Accessibility links

Ташкентте қазақ-өзбек шекара сызығын межелеу жөніндегі бірлескен комиссияның кезекті отырысы басталды


Желтоқсанның 21-і күні Ташкентте басталған қазақ-өзбек шекара сызығын межелеу жөніндегі бірлескен комиссияның жұмыс құрамына Қазақстан жағынан Сыртқы істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің өкілдері, Әділет, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ауыл шаруашылығы, энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің, “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясының, “Қазгеокарта” кәсіпорнының өкілдері бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осы мәселеге байланысты біздер ҚР Сыртқы істер министрлігіне хабарласқанымызда, аталған министрліктің баспасөз хатшысы Мұхтар Кәрібай қазақ-өзбек шекарасын мәжелеу жұмыстарына байланысты басталған екі жақты келіссөздерден хабарсыз екендігін айтты:

-Ертең хабарласыңыз. Қолымда ол мәселе жайлы мәлімет жоқ. Ертеңге дейін біліп қояйын.

Ал бұл мәселеге ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық құқық департаментінің мемлекеттік шекара бөлімінен, ҚР Консулдық қызметінің өкілдерінен: “Бізге ол жиыннан ресми мәлімет келіп түскен жоқ. Сондықтан ешнәрсе айта алмаймыз» деген жауап алдық.

Алдын ала мәліметтерге қарағанда, өзбек аумағында қалып қоятын Қазақстан азаматтары мен үйлері қазақстандық ауылдарда қалып қоятын өзбек азаматтарының жағдайы отырыстың күн тәртібіндегі негізгі мәселе. Сондай-ақ комиссия мүшелері шекара сызығындағы қалып қойған адамдарды көшіру мәселесімен ғана емес, шекара төңірегіндегі ауылдар мен нысандардағы электр желілерінің су және жылу құбырларының жұмысына байланысты мәселелерді талқылайды. Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданына қарасты қазақ-өзбек шекара сызығында орналасқан Жартытөбе ауылы әкімінің орынбасары Бекен Азаматовтың айтуынша, жоғарыда аталған мәселелер жергілікті тұрғындар үшін өзекті жағдай. Ол бүгінде шекара сызығында орналасқан ауылдардағы халықтың екі ел арасындағы барыс-келіс қатынасы қиындап кетті дейді:

-Біздің ауылдың жағдайында, жергілікті тұрғындар ары-бері емін-еркін өткілері келеді. Бірақ Өзбекстан тарапынан өткізбейді. Елді мекендер тұрған жерлерде Өзбекстан жағы қорған, бетон дуалдар салып, ал ашық алаңқайлы жерлерде сымдар тартып жатыр. Шекара сызығында орналасқан ауылдарда электр қуаты мен көгілдір газ мәселесі күрделі жағдайда қалыптасып отыр.

Оның айтуынша, ауыл әкімдігі жарық мәселесіне байланысты аудан әкімшілігіне арнайы хат жолдаған. -Себебі, екі жақтағы бір-біріне жанамалас тиіп тұрған ауылдар газ бен жарықты бұрынғы кеңес дәуірінде қалыптасқан жағдайға байланысты Өзбекстаннан алады. Өзбекстан тарапынан сол үйлерге қосылған газ, жарық жүйелерін ажыратып тастау жағдайлары болып жатыр. Бұл мәселе ауыл тұрғандарының алдынан әрдайым шығып отырады. Қыс болсын, жаз болсын жарық пен газ қашанда керек. Оның үстіне қазіргі жылыту маусымында газды ажыратып тастамас үшін екі ел басшыларының алдына өтінішпен жиі шығып тұрамыз. Электр қуаты, су, жылу құбырларының жұмыстарына байланысты мәселелер оңтайлы шешімін тауып жатса жақсы болар еді.
XS
SM
MD
LG