Accessibility links

Қазақстан Ресеймен бірлескен екі ғарыш жобасына қатысып отыр


Сейсенбі күні үкімет отырысында бас министр Даниял Ахметов Қазақстан көп кешікпей ғарыш державасына айналады деген мәлімдемені жасап жіберді. Бұның сыр қырын білу мақсатында қазақстандық ғарыш саласының мамандарын сөзге тартқан едік.

Қазақстанның ұлттық аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Асқар Әбдіжаппаров Қазақстанның бүгінгі күні Ресеймен бірлескен екі түрлі ғарыштық жобаны іске асыруды бастағанын айтады. Бірінші жоба – Байқоңырда Ресейдің соңғы үлгідегі экологиялық тұрғыдан таза отынды пайдаланатын «Ангара» ғарыш зымыранын ұшыруға арналған «Бәйтерек» ғарыштық-зымыран кешенін салу жобасы болмақ. Бұл мақсатқа арнап Қазақстан үкіметі 200 миллион доллар қаржы бөліп отыр. Ал екінші жоба – қазақстандық тұңғыш байланыс жер серігі «ҚазСат»-ты құрастырып жасау және ұшыру жобасы болмақ. Бұл мақсатқа арнап Қазақстан үкіметі 75 миллион доллар қаржы бөлген. "ҚазСат" биылғы жылдың желтоқсан айында дайын болып, ғарышқа ұшырылады деп жоспарланған.

– "ҚазСат" спутнигі телесигналдарды тарату, спутниктік байланыс және жерді ғарыштан бақылау жұмыстарын атқаратын болады. Оның көмегімен жерасты қазба байлықтары туралы мәліметтер алуға болады және табиғат өзгерістерін қадағалауға мүмкіндік туады. Бұған дейін Қазақстан өзге елдердің жер серіктерін жалға алғаны үшін жылына 40 миллион доллар төлеп келіпті. Енді міне өзінің жер серігі ұшырылса онда қыруар қаржы үнемделеді, – дейді Асқар Әбдіжаппаров.

«Бәйтерек» жобасын Қазақстан жалғыз бір өзі орындай алмайды өйткені Қазақстанды ғарыш саласының құралдарын жасайтын өндірістер жоқ, сондықтан да бұл Ресеймен бірлескен жоба болмақшы.

– Ресейде керек материалдарды тапсырыспен жасатып оны Байқоңырда құрастырып, кешенді тұрғызамыз. Шамасы 3 жылдай уақыт кететін шығар бұған, – дейді Қазақстан аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары, Байқоңыр ғарыш айлағының бастығы Мейірбек Молдабеков.

Оның айтуынша, осы екі түрлі жоба іске асатын болса Қазақстан ғарышты бағындырған елдер қатарына қосылмақшы.
XS
SM
MD
LG