Accessibility links

Қырғызстанның шетелдегі елшіліктерінде сайлау учаскесі болмайды


Қырғызстанның шетелдегі азаматтары парламент сайлауына дауыс беруге бұрынғыдай қатыса алмайтын болды. Шетелдегі қырыз елшіліктер мен дипломатиялық өкілдіктерден сайлау учаскесі ашылмайтын болды. Қырғыз парламенті осындай шешім қабылдады.

Қырғыз республикасы парламентінің шет мемлекеттерде жүрген ел азаматтарын парламент сайлауына қатыстырмау туралы шешіміне Астанадағы қырғызстандықтардың көзқарасы әрқилы.

Ресми емес деректерге қарағанда, Қазақстанның өзінде күнкөріс қамымен қазіргі кезде шамамен 100 мыңдай қырғыз азаматы жүр. Қырғызстан елшілігі берген ақпарға қарғанда, олар түгілі дипломаттардың да дауыс беруге қақылары жоқ.

Қырғыз заң шығарушылары осылай деп шешті. Осылайша енді Қазақстанда тұратын немесе уақытша сапармен жүрген Қырғызстан азаматтары өз еліндегі парламенттік сайлауға қатыса алмайтын болып отыр. Қазақстандағы Қырғыз республикасы елшілігінің 1-ші хатшысы Алмасбек Ешенәлиев шет елдердегі елшіліктерде сайлау учаскелері мүлдем болмайтынын растады.

Оның айтуынша, 2005 жылғы қаңтардың 18-інен бастап шетелдік дипломатиялық өкілдіктерде құрылған сайлау учаскелерінде сайлаушылар санының белгіленген межеден 15 пайызға дейін ауытқуы байқалған. Соған байланысты Қырғыз республикасының Жогорку кенеші сайлау туралы кодекстің 21-бабының 7-ші тармағының бұзылуына сәйкес шет елдердегі өкілдіктерде сайлау учаскелерін болдырмау жөнінде шешім қабылдаған.

Қазақстанның тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің президенті Дос Көшімнің айтуынша, бұл шешім Қырғызстанның сыртта жүрген көптеген азаматтарын конституциялық таңдау құқығынан айырады.

Қырғыз республикасының Жогорку кенешінің сөз болып отырған шешіміне сәйкес, шет елде жүрген қырғызстандықтар өз елдеріне барып дауыс беруіне болады. Астанадағы «Әсем» базарында сауда жасап тұрған қырғыз азаматтары дауыс беру үшін өз елдеріне барып-қайту оңайға түспейтінін айтады. Мысалы, Раймжан Сақов Астанада уақытша тіркеліп сауда жасап жүргендігін, ал енді сайлауға дауыс беру үшін Бішкекке барып қайтуға мүмкіншілігі жоқ екендігін айтады.

- Тіркелген жерім - Ош қаласы, оған әйелім екеуміз барып келуімізге отыз мың теңге қажет. Осындағы елшілікте сайлау учаскесі ашылса дауыс берер едім, - дейді Алмас есімді қырғыз азаматы.

Астана базарында ұсақ-түйек зат сатып тұрған Шынар және Күләй есімді қыздар өз дауыстарының "ешнәрсені де шешпейтіндігін" айтады. Бішкек тумасы Абдул Исақов тіпті екі ел арасында қыруар қаржы шығарып дауыс берген күннің өзінде "сол еңбекті сайланған депутаттың ақтайтындығына сенім жоқ" дейді.

Қазақстанның тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің президенті Дос Көшім өркениетті елдерде алыс сапарда жүрген, су асты кемелерінде қызмет ететін мамандық иелеріне, алдын-ала дауыс беруге де мүмкіндік жасалатындығын айтады.

Сонымен Астанадағы сауда жасап тұрған қырғыз азаматтарының айтуынша, мұнда кемінде 5-6 мың қырғызстандық саудада жүр. Олар елшілікте сайлау учаскесі ашылса, соған барып дауыс беруге ынталы екендіктерін, ал, тұрғылықты жері бойынша дауыс беруге барып келуге қаржы көп кететіндігін ескеріп, сайлауға қатыспайтындықтарын айтып отыр.

Қазақстандағы Қырғыз республикасы елшілігінің 1-ші хатшысы Алмасбек Шүкірбеков елшілік қызметкерлерінің Бішкекке барып дауыс беретіндігін хабарлады.
XS
SM
MD
LG