Accessibility links

Алматыда белгілі суретші Әбілхан Қастеевтің ескерткіші ашылды.


Алматыда белгілі суретші Әбілхан Қастеевтің ескерткіші ашылды. Ескерткіш суретші атымен аталатын Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінің алдына қойылған. Бұл игі іс биылғы Әбілхан Қастеевтің 100 жылдық мерейтойының қорытынды шарасы іспетті дейді ескерткіштің лентасын қиған Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетов.

Алматыда ашылып отырған белгілі суретші Әбілхан Қасттеев ескерткіші Қазақстан үкіметінің “Әбілхан Қастеевтің 100 жылдық мерейтойына дайындық жасау және өткізу” туралы қаулысына сәйкес жүзеге асып отыр дейді аталған шараны ұйымдастырушылар. Өз кезегінде Алматы қаласының әкімшілігі ескерткішті орнату жұмыстарын жауапкершілігіне алып, қала бюджетінен 17 миллион тенге қаржы бөлді дейді олар. Ескерткіштің үздік жобаларына жарияланған республикалық бәйгеге 15 автордың 18 жұмысы қатысқан. Оның ішінен үздік деген 3 жұмыс таңдалып алынып, нәтижесінде скульптор Нұрлан Далбай және архитектор Расул Сатыбалдиевтер бастаған шығармашылық топ бәйге жеңімпаздары ретінде ескерткішті тұғырына қондырды дейді қала әкімшілігінің өкілдері. Ал енді осы ескерткіштің ашылу лентасын суретшінің ұлы Нұртас Қастеевпен бірге қиған Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетов бұл игі іс биылғы Әбілхан Қастеевтің 100 жылдық мерейтойының қорытынды шарасы іспетті деді. Алайда суретшінің туысқандары атынан сөз алған Мырзағали Молдахметов Әбілхан Қастеевтің 100 жылдық тойы аяқталып қалғанымен осы мерейтой шеңберінде басталған біраз істің жалғасын таппай қалғандығын жеткізді. Ал суретші Табылды Мұхат Әбілхан Қастеев ескерткіш-мүсіні суретшінің болмыс-бітімін толықтай аша алған сәтті жұмыс дейді. Сондай-ақ жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы Әбілхан Қастеевтей біртуар ұлт суреткерінің алдында енді халқы борыштар дейді. Ал гобелен шебері Бәтима Заурбекова суреткердің қарапайым бейнесі өте айшықты шыққан дейді. Сөйтіп, Әбілхан Қастеев ескерткішінің ашылу салтанаты Қазақстан қыл-қалам шеберлерінің суретшіге арналған Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейіндегі көрмеге ұласты.
XS
SM
MD
LG