Accessibility links

Ирақты 2005 жылы күрделі сайлау науқандары күтіп тұр


Санаулы күндері ғана қалған 2004 жыл Ирақ үшін өте қиын болды. Америка Құрама Штаттарының Ирақты түзу жолға қоямыз деген әрекеттері көтерілісшіл топтардың бүліктеріне тап болды. Дегенмен, АҚШ әкімшілігі саяси майданда айтарлықтай табысқа қол жеткізді, Саддам Хұсейннен кейінгі Ирақта тұңғыш егемен үкіметі құрылды. Ирақ 2005 жылы үш кезеңнен тұратын сайлауларға дайындалып жатыр. Халық қолдауын жеткілікті табатын үкімет сайланбақ, көтерілісшілердің бетін қайтару мүмкіндігі сыналмақ.

Ирақта көтерілісшілер мен АҚШ әскерлері арасында тағы қақтығыс болды деген жаңалықтар биылғы мәліметтерде басым болды. Тарих қойнауына кетіп бара жатқан 2004-тың бір ерекшелігі осы. Қараша айында Фаллуджа қаласында АҚШ-тың 10-15 мың сарбазы мен Ирақтың шағын жасағы көтерілісшілермен әр көше үшін соғысты. Фаллуджа науқаны сәтті аяқталды деп сипатталды. Бірақ осы шайқастарда американдық әскердің адам шығыны 136-ға өсті, бұл Ираққа АҚШ әскері кіргелі бері ай сайын болатын ең көп шығын. АҚШ Ирақты реттеймін деп 22 ай бойы күш салып жатса, көтірілісшілерді басу қиын болып тұрғанын көрсетеді бұл шығын.

Саяси майданда АҚШ және Ирақтың ресми орындары үшін сайлауларды толыққанды өткізу шаруасы аса маңызды. Мұндағы ең қиын жағдай – суннит мұсылмандарының басым тобы сайлауға бармаймыз дейді, олардың кей басшылары бойкотқа шақырып отыр. Саддамның кезінде сунниттердің саяси салмағы басым болған. Енді олар шиит мұсылмандары сайлау арқылы билікке біржақты шығып кетеді деп алаңдайды. Бірақ суннит қауымының кейбір басшылары бойкот артық шаруа дейді, олардың арасында Ирақ уақытша президенті Ғази Әл Яаур бар. Ол 45 жылдан бері қолға түсіп тұрған мүмкіншілікті пайдаланайық, сайлау арқылы саяси құқықтарды іске асырған жөн дейді. Бірақ елде қауіпсіздік деңгейі әлі нашар. Ирақ уақытша бас министрі Ияд Аллауи сайлау мүмкіншіліктерін іске асыру мүмкін болады деген сенімде:

- Ирақтың шамамен 20 пайыз жерінде біраз қиындық бар. Елдегі бір қатар сайлау аймақтарымен байланысты үзбеуге тырысып отырмыз, саяси науқан мазмұнды өтіп жатыр деп сенімді болғымыз келеді. Саяси науқанға барлық ирақтықтар қатысса жөн деп отырмыз.

30-шы қаңтарда Ирақта алдымен Ұлттық Ассамблея сайланбақ. Ассамблея жаңа уақытша үкіметті сайлайды және конституция жобасын дайындайтын мекемені тағайындайды деп күтіліп отыр. Қазан айында ұлттық референдум өткізіліп, онда жаңа конституция қабылданбақ. 2005-шы жылдың соңында тікелей сайлау өткізіліп, конституциялық үкімет сайланбақ. Амман қаласында орналасқан "Халықаралық дағдарыс тобы" ұйымының аймақтық сарапшысы Джоест Хилтерманн суннит пен шиитер болашақ биліктегі үлестеріне алаңдаулы, басты мәселе осы дейді:

- Араб суннитері қауымдастық ретінде және жеке тұлғалар ретінде сайлау күні не айтады екен, сон нақты мәселе. Сыртта қалып қалмау үшін сайлауға қатысу жөн екенін олар сезе ме екен? Бұған күмәнім бар. Сайлауға қатыссақта шеттетіліп қаламыз деген ой басым оларда. Өтпелі кезең ассамблеясына қатысу мүмкіншілігі туады деген ой емес, саяси шағын топ ретінде кек алу нысанасына айналамыз деген үрей басым суннит мұсылмандарда.

Джоест Хилтерманн сайлаулардың табысы суннитердің қатысуына тәуелді десе, сайлауларды мерзімінде өткізбеу шиитердің көңілін қалдыру мүмкін дейді. АҚШ және Ирақ ресми орындары келесі жылдың сайлаулары көтерілісшілерді басуға беделі жетерлік үкімет жасақтау мүмкіндігін береді деген сенімде.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG