Accessibility links

Джоржд Буш екінші рет АҚШ президенті лауазымына ресми түрде кіріскелі жатыр


Президент лауазымында отыратын екінші мерзімінде Дж.Буштың ұстанатын сыртқы саясатында Ирақ, Иран және бүкіл әлемдегі демократияны ілгері дамыту – бірінші кезектегі міндеттері болмақшы.

Президенттің ұлттық қауіпсіздік мәселесі жөніндегі кеңесшісі әрі осы күні мемлекеттік хатшы лауазымына үміткер ретінде ұсынылған Кондолиза Райс ханым сейсенбі күні Сенат комиссиясы алдында жаңа президент әкімшілігінің жоба-жоспарымен таныстырып шықты.

“Америка мен азат әлем әлі де болса зұлымдық идеологиясы мен қанішер режимдерге, терроризм мен жоқшылыққа қарсы ұзаққа созылатын күресімен айналысып жатыр. Демек ІІ-дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңде пайда болған бұл келеңсіз құбылыстармен біз бұрынғы қарқынмен, бұрынғыдай жігермен және бұрынғыдай қайсарлықпен күресе беруіміз керек”, – деді Кондолиза Райс.

Ройол Герехт – АҚШ-тың Орталық барлау басқармасындағы Таяу шығыс мәселелері бойынша бұрынғы маманы. Вашингтонда орналасқан зерттеу орталығының “Америка жаңа ғасырда” жобасының директоры ретінде ол Ираққа қарсы соғыс ашу қажеттігін негіздеп беруге атсалысты.

Енді Американың іскерлік институтымен бірге Герехт АҚШ-тың сыртқы саясатындағы Дж.Буштың жаңа әкімшілігі жеделдете түсетін өзгерістері туралы Райс ханымның айтқан уәждерімен келіседі. Оның айтуынша, ол өзгерістер бүкіл әлемдегі, әсіресе – Таяу шығыстағы демократиялық процестерге жаңа серпін береді.

“Қазіргі әкімшілікті диктатураларға, автократияларға және ислам экстремизміне атүсті қараған алдыңғы әкімшілікпен салыстыратын болсаңыз, онда жауап біреу: меніңше, АҚШ-тың сыртқы саясаты түбегейлі өзгерді және олар, яғни Дж.Буштың әкімшілігі, осы өзгерістерді жүзеге асыруын жалғастырады”, – дейді Ройол Герехт.

Бірақ, қалай жүзеге асырады? Таяу шығыстағы ғана емес, бұрынғы Совет одағы кеңістігіндегі авторитарлық режимдердің бетін демократияға бұру үшін Вашингтон дипломатия мен долларын қолдана бере ме? Әлде тағы күш қолдануды жөн көре ме? Мысалы, Ирандағыдай ахуал ешқайда жоқ.

Герехтің айтуынша, АҚШ әкімшілігі Иранмен не істеу керектігін әлі шешкен жоқ. Бірақ ол елде демократиялық өзгерістерді көргісі келеді. Ал одан да бұрын, деп атап көрсетті Ройол Герехт, Теһранның қолына ядролық қаруды тигізбеуді Вашингтон бірінші кезектегі міндет деп алары хақ.

Иранды ядролық бағдарламасынан бас тартуға өзара сауда қатынасын жолға қою арқылы көндіруге тырысқан Еуропа одағына қарағанда, деп санайды Герехт, АҚШ Иранды күштеп көндіруге дейін баратын сияқты.

“Сіз президент әкімшілігіндегі көпшіліктің соққы беру керек деген ойға келе бастағанын көресіз деп айтқым келеді. Өйткені, әсіресе Еуропа одағы қолданған дипломатиялық жолдар әзірше онша көп нәтиже бермей отыр”, – дейді Ройол Герехт.

Бірақ барлығы да мұндай көзқараста емес. Мысалы, бұрынғы президент Рональд Рейганның тұсында ұлттық қауіпсіздік кеңесінде қызмет атқарған Иран бойынша сарапшы Рэймонд Тентердің пікірінше, президент әкімшілігіндегі кейбіреулер Ирандағы режимді ешбір соғыс қимылының ықпалынсыз, елдегі саяси оппозицияны қолдау арқылы өзгерту керек деген уәж айтады.

“Олар алдымен Ирақта шоғырланған Иран оппозициясының ең басты “Муджжахиддин-и-Халқ” тобы арқылы Теһрандағы режимге қысым жасап, оны ядролық бағдарламасынан ғана емес, халықаралық терроризмді мемлекет тарапынан қаржылай қолдауынан да бас тартқызуға болады”, – дейді Рэймонд Тентер.

Алайда өзгелер Вашингтонның Ирақта демократия мен адам құқықтарын орнатпақ болған әрекетінің нәтиже бермей тұрғанын көріп отыр. Оған қоса, терроризмге шатысы бар тұтқындарды түрмелерде қорлап-зорлағаны тағы бар.

Вашингтонда орналасқан адам құқықтарын қорғайтын «Хьюман Райтс уотч» халықаралық ұйымының өкілі Том Малиновский ол жайында былай дейді: “АҚШ-тың қазіргі әкімшілігі Женева конвенциясын және өзге де маңызды халықаралық келісімдерді аяққа таптап, қорлық-зорлықтарды қолдануға жол берді деген жанжал – Вашингтонның өзге елдерді адам құқықтарына қатысты әлгіндей халықаралық стандарттарды құрметтеуге көндіруін қиынға соқтырды”.

Иранға қатысты не істеу керектігі жайында Вашингтон қандай шешімге келмесін, ол Еуропа одағымен арадағы қарым-қатынасына әсер етпей қоймайды. Израиль мен Палестина арасындағы жанжал тағы бар.

Джордж Буш президент болып екінші мерзіміне кірісуінен кейін іле-шала өзінің бірінші шетелдік сапарын Еуропадан бастамақшы. Дж.Буштың өзі мен басқа да әкімшілік өкілдері Еуропа одағымен арадағы қатынасты жақсарту шараларын қарастырмақшы. Алайда, Еуропа одағының пікірінше, ол үшін Вашингтон Палестина-Израиль жанжалын өзінің бірінші кезектегі саясаты етіп алуы керек.

Ройол Герехтің пайымдауынша, Дж.Буш, бәлкім, егер де Палестинаның жаңа басшылығы Израильге қарсы террористік шабуылдарды ауыздықтай алмаған жағдайда да болмаса, екі араға араласпау саясатын жалғастыруы мүмкін. Президент әкімшілігіне жақын байланыстары бар Реймонд Тентел ондай пікірмен келіседі.

“АҚШ пен Франция президенттері бас қосып, өзара талдасып, бәрі тамаша дейтіндей болса, ол өте маңызды. Бірақ “жақсылықпен аяқталғанның барлығы жақсы” деп Шекспир айтпақшы, жоғарғы деңгейдегі кездесулердің нәтижесінде көзқарастардың алшақтығы жойылғанын мен көрмей отырмын. Одақтастардың өзара ортақ тіл табуға күш салып жатқанын көрсету үшін де жоғарғы дәрежедегі мұндай кездесулер қажет-ақ”.

Бірақ, қанша дегенмен де, жаңа жылда Ирақтағы соғыс Вашингтонның ең үлкен “бас ауруы” болып қала бермек. Ирақтағы осы айда өтетін сайлау елдегі шийт мұсылмандарын билікке алып келіп және тіресіп тұрған сүннилерді де қоса алып, елдегі процестерді жеделдетуі мүмкін еді.

Алайда, деп ескертеді Ройол Герехт, АҚШ Ирақтағы соғыста жеңіліс табуы да мүмкін. Ондай жағдайда АҚШ-тың сыртқы саясатының барлық мақсат-мүддесі аяқасты болады.
XS
SM
MD
LG