Ресей мен Еуропаның ғарыштық зерттеулер басқармалары бүгін француз Гвинеясындағы Куру айлағынан бірлесіп ғарыш кемелерін ұшыру туралы құны 344 млн. еуроны құрайтын келісімге қол қойды. Өзара ұзақ мерзімді ғарыш технологиясындағы ынтымақтастық туралы бұл құжатты Еуропаның ғарыштық зерттеу басқармасының Бас директоры Жан-Жак Дорден мен “Роскосмос” ғарыш агенттігінің төрағасы Анатолий Перминов қолтаңбаларымен бекітті. Бұл келісімге сәйкес, экваторға жақын орналасқан Куру ғарыш алаңында орыстың жүк тасушы “Союз” кемесін ұшыру алаңын тұрғызу және ол зымырандарды 2007 жылдан ұшыру көзделеді. А.Перминовтің атап көрсетуінше, бұл келісім – Ресей мен Еуропа үшін кең мүмкіндік ашатын үлкен жобаның бөлігі ғана.