Accessibility links

«Сорос Қазақстан» қорының басқарма бастығы өздеріне қатысты қылмыстық істің саяси астары бар деп есептейді


Алматы қаласының экономикалық қылмыс және сыбайластық пен жемқорлықпен күрес департаменті «Сорос-Қазақстан» қоры салық төлеуден қашып отыр деген айыппен қылмыстық із қозғап, қаңтар айының бас кезінде істі сотқа бермек. Бұл жөнінде департаменттің баспасөз қызметкері Руслан Тілеулиннің «Азаттық» радиосына берген сейсенбі күнгі сұқбатынан мәлім болды. Алайда, «Сорос-Қазақстан» қорының басқарма төрағасы Олег Кациев бұл айыппен келіспей, қаржы полициясы іс-әрекетінің саяси астары бар екендігін алға тартады.

Алматы қаласының экономикалық қылмыс пен сыбайластық және жемқорлықпен күрес департаменті(Қаржы полициясы) «Сорос-Қазақстан» қорының үстінен қарашаның 27-сінде қылмыстық іс қозғады. Бұл істің мән-жайын департаменттің баспасөз-қызметкері Руслан Тілеулин былай баян етті: - Салық комитетімен бірлесе тексеру барысында 81 миллион теңге төленуі тиіс екендігі анықталған. Салық төлеуден жалтарғандығы үшін 222-ші баптың 1-ші бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Оның айтуынша, қаңтар айының бас кезінде қылмыстық іс сотқа беріледі: - Қайырымдылық қорына айыппұл салуы немесе ертеңгі күні бұл қордың жұмысын тоқтатып қоюы мүмкін.

«Сорос-Қазақстан» қорының басқарма төрағасы Олег Кациев болса: - Расында да салық комитеті тексеру жүргізіп, әлеуметтік салықты төлеу туралы талап қойды. Бірақ қайырымдылық қоры мұнымен келіспей, сот орындарына шағымданды. Алайда, сот арызды кері қайтарғандықтан, ақыры барлық салықты төледік.

Алайда, Қаржы полициясының қызметкері Руслан Тілеулин: - Егер салық шынымен кейін төленсе, онда қылмыстық іс қысқартылады. Оларға салық төлемегені үшін қылмысты іс қозғалып отыр емес пе?

Олег Кациевтің айтуынша: - Қаржы полициясы «Сорос-Қазақстан» қорын салық төлемегені үшін емес, салықты қасақана төлемеуге тырысқандығы үшін айыптап, қылмыстық іс қозғаған. Шындығында, Қазақстан мен АҚШ арасындағы келісімге сәйкес министрлер кабинетінің салық төлеуден босататын қоғамдық ұйымдар тізімінде «Сорос-Қазақстан» қоры бар.

Дегенмен, қаржы полициясының қызметкері Тілеулин қордың Қазақстанда тіркелгендігін тілге тиек ете отырып, оларға ондай мемлекеттік жеңілдік берілмеген дегенді алға тартады: - Иә, Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасында келісім бар. Бірақ аталмыш қор Қазақстан резиденті, осы жерде тіркелген. Яғни, Қазақстан заңына бағынуы тиіс.

Айта кететін бір жәйт, «Сорос-Қазақстан» қорына қатысты қылмыстық іспен Алматы қалалық департамент айналысқанымен, бұл мәселені республикалық экономикалық қылмыспен күрес агенттігінің басшылығы жіті назарда ұстап отыр. Бұл жөнінде агенттіктің баспасөз қызметінің жетекшісі Әбдірәлі Бөлебайдың сөзінен мәлім болды.

Мемлекеттік орындардың салық төлеуді талап етіп қана қоймай, бұл мәселеге орай ақпарат құралдарын тартып, оған жариялылық сипат енгізуіне қарап, «Сорос-Қазақстан» қорына қысым көрестіліп отыр деген түйін жасайды Адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының жетекшісі Евгений Жовтис: - Мәселе – Ашық қоғам институтының төрағасы Джордж Соростың Грузиядағы, Украинадағы саяси өзгерістердің жақтасы екендігінде. Сондықтан, Қазақстан үкіметі «Сорос-Қазақстан» қорына күдікпен қарап, оның қаржысының бір бөлігі сондай бетұрыстар жасауға жұмсалады деп есептеп, осындай әрекеттерге барады.

Жалпы «Сорос» қорларына қатысты айыптаулар Қазақстанда ғана айтылмайды. Олег Кациев, «Сорос-Қазақстан» қорының басқарма төрағасы: - Грузияда, Украинда, Ресейде де мұндай мәселе көтерілген. Әлбетте, Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары да өздерінің биліктерінен айырылып қалудан қорқады. Сондықтан, олар халықаралық ұйымдар жергілікті жерде белсенділігін бәсеңдеткенін қалайды. Сол үшін де «Сорос-Қазақстан» қорында да билік жайсыз жағдай туғызып, ең құрығанда осындай тәсілдермен ықпал етуді көздеп отыр.

Оның айтуына қарағанда, Жоғары сотта барлық инстанциялар бойынша «Сорос-Қазақстан» қорының шағым-арыздарын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарылған.

Алайда, «Нью-Йорктегі Ашық қоғам институты мен оның төрағасы Джордж Сорос бұл істен хабардар. Сондықтан, олар Қазақстанның ең жоғарғы деңгейдегі мемлекет басшылығынан түсініктеме беруді сұрап хат жолдады»,- дейді Олег Кациев.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG