Accessibility links

Шекараны межелеу кезінде Қостанай облысы Қарабалық ауданының Огнеупорный қонысы Ресейге өтіп кетуі мүмкін


Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараны межелеу туралы келісімге 2005 жылдың басында қол қойылуы мүмкін. Қазақстан Республикасының Премьер министрі Даниал Ахметов Ресейге барған жұмыс сапары барысында осылай деп мәлімдеді. Ресей Үкіметінің басшысы Михайл Фрадков ол үшін тиісті құжаттардың дайындалып жатқандығын айтқан. Ал, Ресейдің Челябі облысымен шектесетін Тройцк қаласының іргесіндегі Қостанай облысының Қарабалық ауданына қарасты «Огнеупорный» қонысының төңірегіндегі таласты мәселеге әлі нүкте қойылған жоқ.

Күзде Қостанай облысы әкімінің орынбасары қызметінен Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланған Бағила Баймағамбетованың айтуынша, облыс әкімдігі Қарабалық ауданына қарасты Огнеупорный қонысындағы жағдайдан толық хабардар. Оны шешудің бірнеше жолдарын Үкіметке ұсынып отырған көрінеді.Ал, Қазақстанның Жер ресурстарын басқару агенттігі Қостанай облыстық басқармасының бастығы Мереке Дихаев болса, Огнеупорный қонысында тұратын қазақстандықтардың яғни 675 адамның Ресей азаматтығын алғандығын айтады. «Ресей жағы 303 гектарлық Огнеупорный қонысына 520 гектарлық жерді айырбасқа беруге келісім беріп отыр»,дейді. Парламент Мәжілісінің депутаты Бағила Баймағамбетованың айтуынша, Огнеупорныйда тұратын қазақстандықтар Ресей азаматтығын алмаса, сондағы қиыршық тас шығаратын ашық карьерге жұмысқа қабылданбайды. Сондықтан Ресей азаматтығын алуға мәжбүр көрінеді.

Қазақстанның «Туған жер» қозғалысының төрағасы, Үкіметтің Парламенттегі өкілі Қуаныш Алпысбеков болса Ресейдің қанжығасында кеткелі тұрған 303 гектар жер мен 675 адамның тағдырына «Туған жер» қозғалысының қатысы жоқ. «Оны екі мемлекеттің үкіметаралық комиссиясы дипломатиялық жолмен шешкелі жатыр,»- дейді.

Қазір Огнеупорныйдың ғимараттарды әрлеуге пайдаланатын сапалы сары кірпішінің әр данасы Астана құрылыс орындарына 45 теңгеден сатылып жатыр.Бұлар қайдан жүр? Оны қай елдің құрылыс кәсіпорны сатуға шығарып жатыр? Мұндай сұрақтарды болдырмас үшін екі мемлекет арасындағы шекара жайы ашық шешілуі тиіс,»- дейді саясаттанушы Әзімбай Ғали.

Осы мәселе жөнінде Ресеймен арадағы мемлекетаралық шекараны ресімдеу жөніндегі комиссия төрағасы Марат Отанов пен Жер агенттігінің төрағасы Бақыт Оспановтан толыққанды ақпарат алудың сәті түспеді.
XS
SM
MD
LG