы 1997 жылғы қарамақайшы әкімшілік реформадан басталды, сол жылы Торғай облысы жабылды. Сонымен қатар Талдықорған, Семей, Көкшетау облыстары да жабылды. Мұндағы бұрынғы облыс орталықтарының да жағдайлары мүшкіл, жергілікті баспасөз аймақтардың құлдырау мәселесін кеңінен аша алмайды. Арқалық қаласы Қазақстан картасынан жоғалу қаупіне тап болған кезеңде Еуропа төрінде, Чехия астанасы Прага қаласында Арқалық көшесі жайнап тұр.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG