Accessibility links

Ресей президенті Қазақстанға екі күндік сапармен келеді


Қазақстан президенті әкімшілігінің баспасөз-қызметі қаңтардың 11-і Қазақстанға Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің бейресми сапары басталады деген хабар таратты.

2002 - 2004 жылдар аралығында Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшісі қызметін атқарған, бүгінде оппозициялық ұстанымдағы «Ақ жол» партиясы тең төрағаларының бірі Алтынбек Сәрсенбайұлы бұл кездесуде екі мемлекеттің басшылары «ең алдымен бұрынғы ССРО құрамында болған мемлекеттерге бүгінде Батыс пен Ресей тарапынан жасалып отырған ықпалдың ара қатынасын саралауы мүмкін» деген болжам айтты. Ал тағы бір кәсіби дипломат Болатхан Тайжанның пікірінше, Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин соңғы кезде Украинада болған оқиғалар төңірегінде пікір алмасуы мүмкін.

Қазақстан президентінің баспасөз-қызметі таратқан хабарламаға сәйкес, Ресей басшысы Владимир Путин Алматыға қаңтардың 11-і күні кешкісін ұшып келмек. «Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин арасында болатын бейресми кездесу барысында екіжақты қарым-қатынасты дамыту және Қазақстан президентінің алдағы күндерде Ресей Федерациясына жоспарланып отырған сапары жайын талқылау көзделіп отыр» делінген қазақ президентінің баспасөз-қызметі таратқан хабарламады. Қазақстан президенті баспасөз-қызметінің Алматы қаласындағы өкілдігінің жетекшісі Валерий Жандәулетовтың айтуынша, бұл сапар турасында әлі толық ақпарат жоқ:

- Ол кісінің бұл сапары туралы әзірге ешқандай нақты мәлімет жоқ.

Қазақстан республикасының Ресей Федерациясындағы бұрынғы елшісі, қазір «Ақ жол» партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы «президенттер талқылайтын ортақ мәселелердің жеткілікті» екендігін айтады.

- Ресми ақпарат көздері таратқандай, Путин Алматыға келіп, Шымбұлақта шаңғы теуіп демалмақ. Меніңше, президент Назарбаев екеуі ССРО құрамында болған мемлекеттерде болып жатқан және Қазақстан мен Ресей арасындағы болып жатқан кейбір мәселелерді талқылаулары әбден мүмкін. Сондай-ақ, Орталық Азияға Батыс елдерінің ықпалы мен Ресейдің ықпалының ара салмағын саралаулары да мүмкін. Бұл ретте біз өзімізді тәуелсіз елміз деп санайтын болсақ, ол біздің ішкі мәселеміз болуы керек. Яғни, оған Ресей Украинадағы Януковичке өзінің саяси технологтарын жіберген сияқты әрекет жасамай, тәуелсіз мемлекеттің ішкі ісіне араласуға болмайды деп ойлаймын, - дейді оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы.

Сонымен бірге ол екі ел басшысының осы кездесуінде «әлі күнге біржақты шешім шығарылмаған шекара мәселесін қозғаған дұрыс болар еді» деген пікір білдірді.

- Қазақстанның мүддесінен қарастыратын болсақ, ең алдымен мына 2 жыл болды, бір-бірімізге уәде беріп, бірақ бітірмей келе жатқан Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараның делимитациясын аяқтауымыз керек. Өкінішке қарай, біздің мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігі үшін аса маңызды осы құжатқа әлі күнге шейін қол қойылған жоқ. Меніңше, бірінші осы мәселе талқыланса жөн болар еді. Сосын біртұтас экономикалық аймақ турасында Украинаның президенті әлі күнге шейін өзінің көзқарасын білдірген жоқ. Егерде Украинаның жаңа басшылығы осы біртұтас экономикалық аймаққа өзінің үлесін қосатын болса, біздің ұтуымыз мүмкін. Себебі, Украинаның қазіргі президенті экономиканы терең білетін либералдық-демократиялық бағыттағы саясаттанушы, - деді Алтынбек Сәрсенбайұлы.

Ал кәсіби дипломат Болатхан Тайжан Ресей президенті Владимир Путиннің бұл сапарын «оның ежелгі достан көмек сұрап, ақылдасу мақсатында ұйымдастырылған сапар» деп бағалайды.

- Путин мұнда келгенде Украинаның орыс империясынан алыстап бара жатқанын талқылауы мүмкін. Өйткені, Қазақстан бұрынғы орыс империясын орнына келтіру үшін ұмтылып жүрген мемлекет. Күні ертең «Ресей, Беларусь және Қазақстан қайта бірігетін болыпты» деген хабар шықса, мен таң қалмаймын. Қазір байқасақ, Владимир Путин көптеген халықаралық жағдайда үлкен ұтылыста болып отыр. Бұл ана Украинаға байланысты, шешен мәселесі болсын, сондай-ақ Ирак мәселесі болсын - қатты байқалуда. Осындай жағдайларға байланысты Кремльдің беделі түсіп бара жатыр. Назарбаевпен кездесуде осы жайттар талқылануы мүмкін, - дейді Болатхан Тайжан.

Оның пікірінше, Қазақстан мен Ресей арасындағы байланысқа сызат түсірмей, Қазақстанның "қазіргі ұстанып отырған саясатын өзгертетін уақыт әлдеқашан жеткен".

- Бүгінде бұрын орыс империясының құрамында болған мемлекеттер өз беттерінше, өз бағыттарымен саясат ұстанып кетіп барады. Бұл құбылыс күннен-күнге күшейіп бара жатыр. Бұл ретте Украинаны бөліп-жарып айтуға болады. Ал Қазақстан болса әлі де құлдық идеологиядан арыла алмай отырған сияқты. Бірақ, түптің түбінде бұл қарым-қатынас өзгеруге тиіс, - дейді Болатхан Тайжан.

Қазақстан президентінің баспасөз-қызметі таратқан хабарламада келтірілген деректерге қарағанда, Ресей басшысы Владимир Путин бұл сапарында Шымбұлақта шаңғы теуіп, демалып қайтуды да жоспарлап отыр екен.
XS
SM
MD
LG