Accessibility links

Е.Жовтис: «Қазақстандағы билік өкілдері алдағы президент сайлауы қарсаңында саяси алаңды тазартуға кірісті»


Қазақстан республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті экс-шенеунік Заманбек Нұрқаділовтың үстінен қылмыстық іс қозғады. Бейсенбі, желтоқсанның 30-ы күні алғаш рет тергеуге шақырылғанын айтқан Заманбек Нұрқаділов: «мені үстіміздегі жылдың жазында тәуелсіз журналист Асхат Шәріпжанов жұмбақ жағдайда қаза тапқан уақытта президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ар-ожданына нұқсан келтіретін сөздер айттың деп айыптап отыр» дейді. Халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі бюро жетекшісі Евгений Жовтис: «бұл - Қазақстандағы билік өкілдерінің алдағы президент сайлауы барысында саяси алаңды тазартуға кіріскені. Украинадағы оппозиция жеңісінен кейін бұл науқан қарқынды жүргізілуде» деп отыр.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің тергеушісі Жанібек Жұмажанов: «саясаткер Заманбек Нұрқаділовке қатысты қылмыстық істің нендей себептермен қозғалғандығы туралы білмеймін» дейді:

- Бізде құпия тергеу жүргізіліп жатыр. Сондықтан мен сізге ештеңе айта алмаймын.

Ал бұрынғы төтенше жағдайлар жөніндегі агенттік төрағасы Заманбек Нұрқаділов өзіне тәуелсіз журналист Асхат Шәріпжанов қайтыс болған кезде, «журналистің қазасына президент әкімшілігі кінәлі деп жасаған мәлімдемесі себеп болғанын» айтады:

- Асхаттың өліміне президенттің қатысы бар деп айттым ғой. Қылмыстық іс сол мәлімдемемнің негізінде қозғалыпты. «ДВК»-ны тарқату туралы прокуратураның талабы, мені ҰҚК-не шақыру, бұның бәрі оппозицияның белсенділігі шегіне жеткенін білдірсе керек. Биліктің бізге айтатын дәйекті жауабы жоқ. Мысалы біз Асхат туралы нақты жауап ала алмадық. Сондықтан, оның өлімі кімге керек болғандығы осыдан-ақ түсінікті болған шығар.

Ал «Ауыл» партиясының төрағасы, бұрынғы парламент мәжілісінің депутаты Ғани Қалиев: «бұндай әрекеттер билікке ешқандай абырой әпермейді» дейді:

- Өз басым З.Нұрқаділовті де, Н.Назарбаевты да жақсы білемін. Олардың арасына түсу үшін мәселені дұрыстап түсініп алуым керек. Сонда да болса, қылмыстық іс қозғағаны дұрыс емес деп есептеймін. Ол Үкіметтің өзіне зиян.

Ал «Отан» партиясы төрағасы орынбасарының кеңесшісі Болатхан Тайжанның айтуынша, қоғам өзгермей,

- З.Нұрқаділов жұрт танитын адам. Оның айтқан кейбір пікірлерімен өз басым келісе алмаймын. Жалпы дәлелденбеген нәрсені айту дұрыс емес. Сондықтан, осындай дәйексіз әңгімелерді көтеру не тәжірибесіздік, болмаса, заңды білмеушілік деп есептеймін. Бірақ, биліктің өз азаматтарымен келіспейтін тұстарында бірден әкімшілік мүмкіншілігін пайдаланып, жауапқа тартпай, тіпті әрі қарай оны соттап жіберу дұрыс емес деп санаймын.

Ал, саясаткер Сейдахмет Құттықадам: «экс-шенеунік Заманбек Нұрқаділовтің үстінен қозғалған қылмыстық іс Қазақстандағы демократияны тұншықтыруға жасалып жатқан әрекеттердің жалғасы» деп отыр:

- Меніңше, осындай әрекеттерімен билік оппозицияның діңкесін құртуды көздеп отыр. Бұның алдында «Сорос-Қазақстан» қорын қаржы полициясы тексеріп, біраз даулы мәселелер жөнінде ақпарат жария етті. «ДВК»-ны да жабамыз деп күш салып жатыр. Осының бәрі оппозицияға қарсы, демократияға қарсы, жалпы халыққа қарсы жасалып жатқан жұмыс. Меніңше, олар осылайша президент сайлауының алдында алаңды тазартпақшы. Сөйтіп, күні ертең президент Н.Назарбаевты тағы да 7 жылға сайлап алып, мәңгі билік құрмақшы.

Саясаткер Сейдахмет Құттықадамның бұл пікірін халықаралық адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі бюро жетекшісі Евгений Жовтис те қуаттап отыр. «Барлық өркениетті елдерде біреуге тіл тигізу тек азаматтық істер деңгейінде қаралады. Ондағы жаза түрі жазықты деп танылған жаққа айыппұл төлетіп, айтқан сөздерін теріске шығарумен шектеледі. Халықаралық құқық талаптарына сай, мейлі айтқан пікірің шындыққа жанаспаса да, ол үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту дұрыс емес» дейді Евгений Жовтис:

- Біреудің намысына тиетін сөз айтқаны үшін, тіпті ол өтірік болып шықса да қылмыстық жауапқа тарту ешқандай халықаралық талапқа сай емес.

Евгений Жовтистің айтуынша, Қазақстанда алғашқы болып өзінің алдағы президенттік сайлауға түсетінін мәлімдеген Заманбек Нұрқаділов билік тазалауына ұшыраған кезекті саяси тұлға. «Бұл тізімді, М.Әблязов, Ғ.Жақиянов, С,Дуванов, Б.Әділов, Ә.Қажыгелдин, секілді азаматтар құрайды. Меніңше, ендігі кезек бұрынғы мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбайдыкі болуы керек» дейді халықаралық адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі бюро жетекшісі Евгений Жовтис:

- Билік өкілдері президенттік тақтан үміткер басқа азаматтарды қудалауды бастады.

«Қазақстандағы биліктің бұлайша қауырт науқанды бастап жіберуіне бұрынғы КСРО құрамында болған мемлекеттерде орын алып жатқан оқиғалар себеп болып отыр. Әсіресе, Украинадағы оппозиция жеңісінен кейін ол науқан қарқынды түрде жүргізілуде» дейді Евгений Жовтис.
XS
SM
MD
LG