Accessibility links

Қазақстанда оппозициялық партия сайлау алдында заң жүзінде жабылуы мүмкін


"Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясының адвокаттарының арыз-шағымын қараған Алматы қалалық ауданаралық экономикалық соты осы оппозициялық партияны жабу туралы аудандық соттың бұрынғы шешімін күшінде қалдырды.

Дүйсенбі күні Алматы қалалық ауданаралық соттың апелляциялық алқасы осыған дейін аудандық соттың оппозициялық партияны жабу туралы шығарған шешімін өз күшінде қалдырғаннан кейін, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясы заң жүзінде өз қызметін тоқтатуға қарай тағы да бір қадам басқандай болды деп жазады Азаттық радиосының талдаушысы Брюс Панниер.

Қаңтардың 6-сы күнгі бұл істі қараған алғашқы деңгейдегі аудандық сот "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясы заң талабын бұзып, мемлекеттің қауіпсіздігіне залалын тигізетін әрекеттерге барды деген айыппен бұл партияны жабу туралы шешім қабылдаған болатын.

Алматыда шығатын "Жұма таймс-Дата недели" газетінің бас редакторы, оппозициялық партияның үстінен қозғалған іс бойынша сот процесіне қатысқан Жұмаш Кенебайдың тілшімізге айтуынша, "сот биліктің айтуы бойынша іс тұтып, алдын ала қорытынды шығарып қойған".

Ресми түрде "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясына қыркүйек айындағы парламенттік сайлаудан кейін рұхсат етілмеген көше жиын-шерулеріне шықты деген айып тағылған. Бұл партия 2001 жылы құрылғалы бері, ішінде президент Назарбаевтың ресми үкіметі де бар, жоғары басшылық сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан деп жар салып келеді. Үкіметтің ондай заңсыздық әрекеттеріне қарсы бас көтерген бұрынғы жоғары дәрежелі шенеуніктер - "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының басшылары Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әблязов айыпты деп табылып, сот үкімімен абақтыға жабылды.

Оппозициялық партия 2004 жылғы парламенттік сайлау алдындағы үміткерлікке тіркелу кезінде ресми биліктен үлкен кедергілерге тап болды.

Міне енді сот шешімімен партияны жауып тастау әрекеті жалғасып отыр. Бірақ оппозициялық партия жетекшісі Асылбек Қожахметовтың айтуынша, "партияны сақтап қалу үшін әлі кемінде екі белестегі заңдық мүмкіндік бар". Сарапшылардың пікірінше, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" партиясына қарсы шабуылға 2006 жылрды Қазақстанда болатын президенттік сайлауға дайындық әрекеті негізгі себебші болып тұр.

Ресей және ТМД елдеріндегі қауіпсіздік мәселесіне арналған, Лондонда шығатын "Джейнз сентинел" басылымының редакторы Алекс Ватанканың айтуынша, ҚДТ партиясы жетекшілерінің Киевтегі президенттік сайлау кезінде Украинада болуы Қазақстан ресми басшылығын, әрине, ренжіткен.

- Себебі, Украинадағы ол сайлауда оппозиция жеңіске жетіп отыр ғой. "Қазақстанның демократиялық таңдауы" партиясы және өзге оппозициялық күштерден барғандар, әрине, оппозиция үміткері Виктор Ющенконы қолдады. Бұл, әрине, президент Назарбаев пен оның кеңесшілерін ойландырып тастады, - дейді сарапшы.

Міне енді Қазақстандағы оппозициялық партияларға да жабылу кезегі келіп қалды-ау деп алаңдай бастады деп жазады лондондық сарапшы. Мысалы, "Ақ жол" партиясының тең төрағасы Болат Әбілов те жоғарыдағыдай жолмен біздің партияны да жабатын болар деген күдігін айтқан. 2006 жылдың желтоқсанына дейін президенттік сайлаудың өтетін күні белгіленген емес. Бірақ талдаушылардың пікірінше, ресми үкімет қайта сайлауға дейін Назарбаевқа ешқандай кедергі болмауын қазірдің өзінде қарастыра бастаған.

Дегенмен Алекс Ватанканың пікірінше, Қазақстан үкіметі Украина мен Грузияда 2003-2004 жылдары болған төңкерістік әрекеттерге үлкен мән бермегендігі абзал. Себебі, Украинаның батысқа жақындаулығы ол сайлау кезінде маңызды рөл ойнаған.

- Украина Еуропа одағы шекарасына барынша жақындай түсті. Көршілес Польша да ол сайлауда, әрине, өз адамының табысты болғанын қалады. Ал Қазақстанда ондай жағдай жоқ. Халықаралық қауымдастық та Қазақстандағы режимге қысым жасауға ынталы емес, - дейді лондондық сарапшы.

"Сондай-ақ, Украина мен Грузиядағыдай саяси төңкерістің Қазақстанда болмайтындығына тағы бір себеп, талдаушылардың пікірінше, мұнайдың арқасында Қазақстанда экономикалық жедел өсу байқалады. Оның үстіне, соңғы кездегі оқиғалардың көрсеткеніндей, Қазақстандағы саяси оппозицияны, оның күшін, беделін Украина мен Грузиядағыдай оппозициялық күштермен салыстыруға келмейді" дейді талдаушы Брюс Панниер.
XS
SM
MD
LG