Accessibility links

«Қырымның қырық батыры» жырларының екі томдығы жарық көрмек


Қазақ халқының рухани мұраларының бірі - «Қырымның қырық батыры» жырларының екі томдығын шығару жоспарланып отыр. Бұл шығарма Мұрын жыраудың 145 жасқа толуына орай баспадан жарық көрмек.


Қазақ халқының, қала берді күллі түркі тілді халықтарға ортақ фольклорлық мұраны 37 дастаннан тұратын «Қырымның қырық батыры» жырымен байытқан Мұрын жыраудың туғанына биыл 145 жыл толады.

Зерттеушілер «Қырымның қырық батырын» қазақ халқының теңдессіз эпопеялық шығармасы ретінде бағалай отырып, әлі дұрыс зерттелмеген тақырып ретінде атайды. Биыл жырау мұрасын маңғыстаулық ғалымдар мен жыршы-жыраулар жаңғыртып, насихаттауды көздеп отыр.

Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының бастығы Серік Еңсегеновтің айтуынша, биыл «Мәдени мұра» жылдары аясында Мұрын жыраудың 145 жасқа толуына орай оның 1962 жылдан бері қозғаусыз жатқан мұраларын зерттеу жоспарға еніпті.

Маңғыстаулық өнер зерттеушісі Әбілқайыр Спанов «Қырымның 40 батыры» жырларының екі томдығы Алматыдағы Ғарифолла Әнесов басқаратын «Арыс» баспасынан жарық көретіндігін айтады.

«Совет дәуірі тұсында «Қырымның 40 батырын» шығаруға тыйым салынғандығын, алты ғасырды қамтитын еңбек жарық көрсе, қазақ халқының ғана емес, жалпы түркі дүниесінің рухани қазынасы жаңа бір белеске көтеріледі», - дейді Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер атындағы институтының директоры Сейіт Қасқабасов.

Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының бастығы Серік Еңсегеновтың айтуынша, Мұрын жырау мұрасын сол қалпында таңды таңға жалғастырып жырлайтындар жоқ. Дегенмен, талаптанып жүргендер бар. Алайда, олардың талабын шыңдап, жырлардың нұсқаларымен қамтамасыз етудің мүмкіндігі болмай келе жатқандығын айтады өнертанушы маман.

- Кезінде Маңғыстау өңірінің белгілі зерттеушілері Құттыбай Сыдиқов пен Серікбол Қондыбаев «Қырымның 40 батыры» туралы монографиялар жазбағанда оны басқа халықтардың иемденіп кетуі әбден мүмкін еді, - дейді Әбілқайыр Спанов.

Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Сейіт Қасқабасов қазақтың ежелгі эпостық жырларының біразы, соның ішінде Асан қайғы, Қазтуғанның төлтумалары ноғайларда сақталып қалғандығын айтып отыр.

Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының бастығы Серік Еңсегенов болашақта ежелгі эпостық жырларды түгендеу мақсатында Қырымға және Ставропольге фольклорлық зерттеу экспедициясын ұйымдастыру жоспарланып отырғандығын айтады.
XS
SM
MD
LG