Accessibility links

“Әлсіз доллар біреуге бақыт, өзгеге қайғы...”


Ұзақ уақыт бойы АҚШ долларының төмен қарай құлдырауы – өткен жылдың ең ірі экономикалық құбылысы болды. Оның ықпалын бүкіл дүние жүзі сезінді. Сонымен бірге кейбір елдерге бұл проблема туғызса, бұдан пайда көргендер де жоқ емес.

Curbers компаниясының басшылығы өз мәшинелерін 45 жыл бойы шетелдерге сатып келеді. Компанияның вице-президенті Стивен Баллоктың айтуынша, шетелдегі сауда АҚШ-тың Солтүстік Каролина штатында құрылған компания үшін өткен жылы ерекше табысты болған.

“Өткен жылы біздің Еуропадағы саудамыз 20-25 пайызға жоғары болды. Бизнес онша шаппай тұрған салада ісіміздің осыншама ұлғаюы ауыз толтырып айтатындай қуаныш болды. Демек осы кезде өзіміздің еуропалық бәсекелестеріміздің алдында біздің бағамыздың артықшылығы болған”, – дейді Стивен Баллок.

Соңғы үш жыл бойы АҚШ доллары әлемнің өзге тұрақты валюталарына, оның ішінде Еуропа одағының ортақ валютасы - еуроға қарағанда, шамамен 40 пайызға арзандады. Доллардың құлдырауы өткен жылы да жалғасып, еуроға шаққанда 7 пайызға дерлік құлдырады.

Кейбіреулер үшін, мысалы, АҚШ экспорттаушыларына доллардың әлсіреуі – көптен бері күткен өркендеу болса, өзгелер үшін, мәселен Америкадан басқа кеңістікте долларлық табыс табатын Еуропа үшін доллардың арзандауы – “басына сақина” болып жабысты деп атап көрсетті Лондонда орналасқан Экономикалық ақпарат институтының бас экономисі Робин Бью.

“Ең көп ұтқан – сөзсіз АҚШ-тың өнеркәсіп саласы. Өйткені, еуропалық валютаға шаққандағы доллардың арзандауынан олар өзара бәсекесінде зор басымдыққа ие болады”, – дейді Робин Бью.

Ұтқандардың ішінде – ұлттық валютасы доллардан қымбаттаған елдердің тұтынушылары да бар. Олар үшін АҚШ тауарлары әлдеқайда арзанға түсті. Ондай елдердің кейбірінде доллардың құнсыздануы орталық банктің шешіміне де тәуелді болды.

Ол елдердің күшейген ұлттық валютасы инфляция қарқынын бәсеңдетуге септігін тигізіп, импортты сәл болса да арзандатты. Чехия орталық банкінің жетекшісі өткен айда ұлттық валютасы – кронаның күшеюіне байланысты банк өзінің пайыздық ставкаларын көтереді деп мәлімдеді.

Инвестицияларын еуро аймағына доллармен салған инвесторлар да көп табысқа кенелді. Доллардың құлдырауы долларлық берешектері көп үкіметтер мен компаниялар үшін де қуанышты жаңалық болды. Алайда әлсіз доллар, сонымен қатар, проблема да туғызды. Атап айтқанда, доллардың құны бойынша туған дау-дамай осы айда Түркіменстанды Ресей мен Украинаға газ сатуын доғаруға мәжбүр етті.

Мәскеу мен Киев Ашхабаттың газ бағасын күрт көтеруіне наразы болды. Бірақ түркімен президенті Сапармұрат Ниязов доллардың арзандауы газ бағасының өсуін туғызды деп түсіндірді.

“Бұл шешімшің соңында ешқандай саяси мақсат-мүдде жоқ. Келіссөз барысында біз доллар бағасының сәл арзандағанына келістік”. Әйтсе де ең көп ұтылғандар – еуроаймақта еуро валютасын пайдаланған елдер болды.

Экономист Робин Бьюдің атап көрсетуінше, еуроаймақтың көптеген компаниясы АҚШ фирмаларының әлдеқайда арзан тауарларымен бәсекелесіміз деп, едәуір табысынан айрылған.

“Ол жақта ең көп ұтылған, дау жоқ, еуроаймақтың тауар өндірушілері мен экспорттаушылары болды. Өйткені, олар әлемдік нарықтағы бәсекелестіктің еуроаймақтағы экономикалық өсімнің құлдырауына соқтырғанын көрді”.

Соңғы айларда Еуропаның жоғары лауазымды бірнеше өкілі еуроның доллардан қымбаттай түсуіне арызданды. Бұл, өз кезегінде, валютаның айырбас бағамына ықпал ету мақсатында валюта саудасымен айналысқан Орталық банктердің жұмысына жағаласу мәселесін көтерді. Өткен айда Францияның қаржы министрі Эрв Геймард егер доллардың құлдырауын ауыздықтау үшін АҚШ пен Еуропа және Азия өзара ынтымақтастпаса, онда “экономикалық апат” болуы мүмкін екенін ескертті.

Азияның бірқатар банктері ұлттық валюталарының нығаюына тосқауыл қойды. Алайда, қаржы сарапшыларының пікірінше, бұл жағдайға халықаралық қауымның бір кісідей жұмыла араласуы екіталай. Өйткені, деп санайды олар, ресми түрде “доллардың күшті болуын қалаймыз” деп құр сөзбен айтқанымен де, Америка Құрама Штаттары доллардың бірте-бірте арзандауын тиімді көріп отыр.

Өткен айда еуроға шаққанда доллардың бұрын-соңды болмаған қарқынмен құлдырауын алаңдаумен бақылағандар, осы аптада аз да болса “үһ” деп ес жинаған тәрізді.

Доллар соңғы төрт аптадағы ең биік бағамына көтерілді: 1 еуро – 1.31 долларға дейін арзандады.

AzattyqTV

Қырғызстан

Әзиздің арманы

XS
SM
MD
LG