Accessibility links

Баспасөзге шолу. 5 ақпан 2005 жыл.


Тәуелсіз басылымдарда Қазақстан оппозициясы ұсынған жаңа конституция жобасы талқыланыпты. Орыс ұлтшылы Владимир Жириновскийдің “Қазақстан деген мемлекет болған емес” деп мәлімдегеніне біраз уақыт өтсе де осы мәселе қазақ баспасөзінде әлі сөз болып жатыр.

“Жас алаш” басылымының бірінші бетінде жарық көрген Мақсат Қоқашев, Еділ Оспан, Әсет Тұрдығылова сынды газет оқырмандарының хаттарында Қазақстан демократиялық күштері үйлестіру кеңесі ұсынып отырған конституция жобасының уақыт талабынан туындаған қағидаларға көбірек негізделгендігі айтылыпты.

Газет оқырмандарының айтуынша, бұл жобада жеке дара билікті шектеуден бастап, қазба байлыққа халықты ортақтастыру, көптеген әлеуметтік көмектер беру, адам құқықтарын кеңінен қорғауға дейінгі маңызды зор мәселелер қамтылған. Алайда олар жаңа конституция жобасында көрсетілген осы жетістіктерді айта келіп, оның кемшін тұстарының бар екендігіне де тоқталыпты.

Атап айтқанда, газет оқырмандарын осы құжат жобасындағы қазақ тілінің жағдайы қанағаттандырмапты. Олардың айтуынша, жобада тілдік қатынастарды реттейтін нормалар елеусіз ғана өзгеріске ұшыраған. Қолданыстағы конституцияда “орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады” деп көрсетілсе, жобада “орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен қатар қолданылады” деп жазылған. Осыған орай газет оқырмандары құжат жобасының құнын арттыра түсетін жайт ретінде тілдік қатынастарды айта келіп, "қазақ тілінің айқын ерекше орнын конституцияда белгілемейінше оның хағдайының оңалмайтындығын" ескертіпті.

“Ақ жол Қазақстан” басылымында жарық көрген талдау мақалада оппозиция ұсынып отырған конституцияның жаңа жобасында билікті жаулап алу және асыра пайдаланудың қылмыс болып есептелетіндігі айтылыпты. Сондай-ақ жаңа конституцияның жобасы бойынша бүкіл халықтың атынан сөйлеу құқығы парламентке берілген. Бұл орайдағы президенттің мүмкіндігі понституциялық өкілеттілікпен шектеледі.

Оппозиция парламент мәжілісіндегі депутаттар санын 150-ке дейін арттыруды, олардың жартысын партиялық тізім бойынша, қалған жартысын бір мандатты округтерден сайлауды ұсынып отыр. Мақала авторының айтуынша, жаңа жобада президенттік билікке қатысты ұстанымдар да көрсетілген. Президент ел конституциясын бұзған немесе қылмыс жасаған жағдайда парламент Жоғарғы сотқа оны қызметтен аластау туралы ұсыныс жасай алады.

“Эпоха” басылымына берген сұхбатында Қазақстандағы демократиялық күштерді үйлестіру кеңесінің төрағасы Жармахан Тұяқбай "конституцияға түбегейлі өзгеріс енгізгенде ғана бүгінгі қалыптасқан ахуалды жақсартуға болатындығын" тілге тиек етіпті. Оның айтуынша, "Қазақстанда барлық биліктің бір адамның қолына шоғырлануы барлық мемлекеттік жүйенің коррупцияға белшесінен батуына әкеліп соқтырған". Алайда Жармахан Тұяқбай газет тілшісіне берген сұхбатында "Қазақстандағы жоғарғы биліктің бұл конституцияның ешқашан да қабылдануына жол бергізбейтіндігін" де айтып өтіпті.

“Ресей либералды-демократиялық партиясының” басшысы Владимир Жириновскийдің “Эхо Москвы” радиосына сұхбат беріп, “Қазақстан деген мемлекет болған емес” деп мәлімдегеніне біраз уақыт өтсе де осы мәселені талқылау жарық көріп жатқан мерзімді басылымдардың негізгі тақырыптарының біріне айналды.

“Қазақ әдебиеті” газетінде жарық көрген мақаласында журналист Қуанбек Боқаев Жириновскийдің “Эхо Москвы” радиосына берген сұхбатын басқан “Республика” басылымын сынға алыпты. Қуанбек Боқаевтың пікірінше, "оппозицияда жүрген қазақтардың өзі Жириновский секілді Қазақстанда орыс тілінің дәуренінің барынша жүруін жақтап келе жатыр". Осы сөздеріне дәлел ретінде мақала авторы Қазақстандағы саяси партия белсенділерінің парламент қазақ тілінде сөйлеуі тиіс жөніндегі ұсынысқа үнсіз қалғандығын мысалға келтіріп, оны “жириновскийшілдіктің” көрінісі деп бағалапты.

“Ана тілі” апталығы да бұл тақырыпқа айрықша назар аударыпты. Аталмыш басылымда жарық көрген Мырзан Кенжебайдың мақаласында "Жириновскийдің осылай сөйлеуіне қазақтардың өздерінің кінәлі" екендігін тілге тиек етіпті. Мақала авторының айтуынша, "ұлтты кемсітетін сөздерді қазақтар бұрын-соңды да талай естіген". Осыған орай мақала авторы "Владимир Жириновскийдің үндеуіне қарсылық білдірмеген сыртқы істер министрлігі де, парламент де оларды үнсіз қолдап отыр" деген пікір айтыпты.

Ресей саясаткері Владимир Жириновскийдің “Эхо Москвы” радиосына берген сұхбатын басқан “Сөз” басылымында да осыған байланысты Мағжан Иссаның мақаласы жарық көріпті. Мағжан Исса өз мақаласында "Жириновскийді қазақ халқы мен ұлтының намысын таптағаны үшін жауапқа тартып, халықаралық сотқа беруді" ұсыныпты.
XS
SM
MD
LG