Accessibility links

Жел қуатын энергия көзі ретінде пайдалану жобасын Қазақстан бастап кетті


Қазақстанның кең жазира даласы мен көгінен төгілер шұғылалы күн сәулесі бұл елде осы табиғи құбылыстарға негізделген қуат көздерін өндіруге мол мүмкіндіктердің бар екендігіне мегзеп отыр. Осы орайда Қазастан өткен жылы елдің оңтүстік-шығысындағы Алматы облысында күн көзінен қуат алу бағдарламасын бастап кеткен болатын. Бұл бағдарламаны бастапқы кезде құрған БҰҰ жанындағы Даму бағдарламасы және Канаданың халықаралық даму агенттігі еді. Қазіргі таңда Орта Азияның біраз елдерінде жел энергиясын өндіру ісі өз бастауын тапқан.

Қазақстан электр қуатының 90 пайызы көмір және газ арқылы өндіріледі. Қалған 10 пайызы- су электр бекетінің үлесіне тиесілі. Осыларға балама қуат көздерін пайдалану мақсатында БҰҰ жанындағы Даму бағдарламасы мен Қазақстан өкіметі өткен аптада жел қуатын пайдалану бойынша, үш жылға арналған бағдарламаны бастап кеткен болатын.

Ол сағатына 1,82 триллион киловат қуат өндіреді деп жоспарлануда. Осы Даму бағдарламасының Қазақстандағы ресми өкілі Гордон Джонсонның айтуынша аталған сектор бойынша ұлттық даму бағдарламасын белгілеу ісінде Энергетика министрлігіне БҰҰ көмектесетін болады. Сондай-ақ түрлі аймақтраға арналған жел қуаты көздерін өндіру картасын жасау да сол көмек ішінде бар. “Бұл жерде жел көп тұратындықтан да осы қуат көзін өндіру бойынша Қазақстан әлемдегі ең қолайлы елдердің қатарынан саналады. Мәселе бұл елде тұрғындардың тығыз орналаспауында, сондай-ақ Қазақстан- мұнай мен көмір кендеріне бай ел. Демек басты түйін жел энергиясын пайдалану қаржылық жағынан өміршең бе, жоқ па деген сауалға келіп тіреледі. Қаржылық жағынан өміршең болуын ойлай отырып біз аталған бағдарламаға қолдау көрсетпекшіміз. Ол үшін жағдайды жақсарту бағытында оны жүзеге асыру тетіктерін зерттеу үшін өкіметпен бірлікте жұмыс істеудеміз”,- деді Джонсон мырза.

Оның сөзіне қарағанда, бағдарламаның екінші бөлімі бес мегаваттық жел қуатының бекетін Қытаймен шекараға жақын маңдағы Жоңғар қақпасында қалыптастыру болуда. Осы жобаны жүзеге асыру үшін Уашингтонда орналасқан Әлемдік қоршаған ортаны қорғау тәуелсіз ұйымы екі миллон доллардан да көп қаржы бөліп отыр. Жеке компаниялар тағы төрт миллион доллар қаржы бөлмекші. Басқа да инвесторлар бұл іске тартылатын болады. Әлемдік дәрежеде жылымықтың өрістеуіне себепші болатын газдың ауаға бөлінуін азайту мақсатында Қазақ өкіметі тарапынан қуат көздерін дамыту бағдарламасы жүргізілуде.

Жоғарыда талданып отырған жоспар- сол бағдарламаның бір бөлігі. Жоспар бойынша 2030-шы жылға дейін 500 мегаваттық жел қуатын өндіретін көздерді салу көзделуде.



Алматыда орналасқан өкіметтік емес Жасыл әлемді құтқару ұйымының өкілі Сергей Куратовтың айтуынша бұл орайда өкіметтің атқаруы тиіс шаруалары шаш-етектен. Ал, кейбір еріктілер тіпті шағын бекеттерді немесе жабдықтарды қолданысқа көптеп енгізуге тырысуда. Алайда, дейді Куратов, біздің өкіметіміз осыған дейін баламалы қуат көздерін өндіру бағдарламаларына дұрыстап көңіл бөліп отырған жоқ.



Джонсон мырзаның сөзіне қарағанда жаңа бес мегаваттық құрылым жобасы жүзеге асқан жағдайда мұның өзі 20 жыл ішінде ауаға бөлінетін көміртегі газының көлемін 400 миллиард тоннаға азайтуға септігін тигізер еді. Яғни жылымықтану үдерісі біршама ауыздықталатын болады.
XS
SM
MD
LG