Accessibility links

Қазақстанның мұнай өндірісі мен тасымалдау проблемасы


Жыл сайын 150 миллион тонна мұнайды әлемдік базарға шығаруға мүдделі Қазақстан үшін мұнай тасымалдау өзекті проблема. Қазақстанның мұнай өндірісі көлемін ұлғайту мәселесі оны тасымалдау проблемасына тіреледі.

Қазақстанның энергетика және минералды ресурстар министрлігінің мәліметінше, Қазақстан жыл сайын 150 миллион тонна мұнайды әлемдік базарға шығаруға мүдделі. Оның үштен екі бөлігін қазіргі мұнай құбырларымен тасымалдауға болады. Бірақ, тағы 45 миллион тонна мұнайды сыртқа шығару мәселесі туындап отыр.

Қазақстан парламентінің депутаты Уәлихан Қайсаровтың айтуынша, Қазақстанның мұнай өндірісін ұлғайта алмай отырғандығының себебі де оны тасымалдауға келіп тіреледі.

- Ресейдің саясаты Қазақстанның мұнайы мен газын өткізу үшін, ақшасын тек қана өзіне алу. Қазір, мысалы, Ресей біздің тек 20 миллион тонна мұнайымызды өткіземіз деп отыр. Ал, біз транзиттің кесірінен мұнай өндіруді көбейте алмай отырмыз, - дейді депутат Уәлихан Қайсаров.

Каспий мұнайын өткізу мүмкіншілігі ең жоғары құбыр Ресейдің меншігі болғандықтан, Ресей жағы мұнайдың едәуір көлемін өз территориясы арқылы өткізіп, транзиттен түсетін табысын ұлғайта беруге мүдделі екенін жасырмайтындығын айтады саясаттанушы Берік Әбдіғалиев.

- Мысалы, «Баку-Жейхан» құбыры жоқ болса да, Ресей өз наразылығын білдіріп отыр. Мысалы, Иранмен бізде әлі келісіміміз жоқ, бірақ, біз келісімімізді беретін болсақ деп, АҚШ қазірдің өзінде қарсылығын білдіріп жатыр, - дейді саясаттанушы.

Парламент депутаты Уәлихан Қайсаров та бұл пікірге қосылады:

- Негізі, мына Украина мұнай құбыры арқылы Қазақстанға 44 миллион тонна өткізуге болады. Ал, қазір біз Новороссийск порты арқылы өткізіп жатырмыз.

"Қазмұнайгаз" сауда үйінің ауызша берген мәліметіне сүйенсек, Қазақстан үкіметі транзиттік төлемдері ең арзан бағыттарды іздейді. Мәселен, қазір республика үкіметі Қазақстанның Ақтау портынан Иранның Мера қаласына апаратын бағытты таңдап отыр. Қазақстандағы ғылыми-инженерлік «Мұнай» орталығының бас директоры Надир Надиров бұны тасымалдаудың ең арзан жолы деп отыр.

- Танкер - мұнай тасымалдаудың ең арзаны, ал екінші орында - құбыр. Ең қымбаты - темір жол, - дейді Надир Надиров.

Әзірге, Каспий мұнайының едәуір бөлігі Теңіз-Новороссийск бағытындағы құбырлармен тасымалданып жүр. 1992 жылы Ресей, Қазақстан және Оман сұлтандығының күшімен салынған бұл құбыр қазір Қазақстан мен Орта Азия мемлекеттерін Ресей транзитіне тәуелді етіп отырғанын айтады сарапшылар.

Саясаттанушы Берік Әбдіғалиевтің пайымдауынша, орасан қаражат беретін саланы Ресейдің оңайшылықпен біреуге бере салуы екіталай:

- Мұнай тасымалдау өте үлкен қаражат әкеледі. Егер біз басқа жол іздесек Ресей бізге саяси, экономикалық талаптарын күшейтеді.

Ресейліктерге бәсекелес болғалы отырған украин құбыры Қазақстан үшін тиімді. Украинанның Қазақстандағы елшісі бұған дейін “Одесса-Броды” мұнай құбыры Қазақстаннан 9 миллион тонна мұнайын қабылдауға дайын деп мәлімдеген болатын. Кейіннен Каспий мұнайының көлемі ұлғайған соң, құбыр арқылы тасымалданатын Қазақстан мұнайының үлесін 40 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған.

Қазақстандағы ғылыми-инженерлік «Мұнай» орталығының бас директоры Надир Надировтың айтуынша, мұнай саласында саясат көп болатыны орынды, бірақ, Қазақстан - экономикалық тұрғыдан тиімді бағытты таңдағаны жөн болмақ.

- «Одесса-Броды» құбыры қысқа жол, экономика жағынан тиімді. Егер, мұнайымыз артылып жатса, Еуропада бағасы жоғары болса, ол құбырмен неге жібермейміз?

Әзірге Қазақстан мұнайы Ресей құбырлары арқылы танкерлермен және темір жол көлігімен тасымалданып жатыр. Бірақ, Түркияның Босфор бұғазында танкерлер, теңіз дауылдарының кесірінен, бірнеше күн тоқтап тұратын кездері болады. Түркия басшылығы бұл орайда, экологияға қатысты талаптарын күшейткен деп хабарлайды Украинаның ресми өкілдері.

Болашақта, сұраныс болған жағдайда, ұзындығы 700 шақырымдық “Одесса-Броды” мұнай құбырына қосымша 300 шақырымдай құбыр салынып, Ресейдің Новороссийск бағытына қосылуы мүмкін деп хабарланып отыр.
XS
SM
MD
LG