Accessibility links

Маңғыстауда 75 жыл жер астына жасырылған тарихи кітаптар табылды


Маңғыстау облысында 75 жыл бұрын жер астына жасырылып көмілген кітаптар табылды. Мамандар оларды көне араб тілінде жазылған теолог ғалымдардың еңбектері деп отыр.

Маңғыстау облысының Қарақия ауданындағы мал ауылындағы жігіттер далада түлкінің артынан қуып келе жатып, оның інге кіріп кеткенін байқайды. Қайткенде де түлкіні ұстамақшы болып, әлгі інді қазады.

Сөйтіп, жәшіктерге салынған кітаптарды тауып алады. Бертін келе осы жерге арнайы ғалымдар шақырылады. Экспедиция қатысушыларының айтуынша, кітаптар оралмай салынған. Демек, асығыс көмілген болуы мүмкін деп топшылайды олар.

Маңғыстау облысы мәдениет басқармасының бастығы Серік Еңсегеновтың айтуынша, енді табылған кітаптар осы өңірдегі мұражайда қалуы мүмкін.

- Мұражайға берілу керек. "Мәдени мұра" бағдарламасына сәйкес үкіметтің қаражаты бар, соны сатып алуға, - дейді ол.

Табылған кітаптардың жерге тереңірек көмілгендері шіріп кетіпті, аман қалғаны 16 кітап. Олардың шүберектен жасалған мұқабалары үгітіліп кеткенімен, ылғал басқан қағаз парақтары жақсы сақталған. Экспедиция мүшелерінің бірі, көне араб тіліндегі жазуларды оқитын Мұрат Ақмырзаевтың ойынша, бұл кітаптар кезінде мешіт кітапханасында болған деген болжам бар.

- Кітаптың ішінде Форт-Александровский қаласының қырғыз мешітінің имамы деген мөрі бар. Соған қарағанда бұл кітаптар мешіт кітапханасында болған тәрізді. Ішінде түрлі-түсті суреттері бар. Олардың сақталуы таңқаларлық, кітаптар еш бүлінбеген, - дейді Мұрат Ақмырзаев.

Көптеген тарихшылар Қазақстандағы араб тілінде жазылған тарихи жәдігерлердің жартысына жуығы Маңғыстау жерінде сақталған деген пікір айтады. Соңғы кезде табылған кітаптарға қарап, Маңғыстау өңірінде 1900 жылы араб тіліндегі білім деңгейі өте жоғары болған деген болжам жасауға негіз бар дейді олар.

Маңғыстау облыстық тарихи өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі Отыншы Көшбайұлының айтуынша, соңғы кезде араб тіліндегі кітаптарға деген көзқарас өзгерген.

- Араб тілінде жазылса болды, бұрын оны оқи алмайтындықтан тек құран деп түсініп келдік. Ал соңғы кезде көне араб, шағатай және қазіргі араб тілдерінде жазылған туындылардың ғылыми еңбектер екендігін анықтай бастадық, - дейді мұражай қызметкері.

1929 жылы Маңғыстауда совет үкіметіне қарсы әйгілі "Адай көтерілісі" болғандығы белгілі. Сол көтерілісті басу үшін Маңғыстауға әскер шығарылған. Сол кезде Қазақстаннан Иранға және Ауғанстанға қашқан қазақтардың біразы өздері тұтынған заттарымен қоса кітапханалардағы рухани шығармаларды көміп кеткен дейді тарихшылар.

Араб, парсы тілінде жазылған кітаптар бұл өңірде бірінші рет табылып жатқан жоқ. Бірақ, тарихи жәдігерлердің бір бөлігі мұражайға жетпей қолды болған дейді тарихи жәдігерлерді іздеумен айналысатын «Мұра» бірлестігінің мүшесі Мұрат Ақмырзаев.

- Тіпті 1742 жылы бірінші Петр патшаның бұйрығымен Маңғыстаудан ежелгі тас ғасырының ескерткіштері деген бірнеше сандық Эрмитажға жіберілген. Совет дәуірі кезінде бірнеше кітаптар табылып, өкініштісі, әркім қолды қылып алып кеткен, - дейді Мұрат Ақмырзаев.

Осындай ақпаратты Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері Отыншы Көшбайұлы да айтып отыр:

- Көзі азайып бара жатқан ақсақалдардың сөзінше, бұрынғы уақытта әр әулиенің басында сол кісі ұстаған еңбектер жататын. Жергілікті тұрғындар оны құран деп тимейді, ал оның басқа жаққа кетіп жатқаны рас.

Маңғыстау облысы мәдениет басқармасының бастығы Серік Еңсегеновтың айтуынша, тарихи жәдігерлер Қазақстан заңдары бойынша мемлекет меншігіне берілуі шарт.

- Атадан қалған мәдени мұраға жататын тарихи мәні бар жәдігерлер жердің қойнауынан не бетінен табылса да мемлекет меншігіне берілуі керек, - дейді Мұрат Ақмырзаев.

Оның айтуынша, «Мұра» бірлестігі Маңғыстау өңірінде табылған тарихи жәдігерлерді құжаттап, сұрап келгендерге тек сол құжаттарды береді. Ал, заттардың түпнұсқасы оны тапқан адамдарда қалуға тиіс.

- Сол тапқан адамдардың өзінде болады. Көшірмесін, тізімін мұражайға береміз, - дейді ол.

Соңғы табылған кітаптар қазірдің өізнде араб елдерінде оқулық есебінде қолданылып жүр дейді Қарақия ауданына барған экспедиция қатысушылары. Ал қазақстандықтар үшін бұл кітаптар Маңғыстау өңіріндегі 80 жыл бұрын өмір сүрген адамдар жайлы мағлұмат беретін құнды деректер болмақ.
XS
SM
MD
LG