Accessibility links

Қазақстандық тәуелсіз бақылаушылар Украинадағы сайлау туралы есебімен таныстырды


Украинадағы президент сайлауын бақылауға қатысып қайтқан қазақстандық "Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесінің" өкілдері Алматыда есеп баяндамасымен таныстырды.

Қазақстандық "Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесі" қоғамдық бірлестігі сайлауларға бақылау жүргізетін Еуропалық ұйымдардың жүйесінің (ENEMO) шақыруымен Украинада өткен биылғы президенті сайлауының екінші және үшінші турларына бақылау жасаған есеп қортындысын бейсенбі күні Алматыда жариялады.

ENEMO – бұрынғы Совет одағы мен Шығыс Еуропадағы 16 мемлекеттегі қоғамдық ұйымдардан құрылған қауымдастық болып табылады. "Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесі" тарапынан бұл жұмысқа 5 ұзақ мерзімді және 100-ге жуық қысқа мерзімді қазақстандық бақылаушылар қатысқан.

"Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесінің" президенті Дос Көшім қазақстандық бақылаушылар Украинадағы президент сайлауын бақылау арқылы өздеріне де көп тәжірибе жинағандығын әрі Украина мен Қазақстан арасындағы сайлау өткізудегі үлкен айырмашылықтар барлығына көздерін жеткізгенін айтады.

Дос Көшім "Украинаның сайлау заңы жетілген және сайлау комиссияларының жұмыстары жақсы дайындықпен жүргізілгендігін" атап өтті.

- Украинадағы сайлау комиссияларының мүшелері сайлау барысында өздерін ұстауда ерекше мәдениетті әрі тәртіптілігімен көзге түсті. Ал Қазақстандағы сайлау комиссияларының кейбір мүшелері келген адамдарға жылы көзбен қарамайды, көбінесе немқұрайлы, тіпті ашу шақыратыны да бар, бәлкім бұл олардың жоғарғыдан берілген тапсырманы орындаушы екендігінен бе, - дейді Дос Көшім.

Ол Украинаның сайлау заңының бір ерекшелігін мысалға келтірді.

- Сайлау біте сала екі сағат бойы сайлау комиссиялары сайлау барысында қандай да бір заң бұзушылық жағдайлардың, қандай бір кемшіліктердің болғанына байланысты арыз-тілектерді алып сөйлеседі, - деді Дос Көшім.

Оның пікірінше, Украинадағы сайлаудан Қазақстан үшін сабақ алар нәрселер баршылық.

- Қазақстан ең алдымен өзінің сайлау заңын қайта қарап, оны жетілдіруге көңіл бөлгені жөн. Одан соң сайлау комиссияларын қалай құру керектігін қайта бір ойланғаны дұрыс, - дейді Дос Көшім.

Биылғы жылдың тамыз айында Қазақстанда тәжірибе ретінде бірнеше ауыл және аудан әкімдерін сайлау жоспарланып отыр. "Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесі" жетекшісі бұны Қазақстандағы азаматтық қоғам мен демократияны дамытуға бағытталған қадам деп есептейді. Бірақ сонымен бірге бұл сайлауды өткізуге түбегейлі дайындық болуы керек дейді ол.

- Егер сайлау процесін жақсартуға бағытталған нақты өзгерістер жүзеге асырылмаса бұл сайлау да бұдан бұрынғы сайлаулар сияқты заңсыздықтармен өтіп, сайлаушылар таңдауын көрсете алмайтын болады, - деп түйіндеді Дос Көшім.
XS
SM
MD
LG