Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12 қаңтар 2005 жыл.


Сәрсенбілік басылымдар Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға жоспардан тыс жұмыс сапарына айрықша назар аударыпты. Ал Ирактың Васит провинциясындағы жарылыстың алдын-ала ойластырылған террористік шабуыл болуы мүмкін екендігі туралы болжамдар айтылыпты.

“Литер” газетінің хабарлауынша, Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға жоспардан тыс екі күндік жұмыс сапарымен келуге ниет танытуы екі мемлекеттің саяси элитасының түсінбестігін туғызған. Оның себебін мақала авторы енді бірнеше күннен кейін Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей мемлекетіне ресми сапарының басталуы тиіс екендігімен түсіндіріп, Ресей басшысының бұл сапарына қандай себептер мұрындық болып отырғандығына сараптама жасапты.

Газет тілшісінің хабарлауынша, Ресей президенті Владимир Путин уақытының біраз бөлігін Шымбұлақта шаңғы теуіп, демалуға арнайды. Сондай-ақ “Литер” басылымы көптеген саясаттанушылардың Ресей басшысының кенеттен Қазақстанға келуін Украиндағы оқиғалармен байланыстырып отырғандығын да атап өтіпті.

Мақала авторының пайымдауынша, дәл бүгінгі уақытта Ресей мен Қазақстан мемлекетінің басшыларын батыстық көңіл-күйге берілген Виктор Ющенконың жеңіске жеткендігіне байланысты Украинамен экономикалық қарым-қатынастың қалай болатындығы алаңдатып отыр.

“Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасы Қазақстан президенті әкімшілігінің Ресей басшысы Владимир Путиннің жұмыс сапарымен Қазақстанға келуіне байланысты мардымды ақпарат бермей отырғандығына айрықша назар аударыпты. Мақала авторының айтуынша, екі мемлекет басшысының кездесуі барысында шекараны белгілеу және жылу-энергетика саласындағы ауқымды мәселелер талқыланбақшы. Сондай-ақ мақалада екі мемлекет басшысының әңгімелесуі бейресми жағдайда өтетіндігі де айтылыпты.

“Айқын” газетінің бірінші бетінде жарық көрген сараптама мақалада Ресей басшысының Қазақстанға келуінің бірнеше себебінің болуы мүмкін екендігі айтылыпты. Оның біріншісі - Мәскеу постсоветтік империялық пиғылдан ажырағысы келемесе де оның күші еріксіз қолынан сусып бара жатқандығын сездіргісі келмей отыр. Екіншісі, 2003 жылдың соңы мен 2004 жылдың аяғындағы Михаил Саакашвили мен Виктор Ющенконың саясаттағы жеңісі Ресейдің беделін біраз түсіріп жіберді. Үшінші - Украина президенті болған Виктор Ющенконың алғашқы ресми сапары Мәскеуге бағышталады. Міне осы сапар басталмай жатып оның Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысты қайтадан қоятын өз талабы бар екендігін мәлімдеуі Путинді қайта ойлантуға мәжбүр етуі мүмкін. Төртіншісі - осындай жағдайда Еуразиялық одақ идеясын қолдаушы және оны тікелей жүзеге асырушы ретінде көрініп отырған Назарбаев саясаты бұрынғыдан да жоғары, жағымды сипатты көріне беруі ықтимал.

Сондай-ақ сәрсенбі күні жарық көрген мерзімді басылымдарда Ирактың Васит провинциясында болған жарылысқа және соның салдарынан қаза тапқан қазақ жауынгеріне байланысты оқиғаға да айрықша назар аударыпты.

“Экспресс К” басылымында жарық көрген мақалада қазақстандық әскери басшылықтың Ирактағы жарылыстың "алдын-ала ойластырылған террористік акті болуы мүмкін" екендігі туралы болжам жасағандығы айтылыпты. Қазақстан Республикасы қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Васит провинциясында болған жарылысты тексеруге қатысты құрылған тергеу жұмысының тобында Нұрлан Шаштыбаев, Қуаныш Аманжанов, Махмұт Телегусов сынды қазақстандық офицерлер де бар.

Кейбір ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтеріне сүйенсек, Украина қарулы күштерінің жаяу әскерінің басшысы Владимир Можарский Ирактың Васит провинциясында болған жарылысты "алдын-ала ойластырылған террористік акті болуы мүмкін" екендігі туралы мәлімдеме жасапты. Мақалада оқиғаның террористік акті болуы мүмкін екендігіне байланысты түрлі деректер келтіріліпті.

“Казахстанская правда” басылымы болса жарақат алған төрт қазақстандық жауынгердің біреуі Ержан Жораевтың ауруханадан жазылып шыққандығын хабарлапты. Газет тілшісінің хабарлауынша, қалған қазақстандық жауынгерлер де таяу уақытта толық сауығып шығады.
XS
SM
MD
LG