Accessibility links

Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық экономикада монополиялық жағдай орнағанын сынады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдегі холдингтердің салалық емес активтерін шағын және орта бизнес кәсіпорындарына беру қажеттігін айтып, ұлттық экономикада монополиялық жағдай орнағанын сынға алды.

Ұлттық компаниялар мен мегахолдингтердің экономиканы монополизациялап алғанын сынға алған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық компаниялардың өздеріне тиесілі негізгі қызметтерге қоса басқа салаға жататын қызмет түрлерімен де айналысатынын сынға алды.

- Әңгіме бөлшектеп тартып алу төңірегінде емес, олар салалық емес активтерден нарық жолымен құтылып, оларды сатуы қажет, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов Қазақстан үкіметі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ірі отандық холдингтердің салалық емес активтерін шағын және орта бизнес кәсіпорындарына беру бағдарламасын жүзеге асыруы мүмкін деп санайды. Әйткенмен, оппозиционердің пікірінше, президент Назарбаевтың ірі холдингтердің бәріне тиісуі екіталай.


- Яғни оның өзіне жақын қаржылық топтар енді одан бетер іріленіп кетуі ықтимал. Қазір оппозициялық ұйымдарға көмек көрсетіп жатқан олигархтардың быт-шытын шығарып, қолдан банкрот жасап, Назарбаевқа жақын қаржылық топтарға бере салуы мүмкін, - дейді Әміржан Қосанов.

Қазақстан президентінің сөзіне қарағанда, "бірқатар ұлттық компаниялар консалтингтік, сақтандыру, қаржы құрылымдарына ие", ал көпшілігінің баспасөзі, сауда үйі және көңіл көтеретін орындары бар.

- Мысалы, «Қазақстан темір жолының» құрамдас компаниялары көптеген қосымша жұмыстарды атқарады. «Тұран-Әлем Банкі» туристік қызметпен айналысады. Оның күзет агенттіктері, зейнетақы қорлары, тұз және сіріңке шығаратын зауыттары бар. Ал, «Валют-Транзит Банкі» құрылыс фирмалары мен қонақ үйлерге, ойын-сауық кешендеріне иелік етеді», - деді президент Назарбаев.

Президенттің мәліметінше, Қазақстан экономикасында ішкі жалпы өнімнің 80 пайызы ірі холдингтердің қолында шоғырланған.

- Олар негізгі қызметтерімен қатар жанама істерді де жүзеге асырып келеді, соның нәтижесінде бұл бәсекелестікті төмендетіп, салықтан жалтаруға әкеп соғады, - дейді Қазақстан президенті.

Саясаткер Бөріхан Нұрмұхамедовтың пайымдауынша, Қазақстан болашағы үшін, ірі холдингтермен корпорациялардың бөлінбегені тиімд болмақ.

- Қайта ірі холдингтер өте қажет. Оңтүстік Кореяның тарихын алсақ, он ірі компания: «Хюндай», «Самсунг» және т.б. бүкіл экономикасын көтеріп кетті, - дейді Бөріхан Нұрмұхамедов.

Алайда саясаттанушы Берік Әбдіғалиев Оңтүстік Кореядағы холдингтерді Қазақстанмен салыстыруға болмайды деген пікірде.

- Шығыс елдерінде олар бәсекелес болды. Бізде бір саланы монополиялап алса кері әсер етуі мүмкін. Екіншіден, біздің холдингтер шикізат өндірушілер, Кореяда өндірісті дамытқандар - компаниялар, - деген дәлел келтіреді Берік Әбдіғалиев.

Кейбір саясаттанушылар ірі отандық холдингтердің салалық емес активтерін шағын және орта бизнес кәсіпорындарына сату ұсынысын ертеректе шет елдік компанияларға берілген кеніштерді қайтару мақсатында жасалған шара деп есептейді. Президент Назарбаев ірі компаниялардың тізімінің ішінде банктер мен шикізат саласында жұмыс істеп жатқан холдингтер де бар екендігін ескертіп өтті.
XS
SM
MD
LG