Accessibility links

Қазақстан мол табыс беретін кремний өндірісін дамытуды жоспарлап отыр


Совет одағы кезінде алып мемлекет үшін кремний зауыттарына шикізат Қазақстаннан алынатын. Ұлттық техникалық университетінің профессоры Құрбанғали Тыныштықбаев бұл шикізатты былайша суреттеп берді:

– Табиғатта кварц түрінде болады, ақ тас дейді оны. Құм мен оттегінің байланысын кварц дейді. Соны пеште балқытады, бірақ ол көміртегімен байланысуы керек. Сонда элементтік кремний пайда болады.

Қазір кремнийді тазартатын екі ірі зауыт Қырғызстанда орналасқан. Өйткені, бұл елде электр қуаты арзан. Профессор Тыныштықбаев Қазақстанда кварциттің бірнеше кен орны барын айтады.

– Шикізаттың кен орындары Қазақстанда жетерлік. Орталық Қазақстанда, Жезқазған аймағында, Шығыста, Талдықорған маңайында, Алматы облысында, Өскемен аймағында шикізаттың мол қоры бар, – дейді ол.

Жуырда Қарағанды облысындағы кен орнында Германия мен Қазақстанның біріккен байыту комбинаты салынбақшы. Кен орнына кіретін карьердің иесі «Қаратас-Абад» серіктестігінің директоры Аманжол Даукеновтың айтуынша, бұл кен орнында бұрынғы Совет одағының кремний қорының 30 пайызы шоғырланған.

– Бұл бұрын Кеңес одағы кезінде оптикалық шынылар шығаратын мекемелерге кварц берген. Кеңес одағы ыдырағансоң, Ресей одан алмайтын болды. Сөйтіп, ол тоқтап қалған, – дейді аманжол Даукенов.

Кремний түрлі салада қолданылатын материал. Ол металлургия саласында және әртүрлі металдардың беріктілігін арттыру үшін қоспа ретінде қолданылады. Сондай-ақ, электроникада, дәлірек айтсақ, күннен қуат алатын батареяларда, компьютерлердің шағын чиптерінде және интегралды шағын кестелерде қолданылады.

Дамушы мемлекеттер кремнийді негізінен металл қоспалары үшін қолданса, дамыған елдерде оны күн сәулесінен қуат алатын жабдықтар үшін қолданады. «Қаратас-Абад» серіктестігінің директоры Аманжол Даукеновтың айтуынша, қазақстандық кремнийге қызығушылық танытқан Германия компаниясы алғашқы кезде 15 миллион доллар инвестиция құюға келіскен.

– Бұл микроэлектроникаға, оптикалық талшықтарға қажет шыны жасайтын материал. Келешекте Германиядан бір топ бизнесмендер келмекші. Олардың негізгі ойы – металлургияға және күннен қуат алатын жабдықтарға қажетті кремний алу, – дейді Аманжол Даукенов.

Бұл жоба бойынша Қазақстан тек шикізат дайындайды. Бірақ, Қазақстанда шыққан кремнийді тазарту Қырғызстанға жүктелген. Егер кремнийдің құрамында сәл темір болса, оның пайдасы болмай қалады дейді ғалымдар.

Тазалығы жоғары техникалық кремнийдің бүгінде бағасы 20 мен 160 доллар аралығында екен. Қазақстан тарабы біртіндеп осындай қымбат кремний жасайтын өндіріске шығуды көздеп отыр. Бастапқы кезде жобаны қаржыландыруға Қазақстан білім министрлігінен 36 миллион теңге бөлінеді деген уәде болған. Бертін келе ол индустрия министрлігіне жүктелді.

Қазір кремний шығаратын кәсіпорын қарызға жұмыс істеп жатыр дейді ұлттық техникалық университетінің профессоры Құрбанғали Тыныштықбаев.

– Индустрия министрлігіне берілді бұл жоба. Бірақ олар ақшаны қайдан аларын білмей отыр. Инновациялық қорға сілтейді, олар «Инжиниринг орталығы» төлесін деп отыр. Әлі белгісіз. Алайда ақша береміз деген уәдесі болған, – дейді профессор.

«Инжиниринг орталығының» президенті Әбдел Қыпшақпаев: «Біз қаржы бермейміз, біз тек осы жобаның қосымша қаржыландыруы жөніндегі кестесін дайындайтын мекемеміз» деп жауап берді.

«Қаратас-Абад» серіктестігінің директоры Аманжол Даукеновтың айтуынша, Қазақстандағы инвестициялық және инновациялық қорлардың басшылары кремний өндірісіне қаражат беруге асықпайды.

– Екеуі де абайлап отыр. Бір жылдан асып кетті, олар әлі созып жатыр. Бірақ олардың енді бізге қажеті де жоқ, – дейді кәсіпорын директоры.

Осы айдың 15-і күні Қазақстаннан шыққан кремний Германия және Қырғызстаннан келген мамандарға көрсетіледі. Бұл алқалы жиналыста Қазақстан, Қырғызстан және Германия арасында үш жақты жоба төңірегінде келіссөздер өткізу жоспарланған.

Егер қазақстандық кремний Германия мамандарының көңілінен шықса, онда Германиядан Қазақстанға кремний өндірісіне қосымша инвестиция бөлінеді. Ал егер немістердің көңілінен шықпаса, онда Қазақстан жағы бұл шикізатты қазірде қызығушылық білдіріп отырған малайзиялықтарға, кореялықтар мен қытайларға ұсынатындарын айтады.
XS
SM
MD
LG