Accessibility links

“Transparency Kazakhstan” ұйымы Қазақстанды сыбайластық пен жемқорлыққа қарсы халықаралық конвенцияға қосылуға шақыруда


Бір жыл бұрын желтоқсанның 9-да кейбір мемлекеттер БҰҰ-ның сыбайластық пен жемқорлыққа қарсы конвенциясына алғашқылар қатарында қосыла бастады. Сондықтан, БҰҰ-ның Бас Ассемблеясы 2004-ші жылдан бастап желтоқсанның 9-ын Сыбайластық пен жемқорлыққа қарсы күн деп атауды ұсынды. Ал “Транспаренси Казахстан” ұйымы егер Қазақстан бұл халықаралық конвенцияға қосылса, елдегі сыбайластық пен жемқорлыққа қарсы күрес күшейер еді дегенді айтып отыр.

- Қазақстан сыбайластық пен жемқорлық белең алған елдер қатарына жатады. Бұл орайда республика 145 ел кірген тізімде 122-ші орын алып, былтырғы жылмен салыстырғанда төмен көрсеткіш көрсетті. Әсіресе мейрамхана бизнесі, базарлар, шикізат өндіру саласы, лицензия беретін мемлекеттік орындар, кеден, жол полициясы, полиция, сот қызметкерлері арасында жемқорлық айрықша өршіп тұр,- деді халықаралық “Транспаренси Казахстан” ұйымының атқарушы директоры Сергей Злотников. - Прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қоғам дертіне азырақ шалдыққан. Экономикалық қылмыс және сыбайластық пен жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Сарыбай Қалмырзаев болса, жуырда республикалық телеарналардың бірінен Қазақстандағы банк секторына аса назар салып, әсіресе ірі банктердің кәсіпорындарға қысым көрсетіп, несие беруде бизнесін бөлісуді талап ететіндігіне тоқталған.

Алайда, Қазақстанның “Ақ жол” партиясының теңтөрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы жемқорлықпен күрес агенттігі жекеменшік банктерден бұрын алдымен мемлекеттік құрылымдағы сыбайластық пен жемқорлыққа мән беруі тиіс деген пікірде: - Банктердің барлығы - жеке меншікте. Яғни, ондағы сыбайластық пен жемқорлық – мемлекет пен агенттіктің емес, банктердің өз проблемасы. Қылмырзаев алдымен мемлкеттік шенеуніктер мен мемлкет атынан жасалатын келісім-шарттарды «тазаласа», сол дұрысырақ болар еді.

Ал халықараралық “Транспаренси интернейшнал” ұйымының тапсырысы бойынша биылғы жылдың маусым-қыркүйек айлары аралағында жүргізілген зерттеулер әлемдегі 62 елдің 36-да саяси партиялар сыбайластық пен жемқорлыққа ең жақын құрылым ретінде көрестілген. Олардан кейінгі орындардан парламент, полиция мен сот жүйесі табылған. Алайда, Қазақстандағы саяси партиялар қоғамда ешқандай роль ойнамайды, сондықтан, оларға қатысты жемқорлық аз дейді Сергей Злотников. - Егер Қазақстан сыбайластық пен жемқорлыққа қарсы халықаралық конвенцияға қосылса, республика бұл мәселе бойынша халықаралық қауымдастық алдында есеп бере бастайды, бізге де, оларға да инспекторлар бара алады. Бұл Қазақстандағы орындалмайтын заңдардан гөрі әлдеқайда тиімді

Алайда, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының пікірінше, қазіргі жағдайда Қазақстандағы сыбайластық пен жемқорлықпен күрес тетігі бір ғана адамның қолында. Сондықтан, жемқорлықпен күрес те соның ерік-жігеріне байланысты: - Барлығы президентке байланысты. Егер ол мемлекетті жеп, тәуелсіздігімізді жойып бара жатқан сыбайластық пен жемқорлықпен күрессе, онда ол агенттік құрмайды, алдымен саяси жүйені жетілдіреді, тәуелсіз ақпарат құралдарын дамытады, саяси партияларға толық мүмкіндік береді. Сонда ғана сыбайластық пен жемқорлық деңгейі біртіндеп азаяды.

Ал “Транспаренси-Қазақстан” ұйымы сыбайластық пен күрес тек азаматтық қоғамның аралауымен ғана тиімді болады деп отыр.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG