Accessibility links

«Бәйтерек» - Қазақстанның алғашқы ұлттық ғарыштық кешені болмақ


Бұл туралы ақпанның 1-і өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан премьер-министр Даниал Ахметов мәлімдеді.

Қазақстан Республикасының экономикалық-әлеуметтік даму қортындылары және басқа да мәселелер талқыланған үкімет отырысында елдің премьер-министрі Даниал Ахметов ең басты бағыт - аэроғарыштық саланы дамыту болатынын атап айтты. Үкімет жетекшісі өз сөзінде былтыр 23 желтоқсанда «Бәйтерек» аэроғарыш кешенін құру туралы келісімге қол қойылғанын еске салды.

- Біз қазір бұл бағытта жұмыс жасаудамыз. Биылғы жылдың бюджетінде тиісінше қаржы қаралған. Үстіміздегі жылы кешен жобасының техникалық экономикалық негіздеме сараптамасын аяқтауымыз керек және техникалық жұмыс жобасына кірісуіміз қажет, - деді премьер-министр Даниал Ахметов.

Үкімет басшысының айтуына қарағанда, осы жобамен Қазақстан бірінші рет ғарыштық кешеннің иесіне айналады.

- Енді үш жылдан кейін жеңіл және ауыр санаттағы зымырандар ұшырылатын болады және Қазақстан сөзсіз ғарыштық алып ретінде бірінші рет әлемнің барлық жоғары дамыған елдерімен бәсекелестік жасайды, - деді Даниал Ахметов.

Сондай-ақ үкімет басшысы алдағы жылдың желтоқсан айында Қазақстанның тұңғыш отандық байланыс жер серігі - «КаzSat» спутнигін ұшыру жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Премьер-министрдің айтуынша, бұл жоба ақпараттық қауіпсіздік саласындағы технологиялық дамуларға ықпал етіп, сонымен қатар елдің валюталық қорын үнемдеуге және байланыс қызметін кеңейтуге әсер етпек.

Үкімет басшысы Қазақстан республикасының әлеуметтік-экономикалық даму қортындыларына да тоқталды. Даниал Ахметовтың айтуынша, өткен жыл ел үшін жемісті болған. Ішкі жалпы өнімнің жыл бойғы нақты өсімі 9,3 пайызды құраған. Даниал Ахметов 2005 жылы ішкі жалпы өнім 7,9 пайыздан кем болмауы, ал орташа жылдық инфляция 7 пайыздан аспауы тиіс деді.

Қаржы министрі Арман Дунаевтың айтуынша, өткен жылдың мемлекеттік бюджетінің игерілмеуі 2003 жылмен салыстырғанда 12 миллиард теңгеден аса қаржыға өсіп, 40 миллиард теңгеден артық ақшаны құраған. Республикалық бюджетте 31 миллиард 300 миллион теңге, ал, жергілікті бюджетте 16 миллиард теңгеден аса қаржы игерілмеген. Дунаевтың айтуынша, бағдарламалардың көпшілгі белгілі негізі бар жайттар бойынша орындалмаған. Алайда, шаруашылық субьектілердің шұғыл қимылдамау әрекеттері салдарынан болатыны да анықталуда дейді қаржы министрі.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев себепсіз қаржының игерілмеуін бағдарламаларға әкімшілік ететін тиісті министрліктердің сылбыр жұмысы және әкімдер жұмысының нашарлығы деді. Сондай-ақ мемлекет басшысы үкіметтің қаржыны игермеген министрліктерді жеке қарауын және келесі бюджетті жасағанда тиісті санкия қолдануын тапсырды. Қанша қаржы игермесе сонша ақшадан айыруды жүктеді.
XS
SM
MD
LG