Accessibility links

Қазақстан мен Қытай «Қорғас» шекаралық орталығын құрмақшы


Бейжіңде Қазақстан мен Қытай өкілдері екі ел шекарасында «Қорғас» қарым-қатынас орталығын ұйымдастыру мәселесі жөнінде келіссөздер өткізуге келісті.

Қазақстан мен Қытай шекарасындағы «Қорғас» қарым-қатынас орталығын ұйымдастыру ұсынысы былтыр Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға барған сапарында жасалған болатын. Шыңжан ұйғыр автономиялы ауданы мен Алматы облысының шекарасында орналасатын бұл орталық арқылы Қазақстан Қытайдың теңізге жақын экономикалық тұрғыдан дамыған аудандарына шығуға мүмкіндікке ие болмақ.

Сенат депутаты Уәлихан Қайсаров Қазақстан осы жоба арқылы өз мүдделерін ойластырып алғаны жөн, ал Қытайдың ірі кәсіпорындары өз өнімін Қазақстанда өткізге тегіннен мүдделі деген пікір білдіреді:

- Бұрын Бейжің, Шанхайдан алсақ, енді Шыңжаңнан аламыз. Ол жақын, тиімді. Сосын онда қазақ тілінде сөйлейтіндер көп, ал Бейжіңде қазақ тілі түгілі орыс тілін ешкім білмейді. Бұл да тиімді.

Алматы облыстық әкімшілігі өкілдерінің пікірінше, жобаны жүзеге асыру Қазақстанның шекара бойындағы аумақтарының экономикасын нығайтуға, жергілікті тұрғындардың жағдайын жақсартуға және шекара бойындағы сауда көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Саясаттанушы Әзімбай Ғалидің ойынша, Қазақстан үшін Қытайдың тауарлары мен қаржысының республикада шоғырлануы тиімді болмақ.

- Бұрын тек қана Жаркент, Алматы, Талдықорған көтерілсе, енді Қорғастың көтерілгенінен кейін, көтерме саудагерлер сол жерден де сауда жасайды. Жалпы, Алматы бұл жағдайда өнімдерді мейлінше өндіретін болады, - дейді саясаттанушы.

Қазақстаннан Қытайға негізінен шикізат тасымалданады. Олар негізінен қара және түсті металдар, тыңайтқыштар, мақта, былғары мен жүн сияқты тауарлар. Ал, Қытайдан Қазақстанға азық-түлік, химия өндірісінің өнімдері, пластик, электротехника мен дәрі-дәрмек әкелінеді. Саясаткер Әміржан Қосановтың айтуынша, Қытай экспансиясы дамып келе жатқан Қазақстан түгіл, Еуропаның жоғары дамыған мемлекеттерінде байқалады. Сондықтан, бұл елмен сауда қатынастарын орнатқанда арзан өнімге емес, жоғары технологияларға көп көңіл бөлу керектігін ескертеді Әміржан Қосанов:

- Бизнесімізді алға дамытатын технология болса, жақсы. Қазір Қытай жақсы технология жасап жатыр.

Соңғы 20 жыл ішінде Қытай ішкі жалпы өнімін 6 есеге өсіріп алған. Қытайда туып өскен оралмандардың бірі, Еуразия университетінің қызметкері Бекқожа Жылқыбекұлының пікірінше, Қытаймен экономикалық қарым-қатынасты дамытпас бұрын, мемлекеттің қауіпсіздігін алдын-ала ойластырып отыру керек. Онсыз да адам саны жағынан жердегі ең үлкен мемлекет тұрғындарының өсуіне байланысты, Қазақстанға демографиялық қауіп төнеді деп санайды ол.

- Тек қана экономикамен байланыстырып отырмыз. Бұл бір жақтылық. Егемендігімізді ойламасақ, ертең бізге қауіп келеді. Әлі күнге дейін қытайтану орталығы құрылмаған. Жинақтап келгенде, бұл біздің шенеуніктердің бармақ басты көз қыстылықпен Қытаймен қарым-қатынас жасау деп есептеуге болады, - дейді Бекқожа Жылқыбекұлы.

Қазақстан мен Қытайдың ортақ шекарасының ұзындығы 1700 шақырымнан асады. Ал, Қытайдың Қазақстан территориясының белгілі бір бөліктерінен мүдделі екендігі белгілі дейді шығыстанушы Бекқожа Жылқыбекұлы. Қазақстандық саясаткерлердің қайсібірі шығыстағы үлкен көршімен ынтымақтастықты абайлап дамытуды ұсынып отыр. Олар Қытайдың Қазақстан территориясына қауіп төндіруі мүмкін десе, келесі біреулері бұл тек сөз жүзінде көтерілген мәселе, өйткені, дәл қазір Қытай Қазақстанның территориясына ешбір талап қойып отырған жоқ деген уәж айтады.

Саясаткер Жұмабай Доспановтың пікірінше, Қытайдың үстемдік саясаты өзгерген емес.

- Мектептегі оқушыларына әлі күнге дейін Қазақстанды Қытайдың бұрынғы жері деп үйретіп жатқан Қытаймен қарым-қатынас өте сақ күйде болу керек, өйткені, олардың Қазақстанға үстемдік көрсету саясаты еш өзгерген жоқ, - дейді ол.

Әзірге Қазақстан мен Қытай шекарасындағы «Қорғас» қарым-қатынас орталығын ұйымдастыру ұсынысы талқылану үстінде. Қазір Қытай инвестиция тарту көрсеткіштері бойынша әлемде екінші орында тұр. Бұл елдің валюталық резерві 140 миллиард доллардан асқан.
XS
SM
MD
LG