Accessibility links

«1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне тиісті саяси бағасы берілген жоқ» дейді желтоқсаншылар


Сәрсенбі, желтоқсанның 15-і күні Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов желтоқсан көтерілісіне қатысушыларға тәуелсіздік күніне орай, медальдар мен пәтер кілттерін табыс етті. Желтоқсан көтерілісінің құрбандары Ләззат Асанова мен Ербол Сыпатаевтардың анасы мен бауыры: «18 жыл бұрынғы оқиғаға билік тарапынан әлі күнге дейін тиісті саяси баға берілмей келеді» деп отыр. Желтоқсан күрескері Хасен Қожа-Ахметтің айтуынша, қазіргі Үкімет басында отырған биік лауазым иелері желтоқсан шындығының ақиқатын ашуға мүдделі емес. «Олай етсе, 1986-шы жылы басқаша сөйлеген шенеуніктердің шын бет-пердесі ашылып қалады» дейді Хасен Қожа-Ахмет.

Ал, сәрсенбі күнгі жиынға шақырылмаған желтоқсан күрескері Гүлбахрам Жүністің айтуынша, билік өкілдері желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың талап-ұсынысына құлақ асуды қойған. "Сондықтан ондай жиындарға билік өкілдеріне сыни көзқарас білдіретін желтоқсаншылар шақырылмайды" дейді Гүлбахрам Жүніс.

Сәрсенбі күні Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларды тәуелсіздік күнімен құттықтаған Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов 10 адамға мемлекетік медаль тапсырып, Ғабиден Бөлеков пен Иманқожа Бақтыбекке пәтер кілттерін табыс етті:

- Сол оқиға қазақ халқының намысын қорғап қалды. Мінекей, сол оқиғамен бірге, сіздердің де қазақ халқының тарихына жазылды десем артық айтқандық болмас.

Мемлекеттік медаль берілген желтоқсан көтерілісінің құрбаны Ләззат Асанованың анасы Алтынай Асанова: «билік басындағылардың желтоқсан көтерілісін оқиға деп бағалағаны жаныма батады. Осыдан-ақ 1986-шы жылғы көтеріліске тиісті баға берілмей келе жатқанын аңғару қиын емес» дейді:

- Басқа желтоқсаншылар сияқты мен бірден ақталып, бірден жақсылық көріп, көзім ашылып кеткен ана емеспін. 18 жыл бойы өзімді де қуғын-сүргінге ұшыратып, қызымды да қаралаумен келді бұл желтоқсан. Өз басым өте күрделі ауырпашылықты көтерген анамын. Сонда да мен ешкімнен қорыққан жоқпын, ұстанымымнан бас тартқан жоқпын. Ләззатымды ақтау үшін күресіп келе жатқан анамын. Қазір соншама қиындық салдарынан денсаулығым біраз нашарлады. Бірақ, жеңіске жеттім. Мен үшін бүгінгі марапаттап отырған наградасы Ләзаттың орнын толтырмайды. Мен негізінде ол награда үшін күресіп жүрген жоқпын.

Алтынай Асанованың желтоқсан әділ бағасын алған жоқ» деген пікірін осы көтеріліс құрбаны Ербол Сыпатаевтың інісі Ержан Сыпатаев та қуаттап отыр:

- Қазір неше түрлі әңгімелер айтылып жатқанымен, желтоқсан толық зерттеліп, өз бағасын алмаған көтеріліс қой. Меніңше, ең алдымен осы көтерілісті тарихқа енгізу керек.

Бұл ретте жиынға қатысқан «Желтоқсан рухы» қоғамдық ұйымының төрағасы, парламент мәжілісінің депутаты Мұхтар Шаханов: «желтоқсанға баға беруде барлық құзырет қазіргі Қазақстан басшылығының қолында. Оны билік өкілдері дұрыс түсінуі керек» дейді:

- Міне, бар мәселе осында. Сондықтан, біздің республикамыздың басқару орындарында жүрген азаматтар ойлануы керек. Біз бүкіл ынтамызбен желтоқсан көтерілісінің қайталанбауын тілейміз. Ондай кезеңнің күні аулақ болсын.

«Жоғарыда айтылған пікірлерге толық қосыламын» деген желтоқсан күрескері Хасен Қожа-Ахметтің айтуынша, желтоқсан көтерілісіне саяси баға беруде ең алдымен саяси реформа жасау мәселесі қарастырылуға тиіс:

- Осы турасында түрлі комиссиялар болды, мәселені тексерді. Бірақ, солардың барлығы сол кездегі адам құқығының бұзылғандығы туралы мәселелерді ғана айтты. Егер де сол құқықты бұзған жауапты адамдарды жауапқа тартып, жаңағы адам құқығын таптаған жүйеге реформа жасамайынша, тек бір жақты адам құқығының бұзылғанын айта берудің өзі халықтың жігерін таптап тастайды. «Ендігәрі Үкіметке қарсы шықпаңдар» деп қорқытып тастайды.

Ал, Алматы әкімі Иманғали Тасмағамбетов ұйымдастырған жиынға шақырылмаған желтоқсан көтерілісіне қатысушы Гүлбахрам Жүніс: «билік өкілдері қанша жерден желтоқсаншыларды жинап пікір сұрағанымен бәрібір ол жиында айтылған ұсыныстар ескеріле бермейді» деп отыр:

- Мәселе марапаттап, бізге бір баға бергенде емес, бұл жерде біздің халқымыздың ұлылығын көрсетпей жатыр. Өзім 1994-ші жылы «Желтоқсан» қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары болып қызмет атқардым. Сол кезде «мына алаң 2 жағынан жабылсын» деген талап қойғанмын. Біріншіден: ол алаңды жауып тастағаннан жүріп жатқан көлікке келіп-кетер ешқандай кедергі жоқ. Екіншіден: кедергі болған күннің өзінде азаматардың қаны төгілген алаңды аяқпен таптап жүру деген, ол – үлкен күнә.
XS
SM
MD
LG